10.08.2025, 11:00
Оқылды: 274

Асыл сөздің ұраны – Абай

Қазақтың ұлы ойшылы ақын, жазушы, ағартушы, ұлттық руханияттың темірқазығы – Абай  Құнанбайұлының  туғанына 180 жылдығына орай 5 тамыз  күні Ж. Молдағалиев атындағы облыстық  орталық  әмбебап  ғылыми  кітапхана «Абайдың асыл мұрасы  – халықтың  рухани  азығы» атты  облыстық байқау өткізді.

WhatsApp Image 2025-08-06 at 09.42.47 (1)

Оқу залының рухани-танымдық атмосфераға толы сахнасында өткен шара жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, Абай шығармаларын кеңінен насихаттау және дарынды жастардың әдеби сауаттылығы мен шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға облыс кітапханалары мен 14-25 жас аралығындағы оқырмандар мен студенттер қатысты.

WhatsApp Image 2025-08-06 at 09.42.46 (1)

Қатысушылар Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, қарасөздерінен үзінді келтіріп, ақынның әндерін шеберлікпен орындады. Олар ұлы ойшылдың мұрасын терең түсініп, көркем әрі мәнерлеп оқу мәдениеті арқылы көпшілікті тәнті етті. Байқау барысында ақынның шығармашылығына деген терең құрмет пен рухани сезім ерекше  байқалды. Қазылар алқасы қатарында – Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртісі, мәдениет саласының үздігі, ҚР «Құрмет» орденінің иегері Мұсағали Бектенов және тіл жанашыры, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Гүлнар Әлжанова болды. Олар әр қатысушының
көркем оқу мәнері мен шығарманы сезіне білу деңгейіне ерекше мән берді. Қазылардың шешімімен бас жүлде – Казталов аудандық орталық кітапханалар жүйесінің оқырманы, М. Өтемісов атындағы БҚУ студенті Нұрайна Аманғалиеваға бұйырды. Бірінші орынға Бөкей ордасынан Арнұр Қайролла, екінші орынға Қаратөбеден Ақбота Владимирова, ал үшінші орынға Жаңақала ауданынан Меруерт Тұрарбек лайық деп танылды.

WhatsApp Image 2025-08-06 at 09.42.32

Байқау соңында барлық қатысушыға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Ал жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 10 тамыз күні Абай ескерткіші жанында өтетін салтанатты жиында өтетін болады.

Жанерке Аят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале