13 наурыздан бері Асыл тұқымды ірі қара алуға 6 пайыздық несие беріліп жатыр. Кепілдікке лайық мүлкі жоқ шаруаларға мемлекет «Даму» қоры арқылы қолдау көрсетіп, несие құнының 85 пайызына кепілдік береді.

Фото: АШМ
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.
- 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында 13 наурыздан бастап жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын пайыздық мөлшерлемесімен асыл тұқымды мал басын сатып алуға бағытталған «Игілік» және «Береке» атты жаңа несиелік өнімдер іске қосылды. Бұл бағдарламалар бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы 85%-ға дейін кепілдендіру тетігі көзделген, - деп жазылған ресми жауапта.
Бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорациясы». 6 пайыздық несиеге Қазақстанның барлық өңірлерінен өтініш беруге болады. Негізгі шарттары мынандай:
- «Игілік» несиелік өнімі 100-ден 500 басқа дейін асыл тұқымды мал сатып алуға мүмкіндік береді.
- «Береке» несиелік өнімі ірі шаруашылықтарға бағытталған, 500 және одан да көп бас асыл тұқымды мал сатып алуға арналған.
Кредит алатын шаруашылықтарға мынандай талаптар қойылады:
- Сатып алынған әр малдың есептік нөмірі болу керек;
- мал ұстауға арналған қора-жай болуы шарт;
- мал қорада тұрған кезде (қыста) судан тапшылық болмайтынын дәлелдеу керек;
- жемшөп дайындау және тарату техникасының болуы;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің болуы.
Жеңілдетілген несиеден үміткерлерге қарсы міндеттемелер де қойылып отыр. Табиғи шығынды есептемегенде несиеге алынған аналық бастың бәрінен кемінде 4 жыл бойы төл алыну керек.
- «Береке» бағдарламасына қатысам дегендердің ауыл шаруашылығы саласында кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесі болуы талап етіледі. Ал «Игілік» бағдарламасында ондай талаптар қарастырылмаған, - делінген АШМ мәліметінде.
Екі бағдарламаның да жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Мерзімі – 7 жылға дейін. Оның ішінде алғашқы 24 айды «каникул» ретінде пайдалануға болады.
Дереккөз: ҚазАқпарат