Эпидемиологиялық жағдайды бақылау матрицасына сәйкес, өңіріміз үш аптадан бері "қызыл" аймақта. Ал облыс бойынша Орал, Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Казталов, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында індет өршіп тұр. Өткен тәулікте облыстың 113 тұрғыны індет жұқтырған. КВИ-ге шалдыққан әр тұрғынды стационарда емдеуге шамамен 500-900 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалады екен. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен өткен жедел штаб отырысында айтылды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәліметінше, сәуір айында індетті 1352 адам жұқтырған. Ал мектеп оқушылары арасында КВИ жұқтырған 115 жағдай тіркелсе, оның 39-ы офлайн, 76-сы онлайн режімінде білім алып жүргендер. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша 18 мектеп 33 сынып екі апта карантинге жабылды. Нақтырақ айтсақ, Оралда - 13, Бәйтеректе - 10, Бөрліде - 8, Казталов пен Шыңғырлауда бір-бір сыныптан жабылған. Сондай-ақ тоғыз балабақшада 11 сынып карантинге жабылған.
- Облыста коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 17215 адам, екінші компонентін 4067 адам қабылдады. COVID - 19 індетіне вакцинациялау 7 қалалық және 7 жеке емханада, сондай-ақ 15 аудандық ауруханада, бір ауылдық ауруханадағы 30 екпе кабинетінде жүзеге асуда. Жуырда, тоғызыншы сәуір күні облысқа вакцинаның 14000 дозадан тұратын жаңа легі әкелінді. Індеттің алдын алудың бірден-бір жолы - вакцина екенін айтқым келеді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.
Жуырда коронавирус індетінің алдын алуда "Ashyq" мобильді қосымшасы жүзеге аспақ. БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотовтың мәліметінше, кез келген адам смартфонына "Ashyq" мобильді қосымшасын жүктеп, үйін, телефон нөмірін, тұрғылықты мекенжайын тіркейді. Содан белгілі бір ғимаратқа, СПА орталықтарына, бассейндер мен боулинг алаңдарына кірер кезде оның QR-кодын тереді. Сол кезде аталмыш орталықтағы қызметкердің не келушілердің індет жұқтарғанын не жұқтырмағанын, не КВИ-мен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғанын білуге болады. Мекеме қызметкерлері де өз кезегінде келушінің ИИН-ін тексеру арқылы індет жұқтырғанын анықтай алады. Қосымшада тұрғындардың тапсырған ПТР талдаманың қорытындысы да сақталмақ.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев коронавирустың алдын алуға бағытталған жұмыстарды ширатуды тапсырды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz