«Әскери баспана» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға құжат қабылдау 1 ай бойы жүреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Отбасы банкіне сілтеме жасап.
Фото: instagram.com/p/CgJrgQwtkpp/otbasy_bank_kz
«Көптен күткен «Әскери баспана» 8/15 бағдарламасы тамыз айында басталады. Құрметті тұрғын үй төлемін алушылар, жұмысыңыздың оңай еместігін білеміз, сол үшін сіздерді бірнеше тамаша жаңалықпен қуантқымыз келеді. Бағдарламаға қатысуға өтініш беру үшін 1 айға созылады. Бұл дегеніміз, өтінім беруге барлық қатысушылардың уақыты жетеді», - деп жазылған банктің Instagram парақшасында.
Хабарламада айтылғандай, ипотеканы банк бөлімшесіне бармай-ақ, консьерж сервис арқылы онлайн ресімдеуге болады.
«www.hcsbk.kz және www.otbasybank.kz сайты арқылы бейне қоңыраудың көмегімен жұмыста отырып рәсімдеуге де болады. Ипотеканы онлайн ресімдеп, сіз уақытты ғана емес, ақшаны да үнемдейсіз. Ипотеканы онлайн рәсімдеу 50% арзанырақ», - деп мәлімделген.
Сондай-ақ, банк аталған бағдарламаның басталуын күте алмайтын немесе тұрғын үй ипотекасын 8%-дың орнына 6%-бен алғысы келетіндерге ұсыныс жасап отыр.
«Әскери баспана» бағдарламасы бойынша 6/50 несиесін алуға болады:
6% - ипотека бойынша пайыз;
50% - бастапқы жарна.
Бұл бағдарламаны Отбасы банк арқылы кез келген уақыт ресімдесеңіз болады.
Осы бағдарлама бойынша 50% жинақталып, бір жылда 752 тұрғын үй төлемін алушы несие рәсімдеді.
Бағдарламаға қатысуда ешқандай байқау мен кезек жоқ.
Фото: instagram.com/p/CgJrgQwtkpp/otbasy_bank_kz