Астана қаласында Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы ұжымының «Ару Жайықтан — ерке Есілге!» атты концерті өтті.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен Батыс Қазақстанның мәдениеті мен өнері Арқаның төсінде салтанат құрды.
Екі жүзге жуық өнерпаздан тұратын филармонияның барлық шығармашылық ұжымы екі сағат бойы астаналық тыңдарманның алақанында тербелді. Өйткені бұл кеш тосын сыйларға толы болды. Әсіресе «Қыз Жібек» фильміндегі «Шегенің термесін» ұстазы Хатимолла Бердіғалиев пен шәкірті Қайрат Кәкімовтың бірге орындауы көпшіліктің көңілін шалқытты.
Күйтартысқа кезек келгенде қазақтардың қаны тулады, залдың іші улап-шулады. Күй тартысынан делебесі қозған көрерменге сопранолар мен баритондар арасындағы ән айтысы таңсық дүние болса да, таңдай қағысты. Тартысты сәт бұнымен бітпейді. Бір кезде Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен Ш.Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі арасында музыкалық дуэль басталып кетті…
«Біржан-Сара» операсынан үзінді орындалғанда қос оркестр, бишілер, камералық хор ұжымы атшаптырым сахнаны толтырып, жайнатып жіберді.
Жалпы кештің сыртқы форматы мен ішкі мазмұнына үңілсек, қазақ ұлттық музыкасы мен әлемдік классикалық музыканың айтысы болғанға ұқсайды.
Жаңа форматтағы кешті Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Аманжол Әлтай, Ермұрат Бәпи, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Ғалым Жайлыбай, Роза Мұқанова, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, «Хабар» агенттігінің басқарма басшысы Кемелбек Ойшыбаев, «АBAI TV» телеарнасының басшысы Азамат Кеңесұлы, министрлікке қарасты Мәдениет комитетінің репертуарлық саясат және өңірлік қызметті үйлестіру басқармасының басшысы Рига Оңаева, Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов т.б. құрметті меймандар тамашалады.
Айжан Бауыржанқызы