27.05.2025, 16:00
Оқылды: 470

Ассамблеяға арналған тұжырымдама талқыланады

Қазақстан халқы  ассамблеясының «Бірлік  пен  келісім  жолындағы  30  жыл»  атты  ХХVII  сессиясы  өтті.  Аймақтық деңгейдегі бұл  маңызды  іс-шара  ассамблеяның  қоғамдағы  орны  мен  бірлік  жолындағы  үлесін  тағы  бір  мәрте  айқындады.

Аким - АНК - Каткова (17)

Жиынға этномәдени  бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, ақсақалдар мен аналар кеңестері, мәслихат депутаттары, еріктілер қозғалысы мен жастар қатысты. Сессия жұмысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық етті. Жиынның ашылу салтанатында өңір басшысы «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбында сөз сөйлеп, қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайтудағы ассамблеяның рөлін  атап  өтті.

– Қайырлы күн, құрметті ассамблея өкілдері, сессияға қатысушылар! Бүгінгі сессиямыз Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр.

Бұл – терең мағынаға ие тарихи межелер. Себебі қос оқиға да халқымыздың табандылығы мен тұтастығының айғағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сәуір айында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» күн тәртібімен шақырылған ХХХIV сессиясында ассамблеяның елдік рөліне жан-жақты баға беріп, оның қазіргі заман талаптарына сай жаңғыруы қажеттігін атап өтті. Президентіміз ассамблеяны «Ұлттық бірлікті нығайтатын жалпыхалықтық құрылым» деп атап, оның қызметіне стратегиялық тұрғыдан қарауымыз керек екенін айтты. Шын мәнінде, 30 жыл ішінде ассамблея этносаралық татулық пен дінаралық келісімді нығайтуда, қоғамдық тұрақтылықты сақтауда өлшеусіз еңбек сіңірді.

Бүгінгі таңда облысымызда  50-ден астам этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Олар  мерекелік шаралармен шектелмей, қайырымдылық, ағартушылық және жастармен тәрбиелік жұмыс бағытында белсенділік танытып  отыр, – деген өңір басшысы  бұдан әрі «Елдесу және татуласу» жобасына кеңірек тоқталды. – Президенттің маңызды тапсырмасы бойынша осы жобаның ауқымын кеңейту қажет. Қоғамдық ке­лісімнің өңірлік инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында ауылдық жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды. Бұл халық арасындағы татулық пен түсіністікті нығайтып, қоғамдағы тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді. Осы ретте аудан әкімдерімен бірлесе отырып, Достық үйлері «Елдесу және Татуласу» жобасын іске асыру үшін арнайы жұмыс кестесін әзірлеп, аудандарды аралау жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс. Аталған тапсырманың орындалуын бақылау облыстық қоғамдық даму басқармасына жүктелсін. Сонымен қатар Теректі және Бөрлі аудандарындағы Достық үйлерінің техникалық-материалдық базасын нығайтуды, сондай-ақ басқа аудандардағы этномәдени орталықтармен жұмыс жүргізетін мәдени ошақтардың қызметін жандандыруды тапсырамын. Президенттің Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIV сессиясында көтерген мәселесіне сәйкес  «Қазақстан халқы ассамблеясының 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын» әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында ассамблеяның барлық құрылымдық бөлімшелерінен, әсіресе этномәдени бірлестіктерден ұсыныстар жинап, оларды тиісті деңгейде талқылаудан өткізуді тапсырамын. Бұл аталған тапсырманың орындалуын бақылауды облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевке жүктеймін. Ассамблея жанындағы «Ассамблея жастары» ұйымының атқарып жатқан жұмысы аз емес, дегенмен оның қызметін одан  әрі жандандыру үшін нақты шараларды қолға алу қажет, – деді Н. Төреғалиев.

Сессия барысында бірқатар спикер сөз алып, түрлі тақырып бойынша пікірлерін ортаға салды. БҚО ҚХА аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Ел анасы» құрметті атағының иегері Шалқыма Құрманалина ұрпақ тәрбиесі, отбасылық құндылықтар мен аналардың қоғамдағы рөліне тоқталды. Ол «Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағы» тақырыбында баяндама жасап, аналар кеңесінің атқарып жатқан жұмыстарын мысал ретінде келтірді. БҚО ҚХА ассамблея кеңесінің мүшесі, «Таным» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, медиатор Құрман Бисеғалиев «Елдесу және татуласу – ұлттық бірлік пен келісімнің негізі» тақырыбында сөз сөйледі. Ол этносаралық қарым-қатынастарды реттеудегі медиацияның тиімділігін атап өтті. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы, депутат, Қазақстан Халық партиясы БҚО филиалының төрағасы Борис Лаврентьев ассамблеяның стратегиялық миссиясы жөнінде баяндама жасады. Лаврентьев бұл құрылымның азаматтық қоғамды дамытудағы орнына баса назар аударды. Жиын аясында айтылған пікірлер мен ұсыныстар өңірдегі этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, бірлікті сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелеуге ықпал етеді  деп  күтіледі.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале