7.08.2024, 10:45
Оқылды: 10

Астықты Бәйтерек ауданында егін орағы қызды

2F5FE5F3-9D42-42E3-AE80-A7E498381E2A

–  Ауданда күздік дақылдарды жинау жұмысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 30 198  гектар жердегі күздік дақыл жиналды. Әр гектарынан 11,2 центнер өнім алынды. Диқандар қамбаға 33 793,3 тонна дән құйды. Егін орағы жұмыстарына қажетті 3897,1 тонна жанар-жағармайды арзандатылған бағамен алу үшін шаруалар өтініш берген еді. Диқандардың дені егін жинау жұмыстарына қажет жанар-жағармайды ала бастады, - деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов.

 

Бұрыннан астықты аудан саналатын Бәйтеректе 109 мың гектар жерге дәнді дақыл егілсе, майлы дақыл алқабының көлемі 49 мың гектарды алып жатыр. Одан бөлек, шаруалар 40 мың гектардан астам жерге мал азығын, екі мың гектардан астам алқапқа картоп пен көкөніс және бақша өнімдерін салған. Келер жылға 55 000 гектарға күздік дақыл егу жоспарланған. Осы күні ауыл шаруашылығының басқа да салаларына көңіл бөле бастағанын айтқан аудан басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – экономиканы тұрақтандыру жолындағы не-гізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Бүгінде Бәйтеректе ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып, жеміс, көкөніс, дәнді дақыл өсіру, жылыжай шаруашылығы мен көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын іске қосу, асыл тұқымды мал сатып алу, кооперативтер құру жұмыстарына жіті көңіл бөлінуде.

– Ауданда сүт өндіруді төрт ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алды. Алғашқысы – «Батыс сүт» кооперативі. 9 ауылдан 6 тоннаға дейін сүт қабылдайды. Ал «Зеленов сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Зеленов ауылы тұрғындарынан сүт қабылдауды жүзеге асырып, «Каверин» ЖК-ға тапсырады. «Аманат – 2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Макаров ауылдық округ тұрғындарынан сүт қабылдауды жүзеге асырады, күніне 930 литрге жуық сүт жинайды және «Жастық» ЖШС-ға өңдеуге тапсырады. Соңғысы – «Колесово» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Ол Ақсу ауылы және жақын орналасқан ауылдардан сүт және сүт өнімдерін сатып алумен айналысады. «Жайық» ЖШС-мен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Ауданда 38 АӨК тіркелген, - деді Марат Тоқжанов.

Бәйтеректе асыл тұқымды мал асырайтын 43 шаруашылық бар. Оның 34-і етті бағыттағы асыл тұқымды мал өсірсе, сүтті бағыттағы сиыр өсіруді 5 шаруашылық қолға алған. Сондай-ақ бір шаруа жылқы, үш шаруашылық асыл тұқымды қой санын көбейтпек ниетте. Соның арқасында асыл тұқым-
ды ірі қара саны – 588, жылқы – 37, қой 1429 басқа жеткен. Биылғы 6 айдың өзінде бәйтеректік шаруалар 81 бас герефорд, 494 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алған.

– Өткен жылы мал азығы мол дайындалды. Ауданда 101 қыстақ ұйымдастырылды. 2024-2025 жылдарға мал қыстағына 106,9 мың тонна шөп дайындау қажет. Қазіргі уақытта 88,2 мың гектар шабындықтан 52,6 мың тонна шөп шабылды. Мал азығын толықтай дайындай аламыз деген сенім бар, - деді Марат Лұқпанұлы.

Ауданда 7400-ден астам адам кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Ауылдық жердегі ағайынның тұрмысын түзетуге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да Бәйтеректе іске асырылып жатыр. Осы күні Макаров, Дариян, Көшім және Зеленый ауылдарының азаматтары кооперативке бірігіп, іс бастаған. Соңғы үш жылда 6 ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындардың азайғаны елдің әл-ауқатының артқанын көрсетеді.

Аудандағы ресми жұмыссыздардың деңгейі 2,6 пайызды құрап отыр. Жыл басталғалы 800-ден астам жаңа жұмыс орны құрылған. Осы кезге дейін ауданның облыс орталығына жақын орналасқан округтеріндегі тұрғын саны артып, бұрын салынған мектептер оқушыларға таршылық етуде. Сондай-ақ Достық ауылындағы мектептің тозғаны да аудан басшысының есептік кездесулерінде мәселе болып көтерілді.

– Достық ауылындағы мектептің тозығы жеткеніне біраз жылдың жүзі болды. Ауылдағы білім ошағының жайы ретімен шешімін тапты. Қазіргі таңда аталған ауылда 1 200 орындық мектеп құрылысы басталды. Сонымен қатар тұрғын саны көбейіп жатқан Байқоныс ауылында да мектеп тарлық етіп тұр. Алдағы уақытта Байқоныста 600 орындық мектеп бой көтереді, - деді Марат Тоқжанов.

99,5 пайызы газдандырылып, ірі деген барлық ауылына тасжол жеткен аудандағы негізгі мәселе – тозығы жеткен мектептер. Әсіресе, Володар ауылындағы мектеп ауыл халқының мазасын қашыратын. Соны ескерген аудан басшылығы аты аталған ауылға 300 орындық мектеп салынатынын айтты. Сонымен қатар алдағы екі жылда тиісінше Озерный және Жаңатаң ауылдарында білім ошақтары бой көтереді.  

Марат Тоқжанов өз сөзінде мектептерден бөлек, ауданда мәдениет үйлерінің де тозып тұрғанын атап өтті. Кей ауылдардағы мәдениет ошақтары өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасыр басында бұзылған. Қазір сол олқылықтардың орны толтырылуда. Алдағы уақытта Володар, Байқоныс, Январцев ауылдық клубтары күрделі жөндеуден өтеді. Ал Атамекен ауылдық клубын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткізілген.

– Ауданның ірі округтері санатындағы Достық, Көшім, Макаров ауылдарында клуб салу үшін конкурс өткізіліп, мердігер анықталды. Көп ұзамай құрылыс жұмыстары басталады. Биыл Щапов ауылында 200 орындық ауылдық клубтың құрылысы басталды. Аталған ғимаратта кітапхана мен спортзал болады. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталмақ. Сондай-ақ Махамбет және Байқоныс ауылдарына ангар типті спортзал салуға жер телімдері рәсімделді, - деді аудан әкімі.

Одан бөлек, аудан басшылығы «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, елімізде алғаш рет «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба аясында Дариян ауылдық модельді балалар кітапханасын, Переметный, Үлкен Шаған, Щапов, Рубежин ауылдық кітапханаларын қайта жаңғырту жұмыстары басталды.

Брифинг барысында аудан әкімі инвестиция тарту жайына да тоқталды. Айтуынша, биыл ауданның негізгі капиталына 45,7 миллиард теңге инвестиция тартылады. Ол ақша жабдық сатып
алу, тұрғын үй, сүт фермасын салуға, түрлі зауыттар мен демалыс орындарын тұрғызуға жұмсалады.

Баспасөз мәслихатында Марат Лұқпанұлы барша облысқа тән электр желілерінің тозуы Бәйтеректі де айналып өтпегенін жеткізді. Сонымен қатар Егіндібұлақ, Шалғай, Атамекен, Зеленый ауылдарын аудан орталығымен қосатын Деркөл өзеніндегі көпір жөндеу жұмысының әлі күнге дейін бітпей жатуының себебіне тоқталды.

– Деркөлдің арғы бетіндегі ауылдарды елмен қосатын көпірді жөндеуге қажетті қаражат мердігерге толықтай берілді. Бірақ құрылысты мойнына алған компания өкілдерінің жауапсыздығы ма, әлде басқа себеп пе, әйтеуір, мәселе шешілетін емес. Іс сотқа да жетті. Көпір жұмысы біздің бақылауымызда, - деді Марат Лұқпанұлы.

Сөз соңында аудан әкімі алдағы екі жылда 12 ауылда емдеу мекемесі бой көтеретінін айтты.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале