9.09.2025, 18:58
Оқылды: 529

Әсемдікке әр бергендер

9 қыркүйек  – Бүкіләлемдік сұлулық  күні. Бұл  мереке алғаш рет 1995 жылы CIDESCO халықаралық ұйымының бастамасымен енгізілген болатын. Әлемнің көптеген елінде бұл күнге ерекше мән беріледі. Сұлулық салондары мен мамандар шеберлік сабақтарын өткізіп, әртүрлі акциялар ұйымдастырады, ал әлеуметтік желілерде табиғи сұлулықты дәріптейтін  жобалар кең таралады. Біз де осы күнге орай Орал қаласындағы сұлулық салондарында еңбек етіп жүрген мамандармен әңгімелесіп, олардың пікірін тыңдап қайттық.

WhatsApp Image 2025-09-09 at 19.51.56

"Шаш  сәндеу – әрі  өнер, әрі кәсіп"

Гауһар  Ғинаят,  шаш  сәндеу  шебері:

– Мен Казталов ауданы, Кіші Талдықұдық ауылында дүниеге келдім. Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Дегенмен бала күнімнен шаш сәндеуге құмар болдым. Сіңлілерімнің шашын өріп, өз шашымды сан түрлі етіп сәндеуді жақсы көретінмін. Әсіресе, ауылдағы той-томалақта келіндердің немесе ұзатылатын қыздардың шашын жинап беруге жиі шақыратын. Ол кезде еңбегім үшін 50-100 теңге алатынмын. Алғашқы табысым сол болды.

Кейін ұстаздық қызмет еттім, бірақ жүрек қалауым шаш сәндеуге алып келді. Сөйтіп, 2017 жылдан бері осы кәсіппен айналысып келемін. Шаш сәндеу – мен үшін әрі өнер, әрі кәсіп. Бірін-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Әр клиенттің көңілінен шығу үшін сапаға мән беру маңызды. Шаш үлгісі киіммен, макияжбен үйлесуі тиіс. Өзім табиғилыққа жақын, артық көлемсіз үлгілерді жасағанды ұнатамын.

Күнделікті күтімге келсек, шашты дұрыс жуу, жылы ауада кептіру, су шашпен ұйықтамау – қарапайым, бірақ маңызды қағидалар. Шашты күнделікті кемінде екі рет асықпай тарау да оның жылтыр әрі әдемі  болуына  әсер  етеді.

Алдағы уақытта шаш емдеу бағытын да дамытуды жоспарлап отырмын. Бұл – үлкен мақсаттарымның бірі, – дейді кейіпкеріміз.

 

WhatsApp Image 2025-09-09 at 19.53.01

"Табиғи сұлулыққа да күтім қажет"

Айзада Бақытжанова, "Twins" сұлулық салонының визажисі:

– Орал қаласында дүниеге келдім. Әдемілікке бала кезден қызығатынмын. Алғашында ұстаздық жолды таңдап, М. Өтемісов атындағы БҚУ-да білім алып, үш жыл мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Бірақ кейін жүрек қалауыммен макияж өнеріне бет бұрдым. Арнайы курстар оқып, кәсіби  деңгейде  үйрендім.

Визажист болуыма түрткі болған нәрсе – әр әйелдің табиғи сұлулығын айшықтап, ерекшелігін аша білуге деген ынта. Бала кезімде бояумен сурет салуды жақсы көретінмін, қазір әйелдің жүзі – мен үшін ақ парақ, ал макияж – қылқаламым.

Үш жылдан бері осы саладамын. Қалыңдықтың бетін әрлеуде, сән көрсетілімдері мен фотосессияларда қыздарға макияж жасауда тәжірибем бар. Әр жоба – мен үшін жаңа  мектеп.

Макияждағы басты қағидам – үйлесім. "Аз – көп" деген қағиданы ұстанамын. Өйткені артық бояу табиғи сұлулықты көлегейлейді.

Әйелдердің жиі қателесетін тұстары: терісінің түсіне сай емес тональды крем қолдану, қастың пішінін дұрыс келтірмеу, көз бен ерінді бірдей қанық бояумен айқындау. Сондай-ақ күндіз тым қою түстер үйлесімсіз көрінеді.

Өзім макияж жасағанда осы дүниелерге мән  беремін. Ал күнделікті сөмкеде аса көп косметика қажет емес. Ең қажеттілері – гигиеналық ерін далабы, шағын айна, майлы жылтырды басатын майлықтар мен кішкентай парфюм. Осы аз ғана құралдың өзі әйелді  күні бойы жинақы ұстайды.

Табиғи сұлулықты айшықтау үшін ең алдымен күтім маңызды: дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, су ішу, теріні ылғалдандыру. Ал макияжға келсек, жеңіл BB-крем, аздап румяна, тушь пен табиғи реңкті ерін далабы жеткілікті. Себебі шынайы сұлулық – қарапайымдылықта, – деді бет әрлеуші Айзада.

 

WhatsApp Image 2025-09-09 at 19.53.25

"Шынайы  табыс  – сүйікті  істен"

Айкөркем Мұратова, маникюр шебері:

– Теректі ауданына қарасты Жаңа өмір ауылында тудым. Қаламыздағы жоғары аграрлық-техникалық колледжде білім алдым. Маникюрге бала кезден қызықтым. Студент кезімде жазғы жұмыстан тапқан қаражатыммен курсқа жазылып, алғашқы клиентім – жеңгемді қабылдадым. Бұл менің үлкен бастамам болды.

Осы салада жеті жылдан бері еңбек етіп жүрмін, 30-дан астам шәкірт тәрбиеледім. Әрине, алғашқы қадамдар оңай болған жоқ: қателіктер де, қиындықтар да болды. Бірақ ең жақындарымның қолдауы, өзімнің табандылығым мен сүйікті ісіме деген махаббатым алға жетеледі. Декреттік демалыста отырсам да, тұрақты клиенттерім  келеді.

Көпшілік жіберетін қателіктердің бірі – гель-лакты тым ұзақ уақыт бойы шешпей жүру. Бұл – тырнақтың әлсіреуіне, тіпті саңырауқұлақ ауруына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ табиғи тырнаққа тым ұзын жалғау салдыру да қауіпті. Ал ай сайын мастерді ауыстыру тырнақ құрылымын әлсіретеді.

Маникюр шебері үшін ең маңыздысы – құралдардың сапасы мен тазалығы. Барлық құрал міндетті түрде стерилизациядан өтуі тиіс. Бұл  –  ең  алдымен  денсаулық үшін қажет. Меніңше, нағыз шебердің үш қасиеті болуы тиіс: сабырлылық пен табандылық, уақытты қадірлеу  және  тазалық.

Қыздарға айтар кеңесім: бұл істі "ақша табамын" деген оймен емес, жүрек қалауымен бастаңыздар. Өз ісін сүйген адам ғана табысқа жетеді.

WhatsApp Image 2025-09-09 at 19.54.04

Жанерке  Мерекеқызы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале