Облыстық қазақ драма театрында ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Ескендір Хасанғалиевтің әндері орындалған ІХ Халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Облыс әкімдігінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов қатысты.
Сонымен ІХ Халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің қорытындысы бойынша Ақтөбе облысынан Ернар Дүйсеев, Шымкент қаласынан Гүлзада Нұржанова, Қостанай облысынан Жәнібек Жұмахан, Зеленов ауданынан Әділхан Қадыров, Қазталов ауданынан Мұрат Ахметовтер лауреат атанып, 75 мың теңге иеленді. Ал Қарағанды облысынан келген Ербота Ұзақбаев, Ресей елінің Астрахань облысынан қатысқан «Этиль» триосы, Зеленов ауданынан «Серілер» квинтеті, Атырау облысынан Айбар Ғаниұлы ІІІ орынды жеңіп, 100 мың теңгеге ие болды. Екінші орынды Сырымдық Бекей Қанатов және Қызылордалық Арайлым Маханбетжанова бөлісіп, 150 мың теңгені еншіледі. Бірінші орын Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Мағжан Әлтенбаевқа бұйырып, ол 300 мың теңгені ұтты. Байқаудың бас жүлдесін Орал қаласының атынан қатысқан Рәсім Жұмағалиев жеңіп алды. Жеңімпазға 400 мың теңге табысталды.
Марапаттау рәсімі аяқталған соң көрермендер гала концертті тамашалады.
Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,
zhaikpress.kz