«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының бастамасымен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің залында саяси реформа аясында іске асырылатын конституциялық өзгерістер мен Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының маңыздылығын талқылаған басқосу өтті.
Пікірталас алаңында жастар, ардагерлер, ғылым және шығармашылық, бизнес өкілдерімен пікір алмасуға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, ғалым Қазыбай Бозымов, «Конденсат» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Кенжеғалиев, «Қазақстан-2050» қозғалысының облыстық филиалының жетекшісі Айгүл Түркина келді.
Еркін пікір алмасу форматында өткен жиынды «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев жүргізіп отырды.
Өңір басшысы Алтай Көлгіновтің айтуынша, Жолдаудан туындайтын міндеттерге орай өңірде атқарылатын экономикалық жаңғырту жұмыстарының жай-жапсарын әңгімеледі.
Жолдауда көрсетілгендей, білім беру саласындағы жаңа технологияларды қолдану, сандық технологияларды енгізу бағытында нақты шаруалар белгіленген.
– Биылдың өзінде 200 мектепке техникалық сабақтарында жаңа форматта сандық зертханаларды қолдануға жоспарымыз бар. ҚР Білім және ғылым министрлігімен, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай жұмыстарды атқармақпыз, - деді Алтай Көлгінов.
Басқосуда Жолдаудың басым бағыттары сөз болды. Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова Мемлекет басшысының Жолдауының жастарға бағытталғанын айта келіп, жас толқынның ІТ білімді, қаржылық сауатты, елжанды болулары керектігіне екпін түсірді. Сонымен қатар жастарға тегін кәсіптік білім беру жайы да қозғалды.
Пікір алмасу барысында мәлім болғанындай, биылдан бастап облыстағы 22 колледжде 2 мың 700 жас тегін техникалық білім алмақ.
Жолдауда ауыл шаруашылығының экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігі айтылды. Өткен жылы өңірден 60 мың тонна астық, 2 мың тонна ет экспортқа шығарылды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті бұдан да мол жетістікке жетуге болатынын айқындайды. Жалпы, елімізде ғылым мен өндірістің байланысын тереңдету, ғылым жетістіктерін өндірісте батыл пайдалану мәселесі сөз болғанда, облыс басшысы батысқазақстандық ғалымдардың ғылыми идеяларын іске асыру бағытындағы пилоттық жоба жасауға ұсыныс тастауы ашық алаңға жиналғандарды елең еткізді.
Ашық алаңға жиналғандар екі саяси құжатқа қатысты өз ой-пікірлерін айтып, орынды ұсыныстарын да білдірді. Жастар жағы өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
«Біз бұл басқосуда өңірлердегі, аудандардағы тұрғындар, жалпы қоғам осы болатын өзгерістерге дайын ба, іске асырылатын конституциялық өзгерістер, саяси реформалар қоғамға қалай жетті, олар бәрін біледі ме деген сұрақтарға жауап беру үшін ұйымдастырдық. Қазір осы жиыннан нақты 3-4 жоба туындады. Солармен әрі қарай ж ұмыс жасаймыз деп жоспарлап отырмыз»,- деді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев.
Оның айтуынша, мұндай басқосу елімізде бірінші рет Оралда өтті. Ал өзге өңірлерде ақпанның 25-іне дейін өтеді. Талқылау барысында айтылған ұсыныс-пікірлер Президент әкімшілігіне жолданады.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
www.zhaikpress.kz