Бүгін Теректі ауданындағы Подстепный №1 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылардың ата-аналары наразылықтарын білдірді. Олар мектеп директорының міндетін атқарушы Мейрамгүл Кубашева мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тілекқабыл Нурышевтың лауазымдарын босатуын талап еткен.
Айта кетейік, бұл мектепте 991 оқушы білім алса, 142 педагог еңбек етуде. Балалар мектепте екі тілде оқиды.

- Мектеп директорының міндетін атқарушы Мейрамгүл Кубашева мен мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Тілекқабыл Нурышевты жұмыстан алып тастауды сұрады. Ата-аналардың сөзіне сүйенсек, олардың мұғалімдерге қысым жасайтындығын, кей ұстаздардың сағатын қысқартқанын, оқушылардан мектеп формасын киюді талап еткенін алға тартады. Мектеп формасына қатысты Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен бекітілген талаптар сақталуы тиіс. Мұнымен қоса жиналғандар мектепте география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған Талғат Бабеновты қайта жұмысқа алуды сұрады. Алайда Талғат Еркінұлы келісімшарт аяқталған соң өз еркімен жұмыстан кетті, - дейді Теректі аудандық білім бөлімінің басшысы Максим Энгелов.
Максим Энгелұлының айтуынша, Мейрамгүл Кубашева қызметіне 2022 жылдың 9 желтоқсанынан бастап кіріскен. Ал жиналған елу шақты ата-ана облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның атына жазбаша арыз жолдады.
zhaikpress.kz