11.02.2017, 14:23
Оқылды: 27

"Ашық әкімдік" қабылдауына 240 тұрғын келді

Фото  Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында облыс әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Ашық әкімдік» шарасы өтті.

   Облыстық басқармалар мен департамент басшылары, қалалық бөлімдер, құқық қорғау органдары басшылары, жалпы саны 41 мемлекеттік органдар мен 11 коммуналдық мекемелердің мамандары тұрғындардың сауалдарына жауап берді.


   Өткен аптада өзінің тікелей тапсырмасымен бастау алған, бүгін екінші рет жалғасын тапқан «Ашық әкімдік» шарасына өңір басшысы Алтай Көлгінов арнайы қатысып, 17 тұрғынның мұң-мұқтажына құлақ түріп, жеке қабылдады.

- Балам Атырау қаласынан оқу орнын бітіргеніне алты ай болды.  Жұмыс таба алмай жүр. Мамандығы – мұнай бұрғылаушы. Үш жыл бойы ағылшын тілін оқыды. Өзінің мамандығы бойынша компанияларға техник, бұрғылаушы болып жасағысы келеді. КПО б.в-ге, «Жайықмұнай» ЖШС-ына түйіндеме тапсырғанбыз, жауап жоқ, -деді қала тұрғыны Қасым Сақышов.

- Мұнайдың бағасы түскелі жаңа жұмыс орны ашылып жатырған жоқ. Біздің талабымыз бар жұмысшыларды қысқартпау. Бос орындар туралы мекемелермен сөйлесіп көрелік.  Түйіндемесін берсеңіз, жастар практикасы бойынша немесе басқа да жұмыс берушілермен сөйлесерміз,-деді облыс әкімі.

  Қаланың «Ремзавод» шағын ауданы тұрғыны үйлерінің ТҮКШ-те болмағалы он жылдан асқанын, төбеден су ағатынын айта келді. Оған өңір басшысы жыңғыртуға қатысу керектігін, ол жеке үй болғасын бюджеттен қаражат жұмсай алмайтынын жеткізді. «Мұндай мәселемен тұрғынның келгені бізді қуантады» - деді әкім.

  Облыс әкімі мен басқарма басшыларының қабылдауында жалпы саны 240 тұрғын болды. Тұрғындардың сауалының дені - тұрғын үй мен жер мәселесі.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале