27.11.2017, 18:15
Оқылды: 67

Оралда Назарбаев университетінің профессорлары маңызды мәселені талқылады

Оралда Астана қаласындағы Назарбаев университетінен келген профессорлар - Колин Нокс, Карл О Коннор және Салтанат Жәненовамен кездесу өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жүргізген жиынға бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Кездесу барысында «Ашық үкімет» және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету тақырыбында әңгіме өрбіді.

- Іссапарымыздың мақсаты – 100 нақты қадам ұлт жоспары өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын зерделеу. Біздің тобымыз халықаралық деңгейдегі «ашық үкімет» мәселелерін зерттеген болатын. Аталмыш зерттеудің нәтижесін өздеріңізбен бөлісіп, осы тақырыпта сіздердің де пікірлеріңізді білгіміз келеді.

Реформалар орталық үкімет шешім қабылдағандықтан, жүзеге асатыны сияқты, ашық үкімет жобасы да жоғарыдан төмен қарай құрылуы қажет секілді көрінуі мүмкін. Алайда халықаралық көзқараспен қарайтын болсақ, ашық үкімет қоғамның қарқынды әсерімен төменнен жоғарыға қарай құрылады. Біз Қазақстандағы электронды үкіметті және электронды мемлекеттік қызметті дамыту бағытындағы зор жетістіктердің куәсі болып отырмыз. Батыстық әлем тәжірибесі мәселеге азаматтардың көзқарасымен келуді құптайды. Яғни үкіметтің мүддесінен гөрі тұрғындар үшін не маңыздырақ және олардың өмір сүру деңгейлерін жақсарту үшін не істеу керек деген сауал маңызды. Мысалы, мемлекеттік қызметкерлердің «биыл 400 электронды мемлекеттік қызмет көрсетсек, келер жылы мұндай электронды қызмет санын 450-ге жеткізгелі отырмыз» деген сыңайдағы сұхбаттарын жиі тыңдаймыз. Бірақ бұл көрсеткіш мемлекеттік органдар үшін ғана маңызды. Ал қарапайым тұрғындар үшін сол қызметтің сапалы болғаны қажет, - деді профессор Колин Нокс.

Жиынға қатысқан мемлекеттік мекемелердің басшылары электронды үкіметтің өздері қызмет ететін салаларына қатысты жетістіктеріне тоқталып өтті. Мәселен, олар электронды қызмет арқылы жемқорлықтың жолын кесу, ашықтық, көрсетілетін қызметтің сапалылығы, неғұрлым жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік жасалатыны туралы айтты. Облыс әкімі Орал қаласының ақылды қала жобасы бойынша болашақ даму жоспары туралы әңгімеледі. Астанадан келген ғалымдар аса қызықты кездесу үшін алғыс білдіріп, өзге өңірлердегі іссапарларында Батыс Қазақстан облысындағы электронды қызмет жетістіктерін үлгі ретінде айтып жүретіндерін жеткізді.

 

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале