Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды және дәл қазіргі уақытта мектепке дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оқушының ең қажетті құралы – сөмке.

Ата-аналар баласының таңдауына ерік беріп, көп жағдайда сапаға, талапқа көңіл бөлмей сауда жасап жатады. Ендеше, сөмке таңдаған кезде неге көңіл аудару қажет? Мектеп жасындағы балалар өсудің өсу кезеңінде, сондықтан омыртқа-қорғау функциясы бар мектеп сөмкелерін қолдануға тырысу керек. Оқулықтар салынған жалпы сөмке салмағы бала салмағының 10 пайызынан аспауы тиіс. "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығының талабына сәйкес, күн сайынғы оқу жиынының салмағы:
1-3-сыныптардың білім алушылары үшін – 1,5-2,0 кг;
4-5-сыныптардың білім алушылары үшін – 2,0-2,5 кг;
6-7-сыныптардың білім алушылары үшін – 3,0-3,5 кг;
8-11(12)-сыныптардың білім алушылары үшін – 4,0-4,5 кг - нан аспауы тиіс.
Қараңғыда жарық шашатын сөмке таңдау да - бала қауіпсіздігі үшін маңызды. Мұндай сөмкені таңғы және кешкі уақытта жолды кесіп өтерде көлік жүргізушілері тез байқайды.
Сөмкенің қатты ортопедиялық арқалығы болуы тиіс, асынатын баулары жалпақ болсын және тұтқасы ұзындығы бойынша реттелуі керек. Мектеп сөмкесінің өлшемі мен салмағы баланың бойы мен жас ерекшелігіне сәйкес келуі керек, бос сөмкенің салмағы 1 кг аспауы тиіс. Ауыр рюкзакты алып жүру өз кезінде сколиоз, остеохондроз, кифоз сияқты ауруларды туғызуы мүмкін. Әр ата-ана үшін бала денсаулығы қашанда – басты назарда.
Сондықтан, мектеп сөмкесін таңдаған кезде тек қана баланың таңдауың емес, жоғарыда аталған кеңестерді де ескерген жөн.
З.Ажигалиева,
БҚО СЭБД білім беру және тәрбиелеу объектілерін
бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы