Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында ЮНЕСКО-ның балалар өнер мектебі-клубының «Өмір бояулары» атты көрмесі ашылды.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жас суретшілер өз картиналары мен мүсіндерінде Отанға, анаға деген сүйіспеншілік, Қазақстан халқының достығы сияқты тақырыптарды бейнелеген. Сонымен қатар көрмеде жануарлар жанрындағы жұмыстар мен пейзаждық кескіндемелер де бар.
Көрменің ашылу салтанатында Мемлекеттік әскери-тарихи мұражай бастығының орынбасары Сырым Хасенов ЮНЕСКО балалар көркемсурет мектебі-клубының директоры Гүлзия Исеноваға мұражай ісін насихаттау мен дамытуға қосқан үлесі үшін алғысхат табыс етті.
ЮНЕСКО балалар көркемсурет мектебі-клубы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Райса Бадриденованың айтуынша, көрме қалалық балалар көркемсурет мектебінің 40 жылдық мерейтойына арналып отыр.
– Көрмеге мектеп оқушыларының 120 үздік жұмысы қойылды. Олардың қатарында картиналар, мүсіндік композициялар, керамикалық бұйымдар, сондай-ақ жас суретшілердің сәндік-қолданбалы өнер туындылары бар. Жұмыстар графика, батик, киіз және майлы кескіндеме сияқты әдістермен жасалған. Біздің өнерлі балаларымыз әлемді мейірімді әрі жарқын етеді, – деп атап өтті педагог.
Балалар көркемсурет мектебі – өзіндік дәстүрлері қалыптасқан, педагогикалық қызметте мол тәжірибесі бар, қаламыздағы эстетикалық тәрбие беретін әдістемелік орталықтардың бірі. 2008 жылы ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы оған ЮНЕСКО клубы мәртебесін берді. Мектеп түлектері Қазақстан мен ТМД-ның үздік жоғары және арнайы көркемсурет оқу орындарында білім алуда. Олардың бәрі сұранысқа ие дизайнер, архитектор және суретші болатынына сенімдіміз.
«Өмір бояулары» көрмесі бір ай жұмыс істейді.