29.04.2021, 16:02
Оқылды: 48

Атаммен мақтанамын

Адамзат өмірін ұлы қайғыдан, адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы соғыс деген азаптан құтқарған жеңіс! Міне, биыл осы Ұлы Жеңіске – 76 жыл. Жеңіс жолында от кешіп, ерлігімен танылған ерлерді әрқашан есте сақтау – болашақ ұрпақ үшін үлкен парыз.

0FC5964C-5CD1-41C6-8363-1E8E1805CE0C

Ел басына қара бұлт үйірілген шақта қолына қару алып, қан майданға аттанғандардың қатарында менің атам Шәріп Смағұлов та бар. Ол Отан үшін от кешіп, Новгород облысы, Холм ауданы, Сопки деревнясы маңындағы шайқас кезінде ерлікпен опат болды.

Атам Шәріп Смағұлов 1907 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Шалқар ауылында дүниеге келген. Қатардағы жауынгер, білімі – орта, соғысқа дейін осы елді мекенде мектеп мұғалімі болып, ауыл адамдарының сауатын ашқан екен. Оған қоса Коммунистік партия мүшесі болған.

4E51A4E4-9DE8-47E9-8F25-EBCEE2DCDBCA

Ол 1942 жылдың басында Қорғалжын аудандық әскери комиссариатынан шақырту алып, жерлестерімен бірге Қызыл әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған. Атамыз Шәріп 8-ші гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының 1077-ші атқыштар полкінде қызыл әскер әскери шенінде Отан алдындағы борышын өтеген.

Қазақ жауынгері қатарында болған 8-ші гвардиялық дивизияның өз тарихы бар. Бастапқыда Алматы қаласында құрылған 316-шы атқыштар дивизиясы болса, кейін жауынгерлерінің көрсеткен батылдықтары мен ерліктері үшін, қаза тапқан дивизия командирі Панфиловтың аты берілген. Оның құрамына 1073-ші және 1075-ші атқыштар полктері де кірген. Кейін құрылған 1077-ші атқыштар полкі толық дайындықтан өтіп үлгермей, осы дивизияны толықтырады.

B18CB36A-74D8-4101-AD84-A3D204882FD6

1941-1942 жылдары дивизия сол кездегі Кеңес Одағының астанасы Мәскеуді қорғауға, жаудың батыс бағытындағы стратегиялық шабуыл операциясын тоқтатуға, біздің армияның шабуыл операциясын өткізуге қатысқан. Бұл операция 1941 жылдың 30 қыркүйегінен 1942 жылдың 20 сәуіріне дейін, яғни 7 айға (203 күнге) созылған.

Жауға қарсы шығып, қарша бораған оқтың астында жүру – өмір мен өлім арасындағы күрес. Соғысқа аттанған Шәріп атамыздан да екі айдан кейін үшбу хат орнына «қара қағаз» келеді, онда «жауынгер Шәріп Смағұлов 1942 жылдың  3 сәуірінде Новгород облысы, Холм ауданы, Сопки деревнясы түбіндегі кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тапты» деп жазылған. Бар ақпарат – осы.

Сол кезде қан майданда қаза тапқан боздақтардың денелері әскери зираттарға қайта жерленіп, құжаттар құпия архивтерге тапсырылды. Осылайша соғыс жауынгерінің сүйегі қайда жерленгені белгісіз болып қала берді. Тума-туыстарымыздың көп жылдар бойы іздеген жұмыстары да нәтижесіз болды, тек майдангер атамыздан бір дерек табылар деген үміт қана ұрпағының сенімін жалғай түсті.

Ал 2011 жылдың маусым айында Ресей Федерациясының архивтеріне жазылған хаттардың бірі Шәріп атамыздың жерленген жерін анықтауға септігін тигізді. Ол хаттар Ұлттық ұланның Әскери институтының ардагерлер кеңесінің атынан жіберілген еді. Осылайша Отан үшін жанын қиған жауынгердің мүрдесі Ресей Федерациясы, Новгород облысы, Холм ауданы, Первомайская деревнясының әскери зиратына жерленгені белгілі болды. Ардагерлер кеңесінің атсалысуымен қазақ жауынгері жерленген әскери зиратқа оның қосымша аты-жөні жазылған естелік тас қойылды.

Негізінен, бұл әскери зиратқа, жыл сайын арнайы қазба жұмыстарын жүргізетін топ құрылды. Сол жұмыстардың нәтижесінде табылған жауынгерлердің сүйектері қайта жерленуде. 2011 жылы 3234 адамның тек 1167-сінің ғана есімдері белгілі болған.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақта. Сонау 2011 жылдың 16 шілдесінде, біз, атамыздың ұрпақтары, немерелері үлкен ағам Абай Смағулов екеуміз жауынгер атамыз жатқан зираттың басына туған жердің топырағын жеткіздік. Сол жылы марқұм атамыздың рухына бағышталып Құран оқылып, елде үлкен ас берілді. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы ардагерлер кеңесінің шешімімен «Сұрапыл жылдар қаhармандарына тағзым» атты 5-ші кітапқа майдангер туралы ақпарат енгізілді.

Ал 2015 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай, біз, Смағуловтар әулеті, атамыздың, яғни немере-шөберелері екінші ағам Ағыбай, інім Кайрат қызы Анэльмен Первомайская деревнясының зираты басында және Холм қаласында өткізілген іс-шараларға қатысып қайттық.

Өкінішке орай, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы елдегі карантиндік режиммен тұспа-тұс келді. Соның салдарынан Шәріп атамызбен басқа да соғыс жауынгерлері мәңгі тұрақтаған шет жердегі зират басына бару мүмкін болмады.

Жеңіс күнін жақындатуға сүбелі үлес қосып, қасық қаны қалғанша шайқасқан жауынгер атамыздың бейнесін ұмытпаймыз.

Атамыздың соғыста алған орден, медальдары болған жоқ. Дегенмен біз әлдеқашан атамызға «Батыр» атағын беріп қойғанбыз. Менің атам – біз үшін батыр. 9 мамыр – Жеңіс күні біздің отбасымыз үшін үлкен мереке, той. Дәстүрлі түрде, жыл сайын Жеңіс күнін әулетімізбен тойлап, атамызды еске аламыз.

Сол Шәріп атадан қалған жалғыз тұяқ Совет әкемізден бүгінде Зәмзәгүл, Абай, Ағыбай, Абылай, Болат, Кайрат, Әсемгүл атты жеті немересінен, 20 шөбере тарады. Бүгінде Ұлы Жеңіс жеңімпазының ұрпақтары әрбір салада абыройлы қызмет етіп келеді.

Батырдың немересі атанып, есімін арқалап жүру - мен үшін үлкен мақтаныш, жауапкершілік. Оның өмір жолы біз үшін үлгі-өнеге. Өйткені ол, сол сұм жылдарда фашизмге қарсы тұрып, Жеңісті жақындатуға үлес қосты.

Сөз соңында айтарым, біз қазақ деген батыр халықтың ұрпағымыз. Біздің өткеніміз барша қазақстандықтың тарихы. Бейбіт күнді сыйлаған ата-бабаларымызды ұлықтап, құрмет көрсету - барша қазақстандықтың парызы. Осынау тарихы мен батырлары бар біздің халқымыз бақытты.

 Болат Смағұлов,

полковник,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале