12.07.2024, 12:31
Оқылды: 369

Әсел Сұлтанғалиева: «Кәсіпкер ретінде қалыптасу жолымда мемлекеттен көп қолдау-көмек көрдім»

«Еңбек етсең емерсің, ерінбесең жеңерсің» деген халық даналығы текке айтылмаған. Қандай да істің қиюын тауып, кәсібін өрлетіп жүргендер аз емес қоғамда. Бірақ шаруасын дөңгелетіп, қорықпай алға ұмтылып, кәсіпкерлігін кеңейту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әлдеқандай кедергіге тап болса, қолын бір сілтеп, басқа салаға кетіп қалатындар да кездеседі. Соған қарағанда кәсіпкерлікпен айналысу үшін де қажырлы еңбек, төзім, ізденіс қажеттігі сөзсіз. Сондай еңбекқор кәсіпкерлердің бірі Шыңғырлау ауданында тұрады.

78C2B943-BBF8-47C2-A608-6EBA4DBBA598

«Сұлтанғалиева А.А.» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Әсел Сұлтанғалиева өзінің кәсібін 2013 жылы бастады. Шыңғырлау ауданының орталығынан «Марфуға»  деген тігін цехын ашты.  Осылайша төрт тігіншіні жұмысқа қабылдады. Жеңілдетілген несие көмегімен 3 млн теңгеге жүн түтетін станокты, өз қаражатына тігін машиналары мен жастық тазалайтын қондырғы сатып алып, іске қосты. Көрпе-көпшік, түрлі тұмар  тігіп,  2017 жылы халықаралық «ЭКСПО» және басқа да көрмелерге қатысып, тәжірибе жинақтады. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлік қазанында  қайнады. Кейін азық-түлік дүкені мен мейрамхананы іске қосты. Халыққа сауда және қоғамдық тамақтандыру қызметін көрсетуге кірісті.

– Кәсіпкер ретінде қалыптасу жолымда мемлекеттен көп қолдау-көмек көрдім. Олай болмаса, бүгінгі күнге жетуім екіталай еді. Келісімшарт бойынша еңбек биржасынан қызметкерлерді жұмысқа тарттым. Сонда биржа арқылы тартылған жұмысшылардың жалақысының 50 пайызын  мемлекет өзі өтейді. Әрі мүмкіндігі шектеулі жандарға да арналған жеңілдіктер қарастырылған. Мұның барлығы жаңа кәсіп ашқан кезімде  маған қолдау болды. Мейрамхана етіп ашқан ғимаратымның жертөлесінен тігін цехын аштым. Онда көрпе, құрақ көрпелер, төсек жиынтығын тігеміз. Жастық тазалаймыз. Бастысы, сапаға мән-маңыз береміз, - деп өткен шақты еске алды Әсел.

Әсел жұбайымен бірге ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр. Ұлы Түркияда туризм менеджменті мамандығына, қызы мектепте 9-сыныпта оқуда. «Түрлі көрмеге жиі қатысамын.  Көрмелерге тәжірибе алаңы деп қараймын. Ара-тұра Ресейдегі көрмелерге де тігін өнімдерімді арқаланып барамын.  «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатыстым. Қазіргі кезде үй құстарының мамығынан жастықтар дайындаудамыз. Жамылғы көрпелерді де жасау жоспарымда бар», – деді кейіпкерім.

Бүгінде Әселдің цехында екі тігінші жұмыс істейді. «Бұрынғы төрт тігіншім осында жүріп үйреніп, әрқайсысы өз цехтарын ашты. Жүн түтетін құрылғыны сатып жібердім. Өзі дөңкиген үлкен еді. Әрі жұмысшыларым ылғи қолдарын жарақаттап алатын.  Көрпе жасағанда жүннің орнына мақта пайдаланудамын. Көрпе қаптарын өз дизайныммен әдемілеп жасаймын», – дейді  Әсел  Асқарқызы.

Кәсіпкердің «Әйгерім» атты мейрамханасында үш қызметкер тұрақты жұмыс істеуде.  Онда түрлі мерейтой кештері, жиын-тойлар өтеді. Қажет болған жағдайда қосымша  жұмысшылар  жалдайды.

– «Әйгерім» мейрамханасына қажетті нанды, тәттілерді өзіміз пісіреміз деп шештік.  Өйткені кейде қатып қалған нан, сапасыз тәттілер әкелінетін кездер болады. Өткен жылы мемлекеттің көмегімен және өз қаражатыма 1 млн 300 мың теңгеге нан пісіретін пеш, қамыр илейтін құрылғы сатып алдым. Анар Жұбаниязова есімді ерекше жанды жұмысқа нан пісіруге қабылдадым. Күніне 700 грамдық 25-50 бөлке жоғары сұрыпты нан (сайка) пісірудеміз. Нан 230 теңгеден дүкенде сатылуда. Жақында гамбургер, хот-дог, пицца пісіруді қолға алдық. Өнімдеріміз сұранысқа ие.  Астықты көтерме бағамен алудамыз. Әрине, тұрақтандыру қорынан арзан бағаға алуға болар еді, бірақ онда нанды 90 теңгеден сатуға тура келеді.

Олай істей алмаймыз, өйткені электр қуаты қымбат, - деп түсіндірді мән-жайды Әсел Сұлтанғалиева.

Гүлнәр Шәңгерей

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале