Сырым ауданы әкімдігі және Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Астана қаласындағы Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында суретші Мұратбек Жоламановтың шығармашылық жұмыстарының «Рухпен сырласу» атты көрмесі ашылды.
Көрменің ашылуы жайлы негізгі ақпаратты presidentlibrary.kz сайты жазды.
– Суретшінің көрмеге қойылған 30-дан астам жұмысы терең мазмұнымен және жарқындығымен ерекшеленеді. Мұратбек Жоламанов жарық жұлдыздай отандық бейнелеу өнерінің шыңына ізін қалдырды. Бұл ғасырлар тоғысындағы Қазақстанның көркемөнерінің ерекше бір құбылысы екені даусыз. ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңында қылқалам шебері дәуір бейнесіне айналған образдарды дүниеге әкелді, – дейді сайтқа берген сұхбатында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
Қазір көрменің жұмысы бойынша Астана қаласында іссапарда жүрген Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың хабарлауынша, көрменің ашылуы рәсіміне суретшінің жұбайы Гүлжәміш Жоламанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсентегі, БҚО тарихи музейінің директоры Мирболат Ерсаев және бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Суретшілер одағының мүшелері, Астана қаласындағы жерлестеріміз қатысыпты.
Көрме жұмысы 27 наурызға дейін жалғасады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
Суреттер: presidentlibrary.kz сайтынан алынды