12.03.2025, 17:15
Оқылды: 1574

«Әскербасы» Әскербек

Көптен бері газет бетінен көрінбей кеткен «Ерекше есімнің» бүгінгі басты кейіпкері – Батыс Қазақстан облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры, қазақ күресінен спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері Әскербек Бақытжанұлы Нұрмұқанов.

WhatsApp Image 2025-03-12 at 17.38.30

Бәлкім, сонау сұрапыл соғыс жылдары, сондай-ақ 1945 жылғы Жеңістен кейін қазақ арасында Әскерғали, Әскербек, Әскержан есімді ер-азаматтар жиі ұшырасқан шығар. Ал «Ерекше есімнің» бүгінгі мейманы 1982 жылдың 23 ақпанында жарық дүниеге көрінген. Қонағымыздың Әскербек атануын, бәлкім, енді бірден түсінген шығарсыз?..

Иә, Кеңес өкіметі кезінде 23 ақпан – КСРО Қарулы күштері мен әскери-теңіз флотының құрылған күні ретінде аталып өтілетін.

– Менің алдымда бүгіндері әрқайсысы бір-бір әулеттің сыйлы келіндеріне айналған Хорлан, Айжан, Надежда есімді үш әпкем бар. Үш қыздан кейін ата-анамның ұлды аңсағаны анық. Анам маған аяғы ауыр кезінде айы-күні жақындаған сайын әкемнің жеңгесі Тотия шешей: «Әй, келін, Әскер күні таяп қалды ғой, біздің Әскербектен хабар бар ма өзі?» – деп әзілді-шынды келінінен, яғни менің анамнан көрген сайын сұрайды екен. Сол жылы тура 23 ақпан күні әке-шешем үйге қонақ шақырған көрінеді. Анам қуырайын десе, мұз боп қатқан балықты бір-бірінен бөле алмай, сосын әдейі еденге тастап кеп жіберген ғой. Тура сол сәтте толғақ басталып, көп ұзамай мен топ ете қалыппын, – деп бір әнтек бір жымиып қойды Әскербек ініміз.

Әлқисса, ар жағы түсінікті ғой енді. Үш қыздан кейін дәл Кеңес әскері күні жарық дүниеге көрінген, жарқын өмірге келген алтын айдарлы ұлға Әскербек деп азан шақырып, ат қойғанның несі айып?! Айтпақшы, Әскербектен кейін Әлібек деген және бір ұл сүйді Бақытжан мен Жұпар.

WhatsApp Image 2025-03-12 at 17.38.59

Сол Әскербек – бүгінде өркенді отбасының отағасы. Қайын енесіне тартқан, алтын құрсақты Айзада келін жақында алты ұлдан кейін Томирис есімді қыз балаға әлемнің жарығын сыйлады. Сол кездегі Әскербек әкенің қуанғанын көрсеңіз, екі езуі екі құлағында!  Ғұмыры ұзақ, өмірі мәнді, әрдайым тең құрбысының алды болсын Томирис періште!

Ата-анасымен бірге тұратын Әскербек пен Айзаданың тұңғыш бала-келіні Әлисұлтан мен Ақмоншақ та үлкен үйде үлкен кісілермен бірге тұрады. «Әскербасы» Әскербектің алғашқы немересі Абдолла жақында бір жасқа толды. Ата-әже, әке-шеше, немере бала-келін һәм шөбере – төрт толқын, төрт буын бір шаңырақ аясында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Жапырақтары жайқалып, тамырын тереңге тартқан әулет һәм баянды бақыт деген осы емес пе?!

Бақытжан Ғабдуллин

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале