Бүгін Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері басталды. Мәдениет күндері аясында Қабанбай батыр даңғылы бойында орналасқан этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық халық шығармашылық орталығы тарихи жәдігерлер және қолданбалы қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелерін ұйымдастыруда.
Музей жәдігерлері қойылған киіз үйлердің ішінде «Алтын ханшайым» экспозициясы, Құрманғазы домбырасының көшірмесі, Ә.Қастеевтің 1941 жылы салған «Төлеген мен Қыз Жібектің кездесуі» атты түпнұсқа картинасы, Жәңгір хан мундиірінің, оның жары Фатима ханымның салтанатты кеште киетін көйлегінің көшірмелері, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің үлгісін көруге болады. Сонымен қатар, музей қорынан алынған облыс аумағындағы Лебедевка, Қырықоба қорғандарынан табылған археологиялық қазба материалдары, алтын жапсырмалар, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдардың мол жиынтығы, өңір тарихына қатысты құнды құжаттар бар. 400-ге жуық музей жәдігері тамыздың 4-іне дейін келушілердің назарына ұсынылады.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz