15.10.2023, 11:05
Оқылды: 113

Әскерилердің беріктілігі тексерілген сынақ

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы үш жылда бір келетін инспекторлық тексерістен өтті. Инспекторлық тексеріске Атырау, Ақтау, Орал қалаларында орналасқан Ұлттық ұланның әскери бөлімдері қатысты.

DSC_3020   

Қорытынды тексерістің мақсаты Ұлттық ұлан әскерінің жауынгерлік дайындығының жай-күйін, әскери қызметшілердің даярлығын, кәсіби шеберліктерінің деңгейін, тәрбие жұмысы және заңдылықпен құқықтық тәртіптің ахуалы, қару-жарақпен әскери техникалардың жай-күйін анықтау болып табылады. Сонымен қатар аталмыш тексеріс взвод, рота, батальон және әскери бөлімдердің оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау деңгейін, жауынгерлік даярлық жоспарлары мен бағдарламаларын орындау барысында бөліністердің және бөлімшелердің қысқа мерзімде қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындауға әзірлігін тексеру.

Тексеріс басталмас бұрын «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев әскери бөлімнің мәжіліс залында комиссия мүшелеріне және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауржан Абжановқа өңірлік қолбасшылықтың жауынгерлік дайындығының жай-күйімен таныстырып, баянат жасады. Қолбасшының баянаты тыңдалғаннан кейін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауржан Абжанов, комиссия мүшелерін жеке-жеке таныстырып өтті.

DSC_2992

Мәжіліс залындағы жиын аяқталысымен арнайы құрылған комиссия мүшелері өз бағыттары бойынша сынақ қабылдауға кірісіп кетті.

Инспекторлық тексерістің алғашқы күні дәстүрлі түрде әскери бөлімнің саптық алаңында саптық байқаудан басталды.

DSC_2976

Саптық байқауда әскери қызметшілердің сыртқы киім үлгілері, жеке құжаттары, командирлік сөмкелері және теориялық білім деңгейлері тексерілді. Одан кейін әскери қызметшілер саптық алаңда қарумен және қарусыз, жеке және бөлімшемен бірлесіп орындалатын саптық тәсілдерді орындады. Саптық алаңдағы саптық тәсілдер орындалғаннан кейін әрбір әскери бөлініс саптық шерумен өтіп, әскери және патриоттық әндерді шырқады. Саптық байқау әскери бөлім жеке құрамының әскери оркестрдің қолдауымен «Мен қазақпын» әнін орындаумен қорытындыланды.

DSC_2964

Өңірлік қолбасшылықтың барлық санаттағы әскери қызметшілері мемлекеттік-құқықтық дайындық, жалпы әскери жарғы, кәсіби лауазымдық даярлық пәндерінен тестілеу бойынша сынақтар тапсырды.

DSC_2958

Инспекторлық тексерістің екінші күні таңмен таласып өңірлік қолбасшылықтың жауынгерлік әзірлігін тексеру мақсатында «ДАБЫЛ» қағылды. Әскери бөлімдерге түскен бұл белгі бойынша барлық санаттағы әскери қызметшілер жауынгерлік есепке сәйкес әрекет етіп, өздеріне бекітілген қару-жарақтарын, басқада қорғаныс құралдарын арқаланып саптық алаңға жүгіре келіп, жауынгерлік есеп бойынша топ-топқа бөлініп тұра қалды. Бұл жерде әскери қызметшілердің қару-жарақтары және үш тәулікке жететін азық-түліктері мен қосалқы киім-кешектері салынған сөмкелері тексерілді. Сондай-ақ өңірлік қолбасшылықта жауынгерлік әзірлікті тексеру кезінде командалық-штабтық жаттығу өткізілді. Ондағы мақсат әскери бөлімдерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру, жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде бағыныстыларын дұрыс басқару және өзара бірлесіп іс-қимыл жасайтын органдармен бірлескен іс-әрекеттерді ұйымдастыру бойынша жалпы әскери бірлестіктің, командалық құрамның практикалық дағдыларын жетілдіру еді.

DSC_2951

Командалық-штабтық жаттығу барысында жаңа автоматтандыру жүйелерін пайдалана отырып әскерлерді басқару мәселелері пысықталып, барлық деңгейдегі лауазымды тұлғалардың іс-қимыл алгоритмдері нақтыланды. Командалық штабтық оқу-жаттығу кезінде арнайы құрылған комиссия мүшелері әскери бөлім командирлеріне әртүрлі жауынгерлік тапсырмалар қойып, бөлім командирлерінің жылдам және нақты қабылданған шешімдері жеке-жеке тыңдалды.

