Жақында Орал шаһарында орналасқан ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінде “Әскерге шақырылушы күні” атты әскери-патриоттық акциясы өтіп, оған 20-дан астам әскерге шақырылушы қатысты.
Дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараның негізгі мақсаты – әскери қызметті насихаттау, Отанға қызмет етудің маңыздылығын ұғындырып, патриоттық сезімге тәрбиелеу болатын.
Іс-шарада болашақ Отан қорғаушылар үшін бағдарлама дайындалып, олар кинологтың қызметтік итпен жұмыс жасауы, әскер тәжірибесінде қолданылатын атыс қаруының түрлерімен танысты.
Мұнан соң олар қызмет атқаратын сарбаздардың әскери өмірімен және тұрмысымен жақынырақ танысып, сарбаз асханасын, жатын орындарын, спорт бұрышын аралап көрді.
Өз кезегінде әскерге шақырылушылар алдында 5517 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов жылы лебізін білдірді.
– Жастар – біздің болашағымыз. Осындай кездесулерді жиі өткізсек, жастарға еліміздің тарихы туралы неғұрлым көп айтатын болсақ, оларда патриотизм рухы соғұрлым күшті болады. Нағыз ер адам өз Отанын қорғап, үлкенкішіге құрмет көрсете білу керек.
Бұл мызғымас ұстанымдар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келді. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде жастар арасында патриотизмді нығайта түсетіндігімізге сенемін, - деді Жәнібек Сәрсенов.
Шара соңында әскерге шақырылушылар сарбаз ботқасынан дәм татты.
Ерболат Сұлтанов,
ҚР Ұлттық ұланының “Батыс” өңірлік
қолбасшылығының баспасөз хатшысы,
подполковник