Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалы алаңында өткен брифингте алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық барысы айтылды.
Баспасөз мәслихатына БҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Анвар Ниетқалиев, ҚР ҒЗИ Батыс-Қазақстан филиалының төрағасы, «ҚазАТБИ» ғылыми-білім беру кешенінің президенті, ҚР ҒЗА академигі Ақсерік Әйтімов қатысты.
А.Ниетқалиев брифинг барысында БҚО-да шетелдік және отандық инвестицияларды тарту, инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау, өңірдің инвестициялық климатын жақсарту, туристік жобаларды дамыту, басқа елдермен және өңірлермен сыртқы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту, туризм саласында қандай мемлекеттік қызметтер көрсетілетіні және басқа осындай салаларда жаңадан құрылған облыстың Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының қызметі туралы баяндады.
Сонымен қатар облыста Халықаралық мамандандырылған көрмеге дайындық барысында қандай жұмыстар жасалып жатқаны, ғылыми тұрғыдан инновациялық қызметтер жөнінде, облыстың ЖОО студенттері арасында еріктілерді дайындау және ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Астана қаласында БҚО мәдени күндерін өткізу туралы баяндалды.
ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттердің санаттары бойынша, қай жерлерде сатып алуға болатыны, билеттерді сатып алу кезінде қандай жеңілдіктер қарастырылатыны, сондай-ақ көрмеге қатысу бойынша өзінің туристік пакеттерін ұсынатын туристік ұйымдар туралы түсіндірілді.
Нұрбек ОРАЗАЕВ
zhaikpress.kz