DSC_2938

Тексерістің үшінші күні әскерилер дене даярлығы бойынша сынақ тапсырды. Физикалық сынақты тапсырмас бұрын әскери бөлімнің медицина қызметкерлері әрбір әскери қызметшінің денсаулығын жіті тексеріп шықты. Медицина қызметкерлерінің тексерісінен кейін «Командир көпке үлгі» деген ұранмен басшылық құрам бірінші болып сынақ тапсырды. Дене даярлығы бойынша сынақ тапсыру кезінде әскерилер белтемірге тартылу, қоян-қолтық ұрыс, 100 және 1000 метрге жүгіру бойынша нормативтерді орындады. Дене даярлығы бойынша нормативтерді орындау барысында «Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасарлары полковниктер Нариман Акбаров, Павел Ситников, Бақыт Алазов өздеріне берілген нормативтерді жағары деңгейде орындап шықты. Ал басқарма және қызмет бастықтары арасында полковниктер Қарақат Куйханов, Хамит Казенов, Ерден Балгимбаев, подполковниктер Асхат Арыков, Самат Альмишев, Генадий Шкрепко, Бақтияр Қалдыбеков, Мамай Губашев, Қайрат Өнгербаев, майорлар Берік Рашев, Дархан Мұнайтпашев, Айбек Искаковтар берілген нормативтерді «Өте жақсы» деген бағаға орындады.

DSC_2894

Тексерістің төртінші күні әскерилер «Сұңқар» оқу-жаттығу орталығында атыс өнер дайындығы бойынша сынақ тапсырды. Тексеріс далалық жағдайда өтті. Әскерилер атыс алаңына келісімен оларға қаруды қолдану кезіндегі қауіпсіздік шаралары жеткізіліп, атыс өнер дайындығы бойынша теориялық білімдері тексерілді. Тексеріс барысында әскерилер АК-74 және Макаров тапаншасынан күндізгі және түнде орындалатын оқу-ату жаттығуларын орындап өздерінің сұр мерген екендерін дәлелдей білді. Макаров тапаншасынан №4 жаттығуды орындау барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы полковник Ерден Балгимбаев, жүгіріп келіп оқу-ату жаттығуын орындау кезінде үш нысанадағы ондыққа тигізіп ерекшеленді.

- Инспекторлық тексеру кезінде әрбір әскери қызметшінің басты міндеті -жоғары нәтижеге қол жеткізу. Тексеру кезінде өңірлік қолбасшылықтың жеке құрамы өздерінің жоғарғы білімдерін сонымен қатар моральдық-психологиялық, физикалық тұрғыдан жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын екендіктерін көрсете білді. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері тек тексеріс кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де ерлік пен жауынгерлік қызметтің үлгісін көрсетуі тиіс, деп атап өтті "Батыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Павел Ситников.

DSC_2932

Инспекторлық тексерісті қорытындылай келе Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауржан Абжанов, жауынгерлік қызметтің негізгі бағыттары бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығында көптеген жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етіп, өңірлік қолбасшылықтың жауынгерлік әзірлігіне «жақсы» деген баға берді. Сонымен қатар «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери қызметшілерін осы нәтижемен тоқтап қалмай, әскери дағдыларды одан әрі жетілдіруге шақырды.

Сондай-ақ инспекторлық тексеріс барысында барлық пәндер бойынша жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан грамоталар табыстады.

- Инспекторлық тексеріс бұл үш жылда бір келетін сынақ. Биылғы жылы бұл сынақтан Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы сүрінбей өтті. Тексеріс барысында әскери қызметшілердің теориялық білімдерімен практикалық даярлықтары тексерілді. Біз Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы 2023 жылдың басында жауынгерлік дайындық бағдарламасына толықтай өзгертулер енгізген болатынбыз. Яғни ескі бағдарламадағы әдістемілік сабақтарды практикалық, далалық жағдайда өткізілетін жиындармен сабақтарға алмастырдық. Сол өзгертулердің нәтижесі «Батыс» өңірлік қолбасшылығында өткен инспекторлық тексеріс барысында өз жемісін берді деді,- Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауржан Абжанов.

Иә, бүгінде еліміздің ішкі қауіпсіздігі мен тұрақтылық жүгін арқалаған Ұлттық Ұлан әскерлерінің алдында зор міндеттер тұр. Ең бастысы мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау жолында Ұлттық ұлан әскерінің жауынгерлік әзірлігін одан әрі күшейте түсуіміз қажет. Ол үшін Ұлттық ұлан әскерлерінің әр әскери қызметшісі өзінің жеке жауапкершілігін арттырып, кәсіби шеберлігін пысықтап, әскери тәртіпті қатаң сақтауды естен шығармағаны жөн.

Әубакир Ертуған,

Капитан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале