Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың шешімімен 5 ақпан - 5 мамыр аралығында Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты әскери-патриоттық эстафета жалғасуда. Осыған орай кеше Орал қаласының Жеңіс алаңында эстафетаның Жауынгерлік Ту көшірмесін қарсы алу-тапсыру бойынша салтанатты іс-шара өтті.
Жиынға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты. Сондай-ақ әскери марафонға полиция, төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылары, әскери бөлімдері мен бөліністерінің, ішкі істер құрылымдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері атсалысуда.
Бүгінге дейін 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесі Ұлттық ұланның гарнизондарын аралап келеді. Осыған дейін Алматы, Қасқелең, Ұзынағаш, Қаракемір, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында орналасқан әскери бөлімдерінде болған еді. Кеше Орал қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517-әскери бөлімі марафонды қабылдап алды. Әрі қарай бұл шара еліміздің ең ірі жеті қаласында жалғасын таппақ. Ал эстафетаны табыстау 7 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында Жеңіс күніне арналған әскери парадта аяқталады деп жоспарлануда.
Эстафетаның Қазақстан аумағын теміржол және аутокөлікпен шарлаудағы жалпы жолы 11 мың шақырымды құрайды.
Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер