«Ashyq» мобильді қосымшасын әзірлеуге бюджет қаражаты жұмсалған жоқ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық шешімдер департаментінің директоры Бекболат Молдабеков айтты, деп жазды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында ол «Ashyq» мобильді қосымшасын әзірлеуге бизнес бастамашылық жасағанын, сондықтан бюджеттен ешқандай қаражат шығындалмағанын баса атап өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов та мобильді қосымшаны әзірлеуге қаражат жұмсалмағанын айтады. «Жалпы, бұл дақпыртты сейілту қажет. Цифрландыру өнімдерінің өзі қымбатқа түспейді. Бұл отандық өндірушілердің әзірлемесі. Қазақстандық компания «ИнфоҚазақстан» электронды платформасы мен «Ashyq» мобильді қосымшасын әзірлеп шықты. Соған орай бұл бастаманы жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ», - деді Нариман Әбілшайықов.
zhaikpress.kz
Суреттің дереккөзі: inform.kz