Кеше Орал қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті алаңында мерзімдік әскери қызметке шақырылған 20 жігітті еліміздің Қарулы күштерінің қатарына шығарып салу салтанаты өтті. Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға мектеп оқушылары, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскерге шақырылғандардың ата-аналары, түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.
ҚР Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп көрсетілген. Сондықтан Отан алдындағы қасиетті борышты өтеу үшін әскерге бару әрбір ер азаматтың парызы саналады.
– Отан қорғаушылар күнімен және алдағы келе жатқан Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын. Бұл мерекелер – халқымыз үшін қастерлі, бір-бірімен ұштасатын, ұлан-ғайыр жерімізді қорғаудың мән-маңызын еске салатын мерекелердің бірі. Әскерге шақырылушылар, сіздерге ақ жол, ел үшін қызмет атқару –азаматтық парызымыз. Қазіргі геосаяси жағдайдан хабардарсыздар. Көршілес елдер соғысып жатыр. Сондықтан біздің әскеріміз әрқашан жеріміздің бүтіндігін сақтауға, Отанымызды қорғауға дайын болуы керек. Облыс әкімі Ғали Есқалиев әруақытта әскер қатарында жүрген және әскери оқуға түсетін азаматтар жайын сұрап біліп отырады. Елімізде сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қарулы күштердің жай-күйін жіті қадағалап отыр. Әскери қызметті ел үшін, туған жер үшін адал атқарыңыздар, батысқазақстандық сарбаздар жайлы тек жақсы сөз естиік, жемісті күндеріміз көп болсын. Әскерге барған жас сарбаздарға алғашқы екі-үш айда қиындықтар болады. Ортаға үйренген соң барлығы реттеліп, қалыпқа түседі. Үйдегідей жағдайды әскери өмірде ешкім жасамайды. Ата-аналарға сабырлылық тілеймін. Ел іргесінің бүтін болуына тек әскер емес, бүкіл халық мүдделі болуы керек,– деді салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің қорғаныс істері жөніндегі кеңесшісі Мақсат Мұқанов.
Бұдан кейін әскерге шақырылған жігіттерге сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ салтанатты жиынға қатысушыларды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Арман Үсенбаев, қалалық полиция ардагерлер ұйымының төрайымы Клавдия Қуанышқалиева жиналған қауымды мерекемен құттықтап, әскерге шақырылушыларға азаматтық борыштарын абыроймен өтеп келулеріне тілектестіктерін білдірді. Еңбек ардагері Сабырғали Құлбатыров болашақ сарбаздарға ақ батасын берді.
– Ата-аналар атынан егемен еліміздің берік қалқаны әскерге аттанғалы тұрған балаларымызға сәттілік тілеймін. Төрт ұлым да әскер қатарында болып, абыроймен оралды.
Әскер ұлдарды шыңдап, сабырлылық пен төзімділікке тәрбиелейді, есейтеді. Енді, міне, тұңғыш немеремді әскерге шығарып салып тұрмын. Барша әскерге шақырылушыға аман-есен, абыроймен оралыңыздар деген аналық ақ тілегімді білдіремін», – деді Бәйтерек ауданы Белес ауылының тұрғыны Айсұлу Шәріпбаева.
Ал болашақ сарбаздар Нұрлыхан Қабдығалиев: «Біздер Семей қаласына №30-217 әскери бөлімшеге, құрлық әскерлерінің механикалық бригадасы на қасиетті борышымызды өтеуге аттанып барамыз. Құрметті ата-аналар, сіздердің үміттеріңізді ақтауға, әскери міндетімізді адал атқаруға, жауынгерлік антымызға берік болуға ант етеміз. Қымбатты жауынгерлер, бізге көрсетілген құрмет пен сенімге лайықты, антымызға адал болып, өзімізді жақсы қырымыздан көрсетіп, сынақтарға сынбай, төзімділік танытуымыз қажет. Әке-шешеміздің, достарымыздың, іні-қарындастарымыздың сенімін ақталық», – деп жастық жігермен нық сөйледі.
Мерекелік жиын Достық үйіндегі өнерпаздардың концерттік ұласты.
Гүлнар Шәңгерей,
zhaikpress.kz