Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының фойесінде кезекті «Ашық әкімдік» шарасы өтті. Облыс және қала тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын облыс әкімі Алтай Көлгіновке, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевқа, облыстық департамент, басқарма басшыларына жолдап, сол мезетте жауап алды.
Билік пен бұқара арасында кедергісіз тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Ашық әкімдік» шарасына келушілердің қарасы бұл жолы да әдеттегідей мол болды. Көпшіліктің көкейіндегі түйткілдің дені тұрғын үй кезегі, коммуналдық қызмет сапасын жақсарту, әлеуметтік қолдау, қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты.
Ерік Баданов «Ашық әкімдік» шарасына Бөкей ордасы ауданының Ұялы ауылынан арнайы келген екен. Шағын шаруа қожалығының иесі облыс әкімі Алтай Көлгіновке Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарының шекарасында орналасқан бөгетті тазалап беруге ықпал етуін сұрады.
-Бөгет 1967 жылы салынған, қазір тіпті теп-тегіс болып кетті. Су жинап алу үшін бөгетті тазалап беруін өтініп, былтыр аудан әкіміне бардым, ол Жаңақала ауданының жері деді. Биыл тағы аяқсыз қала деп алаңдап, сіздің қабылдауыңызға келіп отырмын. Су жетпегендіктен былтыр 500 бас қойымды, біраз ірі қарамды саттым. 200-ге тарта мал қалды, қазір судан таршылық көріп отырмын. Екінші мәселем, облыс орталығынан ет сататын орын болса, -дейді шаруа.
Алтай Сейдірұлы бөгет мәселесі бойынша Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарының әкімдеріне тиісті тапсырма беретінін, ал сауда орнына қатысты сәрсенбі күні Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев жеке қабылдайтынын айтты.
Облыс әкімінің қабылдауында болған ҚР Мәдениет саласының үздігі, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұрлыгүл Жұбатова облыс әкіміне өнер шаңырағының 25 жылдығына орай, оған қоса өнер саңлағы Хадиша Бөкееваның аты берілгенін кең көлемде насихаттау мақсатында, Мәскеу, Самара, Македония, Түркия театрларымен арадағы шығармашылық байланысты нығайта түсу үшін халықаралық театрлар фестивалін ұйымдастыру туралы ұсыныс айтты. Алтай Көлгінов ұсынысты қолдайтынын айтып, ақылдасып, кеңесе отырып атқарылатын жауапты іс екендігін жеткізді.
«Ашық әкімдік» шарасына алғаш келушілердің бірі - оралдық Қалес Рахметов. Бірінші топ мүгедегі Қалес Темірұлы Орал қаласының әкіміне тұрғын үй мәселесі бойынша жолықса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарынан екінші және үшінші топтағы мүгедек ұлдарына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлері, шипажайларға жолдама алу, жұмысқа орналасу жайлы нақты кеңестер алды.
Облыс, қала әкімдері мен басқарма басшыларының қабылдауында жалпы саны 221 адам болды. Әрине, барлық мәселені бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Әйтсе де «Ашық әкімдік» азаматтарға өздерін толғандырған түрлі түйткілді ашық талқылауға, қордаланған мәселелерді құзырлы мекеме мамандарымен бірлесе шешуге мүмкіндік беретін алаңға айналып келеді.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
"Орал өңірі"
Фото Айбатыр Нұраш