17.07.2025, 17:30
Оқылды: 162

Әскери борышты өтеу – қасиетті міндет

Әскер жасындағы жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздығы көпшілікті алаңдатып отыр. Бұл сұрақ – Қазақстанда және басқа елдерде жиі талқыланатын маңызды әлеуметтік тақырыптардың бірі. Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, жергілікті атқарушы құрылымдардың қаулысы бойынша әскерге шақыру комиссиялары құрылды. Наурыздың  1-3-і мен маусымның 30-ы аралығында әскерге шақыру науқаны жүрді. Әрине, жастар жап-пай әскерге барудан қашып жатыр десек артық. Бірақ барам деп жұлқынып тұрған жастар көп деуге де келмейді. БҚО қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Альберт Бекмұхановтың айтуынша, қазіргі таңда жоспарланған меже орындалып, әскери борышын өтеушілер легі аттандырылды.

Сарбаз ЖП Орал

– Шекара қызметіне 76 адам жіберілді. Мемлекеттік күзет қызметіне 9 адам жөнелтілді. ҚР қарулы күштерінің әскери бөлімдеріне, яғни барлау, десанттық шабуылдаушы бригадаларға, әуе, әуе қорғаныс бөлімдері, теңіз жаяу әскері мен әскери теңіз күштеріне жігіттер жинақталуда. Қазір төтенше жағдай бөлімдері мен Ішкі істер минстрлігінің Ұлттық ұлан әскеріне сарбаздар жиналды, – деді подполковник Альберт Бекмұханов Былтыр облыста күзгі шақырылымда 600, көктемгі шақырылым кезінде 600 азамат аттанса, биыл олардың саны артып отыр. Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес биыл әр шақырылым сайын 700-ден астам жігітті әскерге аттандыру керек. Альберт Маркистұлы әскер жасындағы азаматтарға шақыру қағазын беру кезінде көптеген қиындық туындап отырғанын айтады.

– Әскер жасындағы азаматтардың көбінің тұрғылықты жері мен тіркеуге қойылған жері екі түрлі. Соның кесірі бізге тиіп жатыр. Қазіргі таңда 57 үй иесін әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 493-бабы бойынша жауапкершілікке тарттық. Яғни үй иелері нақты тұрмайтын азаматтарды есептен шығармағаны үшін айыппұл арқалады, – дейді подполковник.

Жастарды әскерге жинауға жауапты офицер патриоттық тәрбие мен азаматтық борыш ұғымы жастарды аса толғандыра бермейтінін айтты. Тіпті кей ата-ананың өз балаларын әскерге жіберуге құлықты еместігіне де көз жеткізген. Осыған байланысты басқарма ауған, тәжік-ауған соғыстары-ның қатысушылары, Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтар мен Семей полигонында әскери борышын өтеген ардагерлермен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырып, білім басқармасымен бірге мектептерде патриоттық сағаттар өткізуді қолға алды. Тіпті әскерге шығарып салу, күтіп алу шаралары да жастардың құлшынысын оята қоймайтын секілді. Соған қарамастан, жастардың патриоттық сезімін оятып, әскери-теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыру мақсатында бес күндік далалық жиындар ұйымдастырылды. Білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырылатын мұндай жиындар өзіндік пайдасын тигізуде.

– Далалық жиындар жоғары сынып оқушыларының әскерге, әскери өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Өңірдегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері бұл жиындарға үлкен жауапкершілікпен қарайды, – деді Казталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева.

– Кей білім ошақтарында мұндай іс-шаралар мектеп спортзалында өтеді. Оқу-жаттығу далада өткені дұрыс. Биыл Казталов ауданының білім беру бөлімі ауыл сыртына шатырлы қалашық тұрғызып, сол жерде жиын өткізді. Бұл оқушылар үшін өте пайдалы, – дейді БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Альберт Бекмұханов. Расымен де, жастарға әскери өмірдің қандай болатынын сезіндіру маңызды.

– Болашақ Отан қорғаушыларды борышын өтеуге даярлау мектеп қабырғасынан бастау алады. Бұл жөнінде ҚР Қорғаныс министрлігінің «Бастапқы әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы да бар. Осы құжат негізінде жыл сайын 10-сынып оқушылары арасында далалық оқу-жаттығу жиындары өткізіледі, – дейді Самал Жангереева.

Маңызды шара соңғы бес жылдан бері үзіліссіз өтіп келеді. Аудан басшылығы да бұл бастамаға қолдау танытып отыр. Жоғары сынып оқушыларын әскери өмірге барынша жақындатылған жағдайда дайындалады. Бес күнге созылған далалық жиын барысында оқушылар қару қолдану, қорғаныс траншейларын қазу, граната лақтыру тәсілін меңгереді, әскери наряд және қарауыл қызметін атқарады. Далалық жағдайда тамақ дайындауды да өз мойындарына алады. Биылғы далалық оқу-жаттығу жиынына ауданның 20 мектебінен 204 оқушы, 20 алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары қатысты.

Әскери билеті бар азамат оқуға түсе алады, жұмыссыз да қалмайды

Әскерге баруға үгіттеу жұмыстары жүргізілмей жатыр деуге әсте болмайды. Десе де, көп жас бір жыл уақытым босқа кетеді деген сылтаудан тайынар емес. Осы орайда әскер жасындағы бірнеше азаматты сөзге да тарттық. Биыл колледжді аяқтайтын Мәжит Жұмағали есімді жас өмірін спортпен байланыстырғанын айтады.

– Мен – қазақ күресінен облыс құрамасының мүше­сімін. Өмір бойы спортпен шұғылданғым ке-леді. Бабымда жүрген шақта әскер қатарына кетіп қалғым келмейді, – деп жауабын қысқа қайырды ол.

Ал оның досы өзін Нұрхан Қарасай деп таныстырған жігіт қазір әскери кафедрада оқуда екенін айтты.

– Оқуымды аяқтаған соң бірден еңбекке араласып, ата-анама қолғабыс қылғым келеді. Сол себепті әскери кафедраға тапсырдым. Күні кеше арнайы жиыннан өттік. Әскери ант қабылдадық. Көп жігіт әскерде бір жыл уақытым зая болады дейді. Бірақ сол жігіттердің көбі бір жыл бойы көше кезіп, қыдырып, оқусыз, жұмыссыз жүреді. Одан да сол он екі ай бойы әскерде шыныққан дұрыс деген ойдамын, – деді Нұрхан.

Бұл жігіттің де сөзінің жаны бар. Бір жыл босқа үйде жатқанша, әскерге барып келген дұрыс секілді. Оның үстіне осы күні әскерде өзін жақсы қырынан көрсете білген жастар еліміздің үздік оқу орындарына ҰБТ нәтижесінсіз түсуге мүмкіндік алады.

– Әскери борышын өтеп келген азаматтар Ұлттық бірыңғай тестілеуінсіз жоғары оқу орындарына түсе алады.

«Срочник 2.0» деген арнайы бағдарлама арқылы күзде 1500, көктемде 1500 азамат арнайы конкурс арқылы гранттарға ие болады, – дейді подполковник Альберт Бекмұханов.

Десе де, әскерге бардым, бір жыл жүрдім, оқу гранты дайын тұр деп қамсыз жүрудің қажеті жоқ. Сарбаз физикалық және саптық дайындықта жақсы нәтиже көрсете білуі керек.  Әскерде өзін жақсы қырынан көрсете алған жастар еліміздегі 74 оқу орнының бірін таңдайды. Олардың ішінде Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Орал шаһарындағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ секілді оқу орындары бар.

– Жылына 30 мың жас әскерге алынады. Оның он пайызының ғана оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Біреулер аз деуі мүмкін, бірақ жастар үшін бұл – тамаша мүмкіндік, – дейді БҚО қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Альберт Бекмұханов.

Жуырда Орал қаласындағы Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517-әскери бөлімінде қызметін мінсіз атқарған сарбаздар жоғары білім грантына ие болды. Енді олар елдің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алады.

Әр сарбаздың жетістігі күнделікті бақылауға алынып, арнайы журналдарда тіркеледі. Жүйелі түр-де жүргізілетін рейтинг нәтижесі электронды үлгіде сарапталып, әділ шешім қабылданады.

– Грант иегерлері – азаматтық борышын абыроймен өтеп, әскери дайындықта жоғары көрсеткішке қол жеткізген жастар. Биыл осындай мүмкіндікке 21 сарбаз ие болды. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ, еліміздің беделді университеттеріне түсе алады, – дейді бөлім командирінің орынбасары Дәурен Рахымбеков.

Білім грантына ие болған сарбаздың бірі – Ғалымжан Көшер. Ол «Срочник 2.0» бағдарламасы арқылы өз армандаған оқу орнына түсу мүмкіндігіне ие болған.

– Ұлттық ұланда қызмет ете жүріп, өз болашағыма нақты қадам жасадым. Бұл мүмкіндік үшін командирлеріме зор алғыс білдіремін. Мен «Astana IT University» оқу орнын таңдап отырмын, – дейді жауынгер.

Одан бөлек, көп жасты әскерден келген соң жұмыссыз қалып қоямыз ба деген ой да мазалайды. Бірақ ҚР Еңбек кодексіне сәйкес әскерге аттанған жастардың жұмыс орындары сақталады.

– Жұмыс істеп жүрген жас әскерге аттанған кезде оның жұмысы уақытша тоқтатылады. Бірақ ол оралған кезде бұрынғы жұмыс орнына барып, әскерге дейін атқарған қызметін жалғастыра алады, – деді Альберт Маркистұлы.

Несиелік демалыс

Шынын айту керек, қазіргі таңда несиесіз жүрген адам кемде-кем. Кей жігіттер әскерге кетіп қалсам, несиемді кім өтейді дегенді желеу қылады. Соны ескерген Қорғаныс министрі екінші деңгейлі банктермен меморандумға отырып, сарбаздарға несиелік демалыс берілетін болды. Сонымен қатар «Банк және банктік қызмет туралы», «Коллекторлық ұйымдар туралы» заңға және үкіметтің әскери қызметті ұйымдастыру және жүргізу туралы №620 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның арқасында әскери қызметін өтеуге шақырылған әр азаматтың несиелік берешектері 14 айға тоқтатылады.

– Бір жыл әскери борышын өтеп келген азаматтың екі ай бойы несиесі тоқтатылады. Ол екі ай – жастың тұрақты жұмыс тауып алуына берілген мүмкіндік. Осы уақыт ішінде ешқандай пайыздық өсім болмайды, – дейді подполковник А. Бекмұханов.

Бұл заң күшіне ене бастаған 2023 жылы 5000 сарбаздың жалпы сомасы 1 млрд 875 млн теңгені құрайтын несиесі кейінге қалдырылса, былтыр 60 мыңға жуық жас сарбаздың несиесі уақыташа тоқтатылған. Ал биыл 17 мыңнан аса әскери қызметшіге 6,6 млрд теңге көлемінде «несиелік де-малыс» берілді. Бұл да бір жеңілдік.

Көріп отырғанымыздай, үкімет Отан қорғаушыларға барынша жағдай жасап, олардың алаңсыз борышын өтеуіне мүмкіндік туғызып отыр. Бұл өте жақсы. Десе де, әскерге сау аттанып, сол жақтан мүгедек болып оралып жатқан, тіпті мырыш табытпен үйіне қайтқан сарбаздар жайлы ақпарат та жиі. Ондай фактілердің бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сол себепті де жастар құлықсыз секілді.

Р. S. Шетелде жүргенімде әзербайжандық жігітпен таныстым. Әрқайсымыз өз елімізді мақтап, жетістігімізбен мақтанып, ақыр соңында түркі әлемінің бірігуі жайында да әңгіме қозғадық. Сонда әлгі Әзербайжан жігіті: «Сіздің президент Тұран туралы көп айтады. Біз қарсы емеспіз. Бірақ сіздің жастар әскерге баруға түбегейлі қарсы екенін көріп, біліп жүрміз. Қазаққа жау тисе, біз қорғауға дайынбыз. Бізге жау тиген кезде өз әскерінен безіп жүрген қазақ жігіттері бізді қорғауға келеді дегенге сене алмаймын», – деп ұялтты.

Расымен де, Әзербайжан елінің әр жігіті әскерге баруды борышы санайды. Әскерге барып келген азаматты құрмет тұтады. Ал әскерге барудан бас тартқан жігіт қана емес, оның отбасы да елден шығарылмайды. Мұндай шектеу көрші Өзбекстан елінде де бар. Ол жақта әскери билеті жоқ азамат сырт елге шыға алмайды. Мұндай шектеу адам құқығының бұзылуы екені сөзсіз. Бірақ Отан біреу. Оны қорғау – абыройлы міндет. Сол себепті әскер жасындағы азаматтар ойланса екен.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале