9.01.2024, 10:45
Оқылды: 35

Әскерге  сақадай  сай

Өткен жылдың аяғында Кеңес Одағының Батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған күні қарсаңында Орал қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №46 мектепте әскери-спорттық ойын түрлерінен қалалық жарыстың ашылу салтанаты өтті. Бұған қоса, 2023 жылы аталмыш білім ошағының ашылғанына 10 жыл толған.

WhatsApp Image 2023-12-25 at 14.52.02

«Ерлік – ұрпаққа ұран» деген атаумен өткен сайыстың мақсаты – білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту, бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Іс-шараға Орал қаласындағы мектептердің командалары, Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы тәрбие, идеологиялық, әскери-патриоттық бөлімінің басшысы Роман Дүйсенғалиев, облыстық білім беру басқармасы білім беруді дамыту орталығының алғашқы әскери дайындық және техникалық дайындық әдіскері Мейірлан Нұрқанов, мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Тілек Қуанышкериев, Орал қалалық білім беру бөлімінің АӘТД әдіскері Болат Рамазанов қатысты.

Қонақтар кезекпен сөз алып, мектеп ұжымын мерейтоймен құттықтады. Жастардың патриоттық сезімі мен рухани байлығын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Одан кейін Бауыржан Момышұлы атындағы ЖОББМ-ның директоры Ибагүл Сатдықова барша қатысушыға ризашылығын білдіріп, турнирді ашық деп жариялады.

Сайыста №46 мектептің жоғары сынып оқушылары кермеге тартылу, «АК-74» қаруын бөлшектеу және жинау, пневматикалық қарудан ату, жалпы әскери қорғаныс жиынтығымен жарақтанып үлгеру бойынша иық тіресе сынға түсті. Әскери киім киіп, қолдарына қару ұстаған өрендердің жарысқа тыңғылықты дайындалғандары байқалды. Жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынды №47 мектептің оқушылары, 2-орынды №41 мектептің командасы жеңіп алды. Ал 3-орын Круглоозерный орта мектебінің ұл-қыздарына бұйырды. Жеңімпаздарға Орал қалалық білім беру бөлімінің дипломдары табысталды.

Аружан  Аманжол,

zhaikpress.kz, 

Фото авторы: Аружан  Аманжол

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале