24.11.2021, 14:30
Оқылды: 55

«Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық...»

«...Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа  емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі керек».

(Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  «Сындарлы  қоғамдық  диалог – Қазақстанның  тұрақтылығы  мен өркендеуінің  негізі»  атты  Жолдауынан)

Биыл 1 қарашада атаулы әлеуметтік көмек облыстағы 4  003  отбасыға, нақтырақ  айтсақ, 19  037  адамға  берілген. Оның 1  072-сі   –  көп балалы  отбасы.  АӘК  отбасының табысы  кедейлік  шегінен  (25751  теңге)  аспайтын және жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады.

9EB4B6EB-F539-41C6-BCD0-2378B1194409

Осы орайда шартты және шартсыз ақшалай көмекті қалай алуға болады? Кепілдендірілген әлеуметтік топтама кімдерге беріледі? Бұл туралы сала маманының пікірімен тарқатсақ.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Есенғалиеваның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) шартты және шартсыз ақшалай көмек түрінде беріледі. Шартсыз ақшалай көмек отбасы мүшелерінің барлығы еңбекке жарамсыз болса немесе отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесі объективті себептермен жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмаса (үш жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші немесе екінші топтағы мүгедек баланы бағатын немесе бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж қарияларды бағып-күтетіндерге) беріледі. Шартсыз ақшалай көмек алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу талап етілмейді. Шартсыз ақшалай көмек өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді. Ал шартты ақшалай көмек кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға тағайындалады.

Әлеуметтік көмектің бұл түріне құжат әр үш ай сайын қабылданады және комиссия шешімімен беріледі. Алдымен өтініш білдірген отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне жұмыспен қамту орталығы қызмет ұсынады. Білімі жоқ, жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жібереді. Егер ол адам жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, оның отбасы мүшелері алты ай бойы АӘК алу құқығынан айырылады. Шартты ақшалай көмек туралы келісімшарт АӘК-ны заңсыз тағайындауға әкеп соғатын жалған мәліметтер мен анық емес құжаттар ұсынған кезде бұзылады.  Ал бала күтімімен үйде отырған анаға баласы үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндеті қойылды. Бұл, бір жағынан, АӘК алушылардың өз табысын жасыру мүмкіндігін шектейді. Екінші жағынан, сол аралықта отбасында тағы перзент дүниеге келіп, жәрдемақы мөлшері артуы мүмкін. Сол секілді жұмыстан шығып қалу немесе әлеуметтік мәртебенің өзгеруі секілді жағдайлар орын алып,  атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері ұлғаюы мүмкін. АӘК I, II топтағы мүгедектерге (оларға мүгедектігі бойынша арнайы жәрдемақы төленеді), мүмкіндігі шектеулі және 80 жастан асқан қарияларды бағып-күтуді жүзеге асыратын жандарға, табыс-кірісі жеткілікті, көмекке мұқтаж емес отбасыларға  берілмейді.

Кепілдендірілген әлеуметтік топтама кімдерге беріледі?

Кепілдендірілген әлеуметтік топтама  1  жастан  6  жасқа дейінгі балалары бар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, сондай-ақ 6-дан 18 жасқа дейінгі балалары мектепте оқитын табыс-кірісі аз отбасыларға ұсынылады. Бұл көмек  1 қарашадағы жағдай бойынша биыл облыста АӘК алатын отбасылардың  1-ден 6 жасқа дейінгі  4 153 баласына берілген.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтама құрамында мектеп жасына дейінгі балаларға келесі тауарлар ұсынылады:

Бір-үш жастағы балаларға ай сайын гипоаллергенді жеміс және (немесе) көкөніс езбесі, гипоаллергенді балалар ботқасы, жүгері  жармасы, сұлы үлпегі, печенье, майлылығы 2,5 % болатын пастерленген сүт.

Үш жастан алты жасқа дейінгі балаларға пастерленген немесе ультра пастерленген сүт, бидайдың қатты сорттарынан жасалған макарон өнімдері, сұлы үлпегі, күнбағыс майы, таңғы асқа арналған сүтті «жастықшалар», классикалық гематоген, балаларға арналған печенье, арпа жармасы, уатылған бұршақ, ұнтақ жармасы, табиғи бал, қарақұмық немесе күріш жармасы; сондай-ақ гигиеналық құралдары, тоқсанына 1 рет балалар тіс пастасы, тіс щеткасы, балаларға арналған гипоаллергенді сабын, крем, су сабын, кір сабын және балалар кіржуғыш ұнтағы беріледі.

Мектеп жасындағы балалар үшін білім  ұясында ыстық тамақпен қамту, оқу құралдары мен киім-кешектері, жолақысын  өтеу қарастырылған.

АӘК алу үшін табыс-кірісі аз отбасылар (азаматтар) тұрғылықты жері бойынша  халықты жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш жазуы керек. Егер ауылдық жерде тұратын болса, әкімдіктегі жұмыспен қамту мәселесімен айналысатын маманға жолығып, өтініш қалдырады. Сондай-ақ «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталында да АӘК-ге құжат жинауға болады.

Атаулы  әлеуметтік  көмек:

1) бұл – ақшалай  төлем

2) тұрғындар еңбекпен қамтылады, яғни жұмыссыз жүргендер жастар практикасына, қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындарына, тұрақты жұмыс орындарына  жолданады; кәсіп ашу үшін шағын несие де ұсынылады.

3) мүмкіндігі шектеулі жандар да әлеуметтік бейімдеу іс-шараларына жолданады.  Табыс-кірісі  аз  отбасыларға тұрғын үй көмегін алуға жәрдемдесу, тұрғын үй және балабақша кезегіне қою қарастырылған.

4) айлық  табысы  аз  отбасылардың  балалары  үшін  кепілдендірілген  әлеуметтік  топтама  (азық-түлік  жиынтығымен  және  тұрмыстық  химия  жиынтығымен қамтамасыз  ету;  оқу  орны  бойынша  тегін  тамақтануды,  мектеп  формасы  мен  мектепке  керек-жарақтарын, қалалық қоғамдық көлікте  жеңілдікпен жол жүруді ұсыну) беріледі.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021  жылдарға  арналған «Еңбек»  мемлекеттік  бағдарламасы» аясында тұрақты  жұмысқа 322 адам орналасты.

Уақытша жұмыспен 825 адам қамтылды.

Қайта даярлау курсына 16 адам жолданды.

АӘК алатын 133 тұрғын жеке ісін ашуға мемлекеттік грант иеленді.

Жеке  қосалқы шаруашылығын  дамытуға 74 отбасы ірі қара, 13 отбасы құс, 153 отбасы ұсақ мал алса,  1 306 отбасы 37,6 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алды. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар 432 отбасыға 30,1 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілді.

Гүлсезім Ерболатқызы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале