8.07.2022, 16:00
Оқылды: 75

Атаммен мақтанамын

Шындығында, көненің көзіне айналған қарттар – біздің рухани қазынамыз. Олар, әсіресе ауылдық жерлерде көп-ақ. Тілін тауып сөйлете білсең, ұзақ толғап, әңгіме шертеді, көмейлерінен жыр-қиссаларды ақтарады. Сондай қадірменді ақсақалдардың бірі болған - марқұм менің атам еді.

B535D1D4-DD29-4EAE-9750-23223228F1ED

Менің атам Зинешов Ерболат Зинешұлы 1941 жылы Бөкей ордасы ауданының Бөрлі ауылында, қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласқандықтан ба, елге елеулі бола білді. Көптеген жоғары қызмет атқарып, ауданның ардақты азаматына айналды. Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының құрметті азаматы атануы осы сөзіме нақ дәлел бола алады.

Қазақ шежіресінің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде орны зор екенін өмір өзі талай дәлелдеген. Менің атам да
шежіремізді тереңнен қозғайтын. Ол кісінің айтқандарын оқулықтармен, кітаптармен салыстыра отырып, талай  зерделедім. Ол өзінің ерекше қабілеті ел мен жердің тарихы, көне дәуірлер шежіресі, айтулы тұлғалардың соңынан қалдырған ғибрат сөздеріне аса құлақ қойып, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру арқылы айтарлықтай үлес қосқан жан. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, атамның тарихи оқиғаларды, өткен ғасырдағы елге белгілі адамдардың ерен істерін, руларын, тіпті қалай өмірден өтіп, қай тұста жерленгенін де мүдірмей, кез келген жерде жатқа айтуы мені таңғалдыратын. Ол аз десеңіз, тыңдаған  жандарды ұйытатын даусы болған.

Әттең, атам 80-ге қараған шағында өмірден өтіп, бізді өкіндіріп, кете барды. Ағайынның бітімгері, ауылдың ғана емес, ауданның ардақтысы, ұрпағының асқар тауы, менің атам еді!

«Орнында бар оңалар» демекші, соңында асыл жары, әжем мен ұл-қызы, ұрпақтары бар. Десек те, орны ойсырап, бейнесі көңілден өшпейді. Еліне абыройлы қызмет жасаған атаммен ғұмыр бойы мақтанудан талмаймын!

Немересі Бауыржан Зинешов

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале