18.05.2018, 16:25
Оқылды: 88

Астана мен БҚО арасындағы әріптестік қатынас нығая түспек

DSC_3914Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған делегация мүшелері облыстағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Өңіріміздегі Астана күндері аясында өткізілген пресс турда елордалық қонақтарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов бастап жүрді.

Делегация алдымен қаладағы «Стекло-Сервис» ЖШС-де болды. Айта кетейік, шыны өңдеуге және жоғары сапалы әйнек пакеттерін өндіруге маманданған «Стекло-Сервис» ЖШС өңіріміздегі ірі өндіріс ошағы болып саналады. 1999 жылдан бергі уақыт ішінде шағын шеберханадан ірі әйнек өңдеуші орталыққа айналған бұл кәсіпорын бүгінде құрылыс компаниялары мен кәсіпорындары арасында құрметке ие. Сонымен қатар компания үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама шеңберінде «Термомықтылығы күшейтілген әйнек өндірісі» жобасын іске асыруда. Бү­гінде компания финдік «Tam­Glass» фирмасы­ның құрал-жаб­дығын орнатып, шыдамдылығы мықты әйнек өндіреді. 700 гра­дус шама­сындағы оттың қызуына шың­­дал­ған әйнек әдеттегі қа­лып­ты жағдайынан 5-7 есеге мық­ты болады. Әрі құрылысқа пайдаланылатын мұндай әйнек сын­­ған кезде де қауіпсіз, яғни өт­кір болмайды, түйіршік түрінде ыды­райды. Сондай-ақ серіктестікте жарық диодты көпқабатты, флоат, термооқшаулағыш және өзге де әйнек түрлері өндіріледі.

Бұдан соң астаналық делегация «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Аталған серіктестіктің жоғары өндірістік әлеуеті бар, заман көшіне ілесе алатын кәсіпорын ретінде танылғанына 15 жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі уақытта компания жайма табақ, металл жабын, металл құрастырма, полиэтилен құбырлары, пластмассадан халық тұтынатын тауар түрлері, қабырғалық сэндвич-панель, техника қауіпсіздігі бойынша және жол белгілері өндірісіне маманданып алды.

Елордалық қонақтар оралдық «Батыс-Продукт» ЖШС-ні өндірісінде де болды. Бүгінде бұл кәсіпорын кондитер өнімдерін ішкі нарық қана емес, сонымен бірге Ресейге де шығарып отыр. Бұл туралы кәсіпорынның қаржылық директоры Евгений Попков мәлім етті.

DSC_4001Оның айтуынша, басты мақсат - қазақстандық тұтынушыларды сапалы өніммен қамтып, импорттық көлемді төмендету. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау-көмек өндірісті жаңғыртуға септігін тигізді.

-Бұл кәсіпорынның іске қосылғанына жеті жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде кәсіпорынның өндіріс ауқымы өсіп, серіктестік аясы кеңейді. Соңғы жылдар заманауи, жаңа құрал-жабдықтар қойылып, солардың тілін меңгерген жас мамандар жұмысқа алдынды. Бүгінгі таңда өнімдеріміз өз облысымыздан өзге еліміздің Семей, Өскемен облыстарына, Ресей елінің Самара, Тольятти, Челябинск, Казань, Нижний Новгород облыстарына жөнелтіледі. Кәсіпорын тәулігіне 2,5 тонна тәтті тоқаштар мен вафли өндіруге қауқарлы. Біз өз өніміміздің сапасына көп көңіл бөлеміз. Сондықтан да біздің тауарымызға деген сұраныс мол,-дейді Евгений Попков.

Сондай-ақ астаналық делегация өңірдегі «Агран» ЖШС, «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ сынды тағы басқа ірі өндіріс орындарын аралап көрді.

-Біздер Астана қаласының 20 жылдығына орай кешеден бері Батыс Қазақстан облысына келдік. Мереке аясында ұйымдастырылған бірқатар шаралардың куәсі болудамыз. Бұл жұмыс сапарымыздың басты мақсаты - 20 жыл уақыттың ішіндегі Астананың жеткен жетістіктерін паш етіп, басқа өңірлердегі атқарылған игі істерді көріп, тәжірибе алмасу болатын. Бүгін Орал қаласындағы бірқатар өндіріс орындарын араладық. Өзіме шыны өндірісі, пластикалық құбырлар өндірісі өте қатты ұнады. Болашақта Астана мен Батыс Қазақстан арасындағы әріптестік қарым-қатынас одан сайын нығайып, қоян-қолтық жұмыс жасайтын боламыз,-деді Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмырзаев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале