«Астана Опера» балет театрының әртісі Бақтияр Адамжан және Шұғыла Әдепхан Австралияда өткен халықаралық гала концертте өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ballet International Gala» атты әлемдік деңгейдегі гала концертінде өнер көрсетуге Орталық Азия елдерінен Қазақстан ғана шақырту алған. Біздің әртістер 26 қаңтар мен 5 ақпан аралығында Австралияның 2 қаласында болып, өнерлерімен тәнті еткен. «Ballet International Gala» бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Және бұл халықаралық деңгейдегі шара. Біз арнайы шақырту алдық. Әріптесім Шұғыла екеуміз барлығы 8 қойылым ұсындық. Біз «Спартак» балетін қойдық. Көрермендерге өте ұнады, себебі Спартак балеті көпке танымал және ол музыкасымен ерекшеленеді. Өкінішке қарай, балетті толықтай көрсету мүмкін болмады. Себебі карантинге байланысты адам саны шектеулі, яғни бүкіл құраммен бара алмадық. Біз үзінді көрсеттік», - деді Бақтияр Адамжан.
Оның айтуынша, балет өнері бойынша қазақстандық әртістер Австралия сахнасында алғаш рет өнер көрсетті.
«Әрине, біз гастрольмен біраз елде болдық. Оның ішінде Еуропа елдері де бар, АҚШ, Қытай және тағы басқа. Ал Австралияда Қазақстан атынан бірінші болып өнер көрсетіп отырмыз. Бұл біз үшін қуанышты жағдай. Себебі біздің өнеріміз таныла түсуде. Айтулы шараға әлемнің мен-мен деген әртістері мен балет өнерінің майталмандары қатысты. Жалпы Австралия халқы бізді жылы қарсы алды. Және алдағы уақытта тағы да Австралияға шақырту алдық», - дейді ол.
Сондай-ақ, қазақстандық әртістердің өнері туралы жергілікті өнер шолушысы Фил Браун The Courier Mail газетінде мақала жарық көрген. «Австралия сапары мен үшін ерекше өтті. Себебі күптеген өнер сапары болды. Ол жақтың халқы, өмір сүру деңгейі мен өнерге деген қызығушылықтары басқаша. Сапар барысында шетелдік әріптестерімізбен жақын танысып, достасып та алдық. Алғаш сахнаға шығарда аздап қобалжу болды. Дегенмен біз бұл сапарға жақсылап дайындалдық. Австралиялықтарды өз өнерімізбен тәнті еттік деген сенімдемін», - деді Шұғыла Әдепхан.