17.09.2020, 20:40
Оқылды: 24

«Ашық үкімет» порталдарының жұмысына халықтың қатысуы төмен

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

927853F2-4F25-4275-B174-C85F3FE84F54

«Біздің министрлігіміз ашықтық принципін ұстанғандықтан, комиссия отырысы Facebook желісінде тікелей эфирде беріледі. Жалпы, бүгінгі отырысқа комиссияның 18 мүшесінің 16-сы қатысып отыр. Отырыс барысында төрт мәселе қаралады», - деді министр. Отырыста «Ашық үкімет» порталдарын танымал ету және дамыту жөніндегі шаралар туралы ақпарат тыңдалды. А. Балаеваның айтуынша, бұл саладағы бастамаларды жетілдіру керек. «Өздеріңіз көріп отырсыздар, «Ашық үкімет» порталдарының жұмысына халықтың қатысуы төмен, оны мойындауымыз қажет. Тек басшылардың блок-платформаларына келіп түскен өтініштердің саны 27 мыңнан 37 мыңға дейін өскен. Ол да болса барлық басшыларға қатысты деп айта алмаймыз. Басты себеп неде? Ең алдымен, осы порталдардың техникалық кемшіліктері мен заңнамалық олқылықтары деп білемін. Сондықтан бұл қадамдарды жетілдіруіміз керек, қазір жақсы ұсыныстар түсіп жатыр. Қоғамдық институттар да бізбен тығыз қатынаста жұмыс істеуге дайын. Осы орайда бірінші кезекте өзімізге тікелей тәуелді сұрақтарды шешуіміз қажет. Екіншіден, халықтың цифрлық сауаттылығын көтеруге барынша атсалысуымыз керек. Бұл тұрғыда жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жетілдірудің қажеттігі бар деп санаймын. Оған біздің министрлік өз тарапынан атсалысуға дайын», - деді ведомство басшысы. Бұдан бөлек, жиын барысында жеке деректерді қорғау мәселесі де талқыланды. Сонымен қатар, отырыста Қазақстан Республикасының салалық заңнамасын оның ақпаратқа қол жеткізу саласындағы талаптарға, стандарттар мен қағидаттарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру қорытындылары қаралды. А.Балаева жасалған ұсыныстарды тыңдай келе, елімізде қоғамдық бақылау туралы заң жобасы дайындалып жатқанын айтты. «Ақпарат министрлігі қоғамдық бақылау туралы заң жобасы бойынша жұмысқа кіріседі. Бұл бағытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы болды. Сондықтан біз жұмыс тобын құрудамыз, заң жобасындағы тиісті нормаларды азаматтық қоғам институттарымен белсенді талқылайтын боламыз. Жалпы, бүгінгі комиссия отырысына енгізілген барлық тақырыптар талқыланды. Олар бойынша тиісті шешімдерді бірлесе қабылдаймыз», - деді министр.

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале