Қазақстан жүзеге асырған «Жусан» гуманитарлық операциясына жаһандағы дүйім халық назар аударды. Себебі радикалды топтардың ошағы болған Сириядағы соғыс қарақұрдым секілді көптеген тағдырларды жұтып жатқан ажал аузына айналған еді. Арманындағы «халифатты» көрем деп сағы сынған, жат жерде сеңдей соғылып, өң мен түстей күй кешкен азаматтарына Қазақстан тұңғыш болып қол созды. Шөлде адасқанда қарлығаштың қанатымен су тамызғандай көкіректерінде үміт сәулесі оянғандары анық. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі жүзеге асырған «Жусан», «Жусан-2», «Жусан-3» гуманитарлық операцияларының нәтижесінде өңірге 30 әйел, 82 бала оралды.
Сириядағы сергелдең
Сириядан оралғандардың бірі - Тамараның басынан кешкен тағдыры аласапыран. Оралда дәм-тұзы жараспай, ерімен ерте ажырасқан анасы екі қызын өз қанатына алған еді. Өзінен үш жас үлкен апасы Жанар діни уағыздар тыңдауға қызығушылық танытатын. Діни құлшылықпен айналысатын анасы бертін келе, қаршадай қыздарын Сирияға бірге баруға үгіттеуді бастаған. Жалғыз-басты анасы нәпақа табудан тарыққанын айтады. Тамара қаладағы мектептің 10-сыныбын ғана тәмамдаған оқушы еді.
-Анамыз бізге шетел ассақ, тұрмыс жағдайымыз жақсаратынын айтты. «Ол жақта басыңа орамал тартып, намаз оқысаң, бәрі де бауырмал, тең көзқараспен қарайды» дейтін. 2014 жылдың жазында отбасымызбен шекара астық. Түркияға жеткен соң, сегіз күн ішінде Сирияға жеттік, - дейді Тамара.
Алғашында Ракка қаласына қоныс тепкен оларды баспанамен қамтамасыз етеді. Алайда «Исламның әділ заңы билеген, тұрмысы шат мекенге келдік» деген үміт сәулесі көп ұзамай көзден бұлбұл ұшты. Тамара Раккадан бомбаның жарылған даусын алғаш естиді. «Үш күннен соң адам көрге де үйренеді» демекші, жарылыстар дыбысына еті үйренді. Раккада бір айға жуық аялдаған соң, оларды Шәддад қаласына орналастырады. Шәддадта қазақтар көп екен. Ол жақта әйелдер жұмыс істемейді. Анасы Сирияға ертіп бар-ған шымкенттік Дәуітпен тұрмыс құрады. Оралда тұрған кезінде апасы Жанар да тұрмыста болған. Бірақ ажырасып, Сирияға шиеттей қызын ерте кеткен. Апалы-сіңлілі осы жақта күйеуге шығады. Бастапқыда бір отбасына айына 80 доллардан қаражат беріліп тұрған.
Тұрмыс құрғаннан кейін Тамараның бойына бала бітеді. Бірақ баланың әкесі жарық дүние есігін ашқан баласын көрмей опат болған. «Күйеуім маған жұмсақ қарады. Бірақ шариғат талаптарын орындауға келгенде, қатаң болды. Бір рет «Түркия арқылы елге қайтайық» дегенмін. Маған қатты зекіп, кері қайтар ниеті жоқ екенін айтты», – деп еске алды.
Жылға жуық уақыт өткенде әскери күштер шабуылы күшейген соң, шегінген қазақтармен бірге Шәддадтан шығып, Ирак тарапына өтеді. Шәддадтан шегінген кезде жездесі із-түзсіз жоғалады. Ирак жеріндегі қалада уақытша тұрғаннан кейін Раккаға оралады.
-Сириядағы сергелдең босқын халге түсірді. Ирак пен Сирия арасындағы елді мекендерге қоныс аударумен болдық. Сирия жерінде соңғы рет табан тіреген Бағуз қалашығында екі ай тұрдық. Қалашық қоршауға алынып, онда көп адам қаза тапты. Жергілікті тұрғындар «Елге соғыс әкелген осылар» деген жеккөрінішті сыңаймен қарайтын. Ұшақтар дамылсыз шабуылдап, тылдағы әйелдер мен бала-шаға үстінен оқ төгіп өтеді. Окопта жатқан кездеріміз де болды. Сирия жерінде жүріп, тағы да бір ер адаммен неке қидым. Ұл босандым. Жолдасым соғыста қаза тапты. Онымен де тоғыз ай ғана отастым. Азық-түліктен тарықтым. Сириядан шығуға талпынған әйелдерді түрмеге қамап, дүрелейтін. Еркектер ұсталса, әбден азап көретін. Жасырын кетуге оқталған қазақ азаматын өлтіріп тастағаны есімде. Зайыбының телефоны мен қаражатын тартып алды. Шабуыл мен ұрыс қимылы күннен-күнге күшейе түсті. Соңғы уақытта әркім басы ауған жағына шыға бастады. Халифаттағылар да ешкімді бөгемеді. Босып шыққандардың бәрі бір кішкентай елді мекенге жиналды. Баспана жоқ. Палаткада тұрдық. Жаңбыр жауса, қиналып кетеміз. Аштық азабын көрдік. Босанып жатқан келіншектердің сәбилері шақалақ күйінде шетінеп жатты. Балаларын қолынан жоғалтып жатқандар көп болды. Бір туған апам да қайтыс болды. Анам жолдасынан айырылды. Кейін Синджар тауындағы әскери лагерьде тұрдық. «Жусан-2» операциясы арқасында мамыр айында елге қайттық», – дейді Тамара.
Сирияда Құран сабақтары жүргізіліп, әйелдер уағыз тыңдаған. Оның өзінде көп әйел алудың пайдасы жөнінде үгіт жиі айтылған. Балаларға білім беретін орталықтар мүлдем болмаған. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»,-дегеннің қадірін әбден түсіндік. Сондықтан интернеттен діни уағыз тыңдап, жат ағым арбауына еріп кетуі мүмкін. Көбіне Қазақстанда тыйым салынған ибн Тәймияның еңбектері жиі насихатталатын», - деді Тамара.
Түрмеде жазылған хат
Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасына қарасты теолог мамандар терроризм және экстремизм баптары бойынша бас бостандығы шектелгендермен, түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандармен жұмыстанады. Әрине, түрмеге түскендердің бәрін Сириядан келді деп қабылдауға болмайды. Басқарма мамандарының айтуынша, түзету мекемесінде отырып, жаңылыс басқанына өкінетіндер де болады. Солардың бірі-А.-ның Оралдағы түрмеде отырып, бостандықтағы жерлестеріне (жастарға) жолдаған хатының көшірмесі қолымызға тиді.
«Қаладағы колледждің 1-курсында оқығанымда ата-анамның рұқсатымен намаз оқуды бастадым. Шынын айтқанда, қасымда араласқан адамдарым дұрыс жол көрсетпеді. Намаз оқымайтын адамды кәпірге санап жүрдім. Беттеріне айтпасам да, жиі ойландым. Оқу бітірген соң үйлендім. Шариғат бойынша неке қидым. Келіншегімнің діннен хабары болмады. Білімі төмен еді. Бірақ тәрбиелі, ақылды, ойланып сөйлейтін. Тұрмысымыз нашарлап, содан бейтаныс адамдармен танысып, араласа бастадым. Бірақ жүректе тыныштық болмады. Не Құран сүрелерін толық жаттамадым, не білім алмадым, әйеліме де үйретпедім. Ұялы телефоннан дәрістер тыңдап, видеолар көріп, уағызда айтылғандарын орындай бастадым. Өзім сараптап, ізденгім келмеді. Еріншектік көңілімді басты. Ал тура жол іздеген адамға Алла тағала жолын жеңілдетіп, ақиқатты көрсетер еді. Мен бәрі «оңайлықпен болады, жәннатқа кіру басқа адамды кәпірлікке шығарумен шешіледі»,-деп ойладым. Басты қателігім осы болды. Ата-анама құлақ асуды қойдым. Діни парызын орындауды енді бастаған жастарға «Намаз оқымайтын кәпір, олармен қатаң қарым-қатынас жасау керек. Мешіттегі имамдарды тыңдамаңдар, олар мәзһаб ұстанады, дін жолын жеңілдетіп жіберген»,- деп насихат жүргіздім.
Мешіттердегі Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, салғырт қарап, имамдар мен теологтардың уәждерін терістеп, өзімді Құран мен сүннет жолында жүрмін деп есептедім. Содан қадамымды жаңылыс басып, темір тордан бір-ақ шықтым. Келіншегім екіқабат еді. Сот болып, сегіз жылға бас бостандығымнан айырылдым. Өз ісіме өкіндім. Басымнан кешкендерім көз алдымнан өте шықты. Ата-анама дөрекі сөйлегенім есіме түсті. Адамдар басына түспей, қателігін сезіне алмайды. Бұл жолды Алла тағаланың жасаған ескертуі деп білемін. Уақыт өтіп жатты. Жасым 20-ға таянды. Темір тордың ар жағындағы өмірім жалғаса берді. Дәстүрлі дін жолындағы имамдардың уағызын тыңдап, көзқарасымды өзгерте бастадым. Теологтардан сабақ алдым. Әбу Ханифа мәзһабы бойынша білім алып, кітаптар оқыдым. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өмірімен таныстым. Таһауи ақидасына құлақ түрдім. Осы сабақтарды бостандықта жүргенде оқымаппын. Еріншектікке салынып, оңай жолмен теріс білім алыппыз. Аллаға шүкір, ақиқатқа деген көзіміз ашылды. Имамдар мен теологтарға рақмет айтамын. Ең басты арманым, еліміздегі тыныштықты, ынтымақ пен адал еңбекті қадірлей білейік. Ендігі басты арманым ата-анам мен әйелімнің, баламның қасына аман-есен оралсам деймін. Жастар менің жолымды қайталамасын»,-деп жазыпты мұңлық.
Қара ту қаралы күн тудыра жаздады
2016 жылы Ақтөбе қаласында террористік топ мүшелері "Ұлттық ұланға" қарасты әскери бөлім базасына шабуыл жасады. Қанды оқиға салдарынан Батыс Қазақстан облысында өмірге келген кіші сержант Берік Қалиев қыршынынан қиылды. Бүгінде оның есімі ескерткіш тақтада қаруластарының атымен бірге жазылып тұр. Көп ұзамай Орал қаласында сардардың отбасына жаңа баспана, қаржылай көмек берілді. Ерлікпен қаза тапқан жолдастарына да құрмет көрсетілді. Бірақ азаматтың артында қалған асыл жары мен шиеттей балаларының жүрегіне түскен сызатқа ем бола ма? Қаскөйлік қадамға барған топтың артында кімдер тұр? Көкейде күмәні сейілмеген сауал сансыз. Бірақ бір ғана нәрсе белгілі болды. Қолына қару ұстап, әскери нысанға баса-көктеп кіргендер жат пиғылды діни ағым мүшелері болып шықты. Құрбандықтар қолымен от көсеу мысалына қатысты елімізде болған біраз оқиға тұздық болары анық. Жұмыр жер бетінде терроризм мәселесі әлі күнге ушығып тұр. Оның ішінде уәхабилік-сәлафилік идеологияның уыты қайтқан жоқ. Себебі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бермен тамырын терең жайып үлгергені мәлім. Балақты шорт кесіп, мұрт қырып, сақал өсіруге құмар ағым мүшелері Батыс Қазақстан облысында да ежелден Исламның дәстүрімен астасқан діни қабатынан нәр алатын мешіттер жамағатына жік салуға бейім.
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2017 жылғы 21 маусымдағы үкімімен Жаңақала ауданындағы террористік топ сотталғаны белгілі. Топ құрамындағы А. Жантасов телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, Ф.Ғабдешев, Т.Қисметов, А.Қайырғалиев, М.Бижанов, Н.Арыстанов, И.Абекенов, М.Рахматуллинмен бірге терроризмді насихаттаған. 2016 жылы маусым айында Ақтөбе қаласында жасалған террористік актілер Жаңақала ауданы «Ахли сунна уаль жамағатының» белсенді мүшесі Ғабдешевке ерекше әсер еткен. Ол қылмыстық оқиғаны жамағат талқылауына салып, ақтөбелік діндес бауырларының террористік актілерін «дін үшін күрес», «кәпірлерге», «тағуттарға» қарсы қасиетті «қылыш жиһады» деп түсінетіндері жөнінде ортақ тоқтамға келген. Ғабдешевтің үгіт-насихатымен террористік топ құрылған.
2016 жылдың шілде айында олар топ жетекшісінің үйінде бас қосып, қара матаға араб тіліндегі әріптермен кәлима шаһадатты ақ түсті бояумен жазып, ғаламтордағы суреттер арқылы «ДАИШ» террористік ұйымының туының көшірмесін жасайды. Келесі күні аудандағы Соркөл жағасына серуенге шығар алдында, ауылдағы екі-үш жасөспірімді қастарына шақырып, «ДАИШ» туы айналасында топ болып фотосуретке түсірген. Одан кейін аутокөліктерімен табиғат аясына аттанады. Аутокөліктің төбесіндегі қақпағынан тудың сабын шығарып, межелі жерге желбіретіп барады. Соркөл жағасындағы ағашқа туды байлап, отбасы мүшелерімен уағыз жүргізеді.
Одан кейін Ғабдешевтің бастамасымен топ мүшелері бірнеше рет бас қосып, Жаңақала аудандық полиция бөліміне шабуыл жасау жоспарын талқылап, қару-жарақты іздестіріп табу мәселесін талқылаған. Шілде-тамыз айларында олар террорлық қылмыс жасауға дайындалған. 2016 жылдың тамыз айының 26-27-сі күндері ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің БҚО бойынша департаменті-нің қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Жаңақала ауылының тұрғындары Ф. Ғабдешев пен оның сыбайластары Т. Қисметов, М. Бижанов, Н. Арыстанов және А. Қайырғалиевті дер кезінде ұстаған. Жамағат мүшелері И. Абекенов пен М. Рахматуллин террористік топтың құқық қорғау органдарына қарсы «қарулы жиһадқа» шығуды жоспарлағандарын білгенімен, терроризм актісі туралы хабарламаған. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес террористік топ мүшелері сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.
Бұл ағымның идеологиясы – бір негізден
Орал қаласында бірнеше мәрте жат діни ағым өкілдерімен ағарту жұмыстарын жүргізген, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, теолог Асқар Сабдиннің айтуынша, билігі әлсіз мемлекеттерде діни радикалдар көбейеді. Сирия асып, әділетті «халифат» іздеген қаракөз қазағымыздың да, еліміздің заңын мансұқтап, террорлық жанкештілікке барып жатқандардың да діни сенім жүйесінің түпкі қазығы, қайнар көзі бір – уәхабилік-сәлафилік идеологияның жемісі.
-Еліміздегі діни ағым мүшелерінің сенім жүйесіне, оның тарихына қатысты ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Бірнеше мәрте сараптап, ой сүзгісінен өткізіп, терең зерттеген сайын қауіпті идеологияның осал тұстарын тани тү-семіз. Сонда ғана діни ағымдарға, секталарға қарсы күрес жүргізу, иммунитетті күшейту оңай болады. Қазақстанда псевдосәлафилік үгіт-насихат салдарынан адасып жатқандар көп. Ақ Жайық өңірінде де діни сана шиеленісуінен өзекті мәселелер туындауда,-деді Асқар Сабдин.
Сегіз жылдан астам уақыт терроризм және экстремизм қылмысы бойынша сотталғандармен жұмыстанып келе жатқан теологтың айтуынша, жеке басына қатысты әлеуметтік мәселелердің шешімін таба алмай, басын тау мен тасқа соғып жүргендер ғана емес, көйлегі көк, тамағы тоқ, тіпті ақыл тоқтатып, кейінгі жасқа басу айтатын егде адамдардың өзі діни идеологияның ықпалы күштілігінен туған елінен, ата-салт, әдет-ғұрпынан безуге даяр екенін дәлелдейді.
Уәхабилік сенім шырмауына түсіп, тағдыры шырғалаңға түскендер бүгінде өздерін «сәлафшілдер» қатарына жатқызады. Яғни Ислам дәуірі өрлеген кезеңде Мұхаммед пайғамбардан кейін өмір сүрген үш буын өкілдерін айтады. Бірақ «мұсылмандық жолында шамшырақ болғандардың ізін жалғастырдық» деп елден ерекшеленіп жүргендердің басты мүддесі ұлттық санаға жарқыншақ салу болып шықты. Теолог мамандар олардың сеніміне, бейтарап идеологиясына орай «байсалды», «радикалды» деп бөледі. Бірақ «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып жүргендердің өзі салт-дәстүрімізден ажыратып, аруаққа Құран сауабын бағыштауды «ширк» деп, «аузында Алласы болса да, амалы жоқ» деп ағайынын діннен безгендер қатарына енгізіп, жас буынды уәхабилік сенім идеологиясына ұйытып жүр. Мәселен, 2014 жылы 18 тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының «Әт-тәкфір уәл-иджра» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның қызметіне Қазақстан Республикасындағы тыйым салу жөніндегі шешімі шықты. Оған дейін еліміздің төрінде тайраңдап, лаң салған, бейбіт күнде қатыгез қимылдарға барған тәкфіршілдердің де, бүгінде «байсалды» деп есептелінетін сәлафшілдердің де, жұртшылық аузында жүрген уәхабшылдардың да сенім жүйесі, өзегі бір. Олардың сенім жүйесі, пәтуа алатын негіздері ХІІ-ХІІІ ғасырларда Дамаск қаласында өмір сүрген Ибн Таймия, оның шәкірті Ибн әл-Қайим, ХVIII ғасыр-да Сауд Арабияда өмір сүрген Мұхаммад ибн Абдулуахабтың, бертінгі ғасырларда уағыздарын таратқан Ибн Баз, Ибн әл-Усеймин, Әлбани, Фаузан секілді «шейхтарының» ұстанымдарына негізделеді.
Санадағы сызат салдары сондай, Сириядағы бүлікке қатысуға отбасымен шекара асып кеткендердің тағдырына Қазақстан жұртшылығы әлі күнге алаңдаулы. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұловтың баяндауынша, «Жусан», «Жусан-2», «Жусан-3» гуманитарлық операциялары арқылы оралғандарға облыстық білім басқармасы, облыстық дін істері басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Орал қалалық әкімдігі мен «Шанс» орталығы өкілдерінен құралған топ олармен әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және теологиялық жұмыстар жүргізу үстінде. Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен дін мәселелерін зерттеу орталығы, «Аманат-Жайық» қоғамдық қоры арқылы олардың тұрмыстық, әлеуметтік мәселелеріне назар аудару, жұмыссыз отырғандарын тігінші, маникюр, аспаз мамандықтарына оқыту мәселесі шешілуде. «Шанс» орталығы арқылы мектеп жасындағы балаларға білім беру жүйесіне сәйкес қосымша сабақтар өткізілуде. «Жусан» операциясы арқасында елге оралғандардың арасында үш адамның тұрғылықты мекенжайы жоқ болғандықтан, «Шанс» орталығының қарауына алынған.
– Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты колонияларда 4 маман жұмыстануда. Соның ішінде дін істері басқармасынан 2 теолог, облыстық және қалалық мешіттен 2 қызметкер бекітілді. Терроризм және экстремизм бабы бойынша сотталып, бостандыққа шыққан 30-дан астам тұрғынмен профилактикалық жұмысты үзбейміз. Олармен айына немесе екі аптада бір мәрте кездесіп, теологтарымыз әңгімелесіп, сауалдарына жауап беріп отырады,-деді Мақсат Раманқұлов.
Дін істері басқармасы басшысының айтуынша, мамандар тапшы болуда. Мәселен, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында теолог мамандар жетіспейді. Себебі баспана табу мен жалақы көлемінің аз болуына байланысты мамандар аудандарға баруға құлшына бермейді. Өңірде бір облыстық мобильді және 12 аудан мен қалалық деңгейдегі 148 адамнан тұратын ақпараттық-түсіндіру топ қызмет етеді. Олардың қатарына тарихшы мамандар, аузы дуалы ақсақалдар мен мемлекеттік қызметкерлер енген.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер