5.02.2026, 15:15
Оқылды: 11

Ашықтық пен цифрландыру – басты талап

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, бюджет қаражатының жұмсалуын барынша ашық әрі есепті ету мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтерді формалды және жалған түрде көрсетуді болдырмау, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасына, әсіресе білім беру, спорт және балаларды дамыту секілді әлеуметтік маңызы жоғары салаларда бақылауды күшейту қажеттігін бірнеше рет атап өтті.

WhatsApp Image 2026-02-05 at 16.00.08 (1)

Бұл міндеттер Қазақстан Республикасының «Цифрландыру туралы» Заңы аясында жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Аталған заң мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде көрсетілетін қызметтерді нақты есепке алу, тиімді бақылау және жан-жақты талдау мақсатында заманауи ақпараттық жүйелер мен цифрлық платформаларды енгізуге және пайдалануға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, дене шынықтыру және спорт саласындағы жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі де цифрлық шешімдер арқылы жүзеге асырылып келеді. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде уәкілетті органды тек белгілі бір ақпараттық жүйені ғана қолдануға міндеттейтін нақты талап қарастырылмаған. Яғни ашықтықты, тиімділікті және бақылауды қамтамасыз ететін өзге де цифрлық платформаларды пайдалану заңнама талаптарына толық сәйкес келеді.

Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асырудағы мұндай тәсіл бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және ең бастысы – балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Цифрландыруды кеңінен енгізу бұл салада да тәртіп орнатып, жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Осыған байланысты дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Даму Бала» ақпараттық жүйесінің операторы арасында заңнамада белгіленген тәртіппен үш жыл мерзімге шарт жасалғанын атап өткен жөн. Аталған келісімшарттың қолданылу мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталды.

Шарт мерзімінің аяқталуына байланысты және тараптардың шарттық міндеттемелерінің тоқтатылуына орай басқарма қолданыстағы заңнама талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруда «Qadam AI» ақпараттық платформасына көшуді жүзеге асырды.

Айта кету керек, бұл өзгеріс тек техникалық әрі ұйымдастырушылық сипатқа ие. Ал мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру тәртібі, қаржыландыру қағидаттары мен негізгі талаптары бұрынғы күйінде қалады.

Шарт мерзімі мен ваучердің құқықтық шегі

Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру тетігі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілермен қатаң реттеледі. Соған сәйкес, уәкілетті орган мен қызмет көрсетушілер арасында жасалатын шарттар бір күнтізбелік жыл мерзіміне ғана жасалады. Қызмет көрсету де, оны қаржыландыру да тек тиісті бюджеттік жыл аясында жүзеге асырылады. Яғни әр келісімшартпен ваучер бір жылға ғана беріледі.

Бұл талап Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде де нақты белгіленген. Атап айтқанда, Кодекстің 386-бабының 3-тармағында шартта көзделген мерзім аяқталған жағдайда тараптардың міндеттемелері тоқтатылатыны айқын көрсетілген. Яғни шарт мерзімі өткеннен кейін қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелердің жалғасуына заңдық негіз жоқ, ал оларды белгіленген мерзімнен тыс ұзарту қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған.

Осы орайда мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында қолданылатын ваучерлердің де нақты құқықтық шектеулері бар. Ваучер атаулы болып табылады, оның қолданылу мерзімі шектеулі және ол ұзартуға немесе ауыстыруға келмейді. Белгіленген мерзімі аяқталған ваучер ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде күшін жояды. Қажет болған жағдайда баланың заңды өкілі белгіленген тәртіппен қайта өтініш беруге құқылы.

Мамандардың айтуынша, жекелеген қызмет көрсетушілер тарапынан ата-аналармен «баланың кәмелет жасына толғанға дейін» қызмет көрсету туралы шарттар жасасу жағдайлары заң талаптарына қайшы келеді. Өйткені қызмет көрсетушілердің ваучер мерзімінен тыс бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға кепілдік беруіне немесе мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ұзақ мерзімді міндеттемелер алуына құқықтық негіз жоқ.

Мұндай келісімдер ата-аналарды мемлекеттік қолдаудың көлемі мен мерзімі туралы жаңылыстырып қана қоймай, жан басына шаққандағы қаржыландырудың нақты тетігіне де сәйкес келмейді. Сонымен қатар бұл әрекеттер ата-аналарда ұзақ мерзімді әрі кепілдендірілген бюджет қаржыландыруы туралы жалған түсінік қалыптастырып, бастапқыда орындалуы мүмкін емес міндеттемелерді қабылдау арқылы неғайбыл мінез-құлық белгілерін көрсетуі мүмкін. Ал белгілі бір жағдайларда мұндай жайттар құқықтық баға беруді талап ететін әрекеттерге де ұласуы ықтимал.

Осыған байланысты уәкілетті орган мемлекеттік спорттық тапсырыс ұзақ мерзімді немесе мерзімсіз кепілдік емес екенін, оның тек бекітілген бюджеттік кезең мен нормативтік құқықтық актілер шеңберінде ғана жүзеге асырылатынын тағы да қаперге салады.

Сапа мен қауіпсіздік – басты талап

Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастамашылық еткен 2025 жылғы бақылау мониторингі барысында бірқатар қызмет көрсетушілердің жұмысында елеулі кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, кейбір жаттықтырушылардың нақты біліктілігі өзі жаттықтыратын спорт түріне сәйкес келмеген, сондай-ақ бір спорт түрі бойынша даярланған мамандардың тиісті профильдік білімі бола тұра, өзге спорт түрінен сабақ өткізу фактілері тіркелген.

Мұның салдары балалардың спорттық даярлығының төмен деңгейінен және сабақтардың формалды сипатта өтуінен айқын көрінді. Бұл жағдай бір ғана дене шынықтыру саласындағы диплом нақты спорт түрі бойынша, әсіресе зияткерлік және техникалық бағыттарда, жеткілікті кәсіби білімге әрдайым кепіл бола бермейтінін көрсетті.

Осы олқылықтарды болдырмау, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында басқарма жекелеген спорт түрлері бойынша жаттықтырушыларға қосымша біліктілік талаптарын енгізді. Атап айтқанда, ең төменгі спорттық разрядтың, біліктілік санатының немесе тиісті федерация ұйымдастырған профильдік семинардан өткенін растайтын сертификаттың болуы талап етіледі. Бұл талаптар «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның 41-бабына толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар сабақ өткізу кезінде қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес, спорт сабақтары техникалық, санитариялық, өрт қауіпсіздігі және қолжетімділік талаптарына сай келетін нысандарда ғана өткізілуі тиіс. Бұл талаптар ең алдымен балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

Күні кеше дене шынықтыру және спорт басқармасы жаңа цифрлық платформаға көшу туралы мәлімдемесінде өткен жылдың соңғы үш айында саланы толық қамтыған мониторинг жүргізілгенін хабарлады. Тексеру нәтижесінде бірқатар тапсырыс алушы компаниялардың қызметінде өрескел заңбұзушылықтар орын алғаны анықталды.

Атап айтқанда, құжат жүзінде тіркелген жаттықтырушылар мен іс жүзінде сабақ өткізген мамандардың, сондай-ақ есепке алынған балалар мен нақты жаттығуға қатысқан тәрбиеленушілердің арасында елеулі сәйкессіздіктер анықталған. Мұндай заңсыздықтардың ауқымды көлемде тіркелуі жүйенің ашықтығы мен тиімділігіне күмән тудырды.

Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша 11 жеке кәсіпкер өз өтініштері негізінде қызметін тоқтатты. Сонымен қатар мыңнан астам баланың іс жүзінде спорттық жаттығуларға қатыспағаны белгілі болды. Бұл жағдай өңірде енгізілген жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне айтарлықтай кері әсер еткені анық.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, қабылданған шешім балалар спортына бейжай қарамаудың, бюджет қаражатының мақсатты әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз етудің нәтижесі. Жаңа платформаға көшу саладағы тәртіпті күшейтіп, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен ашықтығын арттыруға бағытталған нақты қадам болып табылады.

– Біз басқарма тарапынан ешқандай алаңдауға негіз жоқ екенін хабарлаймыз. Облысымызда соңғы жылдары балалардың спорттық үйірмелерге тегін қатысуы үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бірі – өңір спортын толыққанды цифрландыру. Ал бұл өздеріңізге ұсынып отырған QADAM AI бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама арқылы біз нақты, яғни іс жүзінде айналысатын балаларды көріп отырамыз. Сәйкесінше кезекте тұрған балалардың қатары да азаяды. Қазіргі таңда кәсіпкерлерді тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған процесс 13 ақпанға дейін жалғасады. Ал 14 ақпаннан бастап ата-аналардың балаларын тіркеу кезеңі басталатынын хабарлаймыз. Яғни ваучер 14 ақпан күні таңғы сағат 9:00-де ашылады, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Берік Рахымғали.

Шешу жолы

Damu Bala платформасы мен өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы арасындағы келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты салада бірқатар өзгерістер орын алды. Алайда бұл жағдай спортпен шұғылданып жүрген балалардың сүйікті ісінен қол үзуіне себеп болмауы тиіс. Осыны негізге алған басқарма жаңа платформаға көшіп, жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Ең бастысы – бірде-бір бала спортсыз қалмайды. Керісінше, барша өскелең ұрпаққа тең мүмкіндік ұсынылып отыр.

Еске сала кетсек, жан басына шаққандағы қаржыландыру бастамасы алғаш рет «ArtSport» платформасы арқылы жүзеге асқан болатын. Алайда сол кезеңде бюджет қаржысын жеке пайдасына жаратуды көздеген жекелеген пысықайлар түрлі үйірмелер ашып, спортпен тұрақты айналыспайтын балаларды да тіркеді. Қаржы жымқыру деректері орын алды. Нәтижесінде бағдарлама өз тиімділігін жоғалтып, жүйе күйреді.

Осы олқылықтарды тиімді жою жолын тапқан Ақтөбе облысы «Дара бала» платформасына көшті. Бұл жүйенің басты артықшылығы – Face ID технологиясының енгізілуі. Соның арқасында үйірмеге қатыспай-ақ «келді» деп белгіленіп, қаржы бөлініп келген балаларға қатысты заңбұзушылықтар тоқтатылды. Жан басына шаққандағы қаржы нақты спортпен айналысатын балаларға ғана бағытталды. Мұндай жаңашылдық спортпен шұғылданатын жеткіншектердің нақты санын анықтауға, сондай-ақ олардың дайындық сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Биылдан бастап өңірімізде іске қосылған Qadam AI платформасы да осы ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделген. Жаңа жүйе кәсіп иелеріне Face ID бағдарламасын орнатуды міндеттейді. Бұл өз кезегінде спортқа бет бұрған балалардың нақты есебін жүргізуге және бөлінген бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына жол ашады.

Айта кетерлігі, ваучер алу тәртібінде түбегейлі өзгеріс жоқ. Бұрынғы жүйедегі кемшіліктер ескеріліп, қателіктер түзетілді. Басты мақсат – балалардың спортпен үздіксіз айналысуына жағдай жасап, бюджет қаражатының әділ әрі ашық бөлінуін қамтамасыз ету.

Заңбұзушылықтарға тосқауыл: бақылау күшейтілді

Дене шынықтыру және спорт басқармасы жүргізген бақылау және мониторинг іс-шаралары барысында жекелеген қызмет көрсетушілер тарапынан бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, нақты жаттығуға қатысқан балалар саны мен есептік деректердің сәйкес келмеуі, қызмет көрсету шарттарының бұзылуы, сондай-ақ жалған мәліметтер ұсыну фактілері тіркелген.

Тексеру қорытындысы бойынша 13 қызмет көрсетушіге қатысты сотқа талап арыздар жолданып, нәтижесінде 8 490 993 (сегіз миллион төрт жүз тоқсан мың тоғыз жүз тоқсан үш) теңге көлемінде бюджет қаражаты өндірілді. Бұдан бөлек, тағы екі қызмет көрсетушіге қатысты азаматтық істер сотта қаралу сатысында тұр.

Мамандардың айтуынша, қабылданған шаралар мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруда бақылауды күшейтудің және цифрлық ашықтықты арттырудың маңызын тағы бір мәрте айқындап отыр.

Осы ретте ваучерлердің заңсыз тоқтатылғаны, ата-аналардың құқықтары бұзылғаны немесе өзге цифрлық платформаға көшудің құқықтық негізі жоқ деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Басқарма барлық әрекетті Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкес жүзеге асырып отыр. Балалардың қауіпсіздігі мен мемлекеттік тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз етуге басымдық берілуде.

Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале