21.11.2023, 10:00
Оқылды: 91

Аттестация: ел не дейді...

Әлеуметтік желілерде қазір ең көп талқыланып жатқан мәселе – педагогтерді аттестациядан өткізу ережелерінің жаңа жобасы. Бұл, әрине, заңдылық, өйткені жаңалық пен өзгерістер әрқашан күмән тудырып, алаңдатады.

муштанова

Жиі талданып жатқан мәселелерді қарастырсақ, орта білім беру ұйымдарының педагогтерін аттестациядан өткізудің негізгі ережелеріне көп  назар аударылуда.

«Қазіргі уақытта мен педагог-сарапшымын. Келесі жылы аттестаттауды тапсыру уақыты келеді. Педагог-зерттеуші санатын алу үшін аттестаттаудан өткім келеді. Мен тесттің алынып тасталғанын дұрыс түсіндім бе? Бірақ тесттің орнына не болады?», – деген сұрақ  жиі кездеседі.

Жауап келесідей: «Бұрын берілген «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санатын растаған немесе 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер ғана ПББ тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерін кешенді жалпылаудан өтеді (қызметтің негізгі көрсеткіштерін талдамалық орындау). Яғни педагог-сарапшы санаты бар мұғалім педагогикалық өтілі 30 жылдан аз болса, келесі «педагог-зерттеуші» санатын алу үшін ПББ тапсырады.

Сонымен қатар мұғалімдер жиі мынаны сұрайды: «Ауыл мектебінің мұғалімімін. Аттестаттау қағидалары бойынша зерттеуші-педагог санатына ауысу үшін мен немесе менің оқушым республикалық немесе халықаралық конкурсқа немесе олимпиадаға қатысушы немесе жеңімпазы болуға тиіс. Сонда мен бұл санатты ала алмаймын ба?»

Жауап:

«Арнайы талаптар біліктілік деңгейін мерзімінен бұрын алғысы келетін мұғалімдерге ғана қойылады. Мысалы, «зерттеуші-педагог» жеті талаптың кем дегенде бесеуіне сай болуы керек». Сондықтан егер мұғалім өту мерзімдерін сақтай отырып, жаңа санат алғысы келсе, онда ол ПББ тапсырып, қызмет нәтижелерін кешенді жалпылаудан өтуі керек. Біліктілік санатына сәйкес келетін педагог тиімділігінің көрсеткіштері әрбір педагогтің жеке кабинеті орналастырылған платформада тіркеледі және ол аттестаттаудан өтуге өз бетінше өтініш бере алады.

Сұрақ:

Шебер педагог санатын алғанмын, биыл оның мерзімі бітті. Маған уақыты бітті шебердің деп айтып отыр. Енді қайта тапсырып қорғаймын, түсіндіріп кетіңіздерші.

Жауап:

Педагогтерді аттестау ережесінің жобасы бойынша бұрын берілген біліктілік сана-
тын растайтын педагогтер ПББ (тест) тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерін кешенді жинақтаудан өтеді (қызметтің негізгі көрсеткіштерін талдамалық орындау, электронды түрде).

Сұрақ:

– Менің зейнетке шығуыма бір жыл қалды, 28 жыл жұмыс өтілім бар, мен де  тест  тапсырамын  ба?

Жауап: 

– Жасы бойынша зейнетақыға дейін 5 (бес) жылдан аспайтын педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Біліктілік санаты педагогтің өтініші негізінде зейнеткерлік  жасқа  толғанға дейін сақталады.

Қарап қалсаң, мұғалім біткеннің басында сан сұрақ, сансыз мәселе сыңасып тұр. Айналып келгенде,  білім саласының бүгініне көңілі толмай жүргендер көп, қатары қалың екендігі байқалады.

«Сабақ емес, санат қуған мұғалім болдық!»

«Санат-панат деп стаж, ақша қуып жүргенде, семинар-меминар деп  шауып жүргенде сабақты КІМ оқытпақ, өзі шала ми, байғұс оқушылар одан әрі құруда,  мұғалімдері жүр  жау шапқандай ала-шапқын болып 1000 өзгерістің құрбаны болып...».

«Шын мәнінде, санат – мұғалім біліктілігінің таза өлшемі емес. Мысалы, санаты «сарапшы» болса да, «зерттеушіге», «шеберге» лайықты ұстаздар бар. Керісінше, «шебер», «зерттеуші» болғанымен, сол деңгейде көріне алмайтындар да бар. Мұғалімді еңбегіне қарай әділ бағалайтын уақыт жетті ғой. Санат талаптарын күшейте бергеннен не ұтады, білімде сапа болмаса...».

«Оқушының білімімен өлшемейінше ештеңе де болмайды».

«БЖБ мен ТЖБ-ны жойып, бұрынғы дәстүрлі сабағымыз оралса, ұрпаққа  сапалы білім, саналы тәрбие беруге мүмкіндік туар  еді...».

«Қайтадан қағазға айналдырып әкеліп қойды, сонда қашан бала оқытамыз?», «Осы санат деген неменеге керек? Мұғалімнің негізгі жұмысы қайда қалады? Жетістік қуып, бағдарлама жазып, сайыстан-сайысқа қатысып жүру керек пе сонда? Санат деген мұғалім жұмысымен ұштасып, аса салмақ салмай, ретімен алынатын дәреже болу керек. Мектеп қайда, мұғалім қайда, санат қайда дегендей болып жатыр...».

«Қай ұстаздың қалай жұмыс істейтінін өзінің ұжымынан артық кім біледі? Педкеңесте берілу керек  санат  деген».

«Дәрігерлер бұлай санатқа қиналмайды. Және олар адам өміріне жауапты болса да, 5 жылда санатқа қайта тапсырмайды. Бір санат алды ма, мәңгі жүремін десе де, мұғалім өзі білуі керек. Не көп,  сайыс көп... Көбі жарамсыз сайыстар. Мұғалімдердің неге миларын ашыта бересіздер?».

«Санатсыз-ақ өмір сүрейікші. Бүйткен санаты бар болсын. Сау адамды ауру етеді. Алла жар болсын баршамызға. Тапқанымыздың берекесін берсін».

«Министрлікте отырған бишікештер қаптаған реформа, аттестация, олимпиадасымақтармен білім беру жүйесін күйретіп тастағанын біле ме екен? Отыз жылда дені дұрыс бір оқулық шығара алмай отырып, талап қойғыштығынан күйесің ғой бұлардың. Министрінен бастап аудандағы әдіскеріне дейін тек мәлімет жинаумен  шұғылданады».

«Мұғалім ауторлық бағдарлама жазатын болса, шығармашылықпен айналысатын болса, неге мектепте жүр деймін да. Бала  оқытып, тәрбиелеу оңай ма екен? Әр бала – бір әлем. Мектептегі мұғалім оқушыларды үлкен өмірге тәрбиелеп, білім беріп, сауатты келешектің тұлғалы азаматтарын шығару керек. Жазатын шығар кейбіреулері ауторлық бағдарламаны. Көбісі сатып алады ғой. Бәрі көзбояушылық, бірін-бірі алдаған, баққан заман болды».

«Мұғалімге ең әділ баға беруші – оқушы. Сондықтан мұғалімнің жан-жақты қырын ашатын сауатты құрылған сауалнама жүргізілу керек, соның қорытындысы «мың сан» портфолиоға татиды деп ойлаймын».

«Әр мұғалім өзінше бағдарлама жазып кетсе, педагогика ғылымдарының профессор, докторлары не істейді сонда?.. Соған түсінбедім. Мұғалім бала оқыта ма, бағдарлама жаза ма?».

«Мұғалімді тек сабағымен бағалау керек, сол кезде мұғалім өз сабағына үлкен жауапкершілікпен қарайды, білімде сапа, ілгерілеу болады. Ал қазір мұғалім санат алу үшін сайыс, байқау деп шапқылап жүргенде сабағы жайына калды. Бұл – шындық».

«Бұрынғы журналды қайтадан алып келсін, көз алдыңда қойған бағаң да көрініп тұрады. БЖБ, ТЖБ дегендер – керек емес нәрсе. Қағазбастылық тіпті көбейген. Баланың сауаттылығы бір жақта  қалды. Бітпейтін «тексеріс келе жатырмен» шаршатты мектепті. Осының бәрінің  шегі бар ма?».

Осылай деп жатыр ел. Қоғамның зиялы қауымы – мұғалімдер. Ал бастауыштардың жағдайы тіпті  мүшкіл,  тәрізі. Алматы қаласында мұғалім болып қызмет атқарып жүрген Айгүл Жұмаділдің жазбасындағы ахуал барлық өңірде де бар:

«Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев мырзамен кездесіп, сұхбаттасқым келеді. Мектептегі бастауыш сынып буынында проблемалар бар екенін және ол проблемалардың көп әрі ауқымды, ол проблемалардың ертең зардабы мен залалының да үлкен болатынын айтқым келеді. 5-6 жастағы балаларды мектепке қабылдауға ерте, оқулықтағы материалдардың бала жасына лайықты емес, тым күрделі әрі қате, бастауыш сынып оқушыларына шамадан тыс үстеме (нагрузка) түсіп жатқаны, ал оның бала денсаулығына, психологиясына, жүйкесіне, өмірге, қоғамға бейімделуіне кедергі, жалпы қоғамның нәзік те өте қорғансыз саналы мүшелеріне жасалатын қиянат екенін айтқым келеді.

Бала жасына лайық емес, шамадан тыс ауыр материал беру балалардың өздерін ақымақ, қабілетсіз, дарынсыз сезінуіне итермелейді. Оқулықтардың әр бетін ашып, парақтап, көз сүрінетін қателері мен шамадан тыс ауыр, орынсыз тапсырмаларын дәлелмен көрсеткім келеді. «Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал», – деп ұлт ұстазы ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтпап па еді?! Ал біз неге оларды төпелеп, таяқтың астына алып отырмыз?

Басқа қалалар туралы айта алмаймын, Алматы қаласының бірінші сыныпқа келген балаларының 70-80 пайызы – орыс тілді. Жалғыз ана тілі сабағының қазақ тілі  – мемлекеттік тілге бейімдеуге шамасы жетпей жатқанын, негізгі пән ретінде ұлттық құндылықтарды, отбасы құндылықтарын, ауызекі, көркемсөз өнерін, мәнерлеп оқу, көркем жазуға машықтандыратын сабақтар енгізілетін уақыт та, сәт те туғанын айтқым келеді.

Бастауыш сынып мұғалімдерінің сағаттары ставкаға толмайтыны (12 сағат) бөлек әңгіме. Орта және жоғары буындағы олқылықтар туралы ұстаздар айтудай-ақ айтып жатыр, біраз дүние жөнделіп те жатыр. Бірақ бастауыш сыныптағы  қиындықтар туралы бір мұғалімнің жазғанын оқымаппын, бәлкім, көрмей жүрген болармын. Бастауыш сынып мұғалімдері, сіздер неге үнсізсіздер? Әлде мен ғана, менің алдымдағы отыз оқушы ғана қиналып отыр ма? Сіздерде бәрі керемет пе? Оқулық, бағдарлама, әдістеме, нәтиже ойларыңыздан толық шыға ма? Әлде «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп отырсыздар ма?

Сіздердің ойларыңызша, бүгін әрең әріп таныған 1-сыныптағы балаға ана тілден сөз таптарын, математикадан неше артық, неше кемге кері есеп құрастыру, жаратылыстанудан өсімдік тұқымы, аналық, аталық, адам және оның құрылысы (бүйрек, ішек, асқазан, қуық қызметтері) қозғалыс траекториясы, дүниетанудан көне жазулар, географиялық орын («Мен қайда тұрамын?»), сақ, ғұндар, Қасым хан, Бәйтерек туралы өтірік аңыз, Ұлы Жібек жолы деген сияқты тақырыптар берілуі орынды деп есептейсіздер ме? 6 жасар балаға?!

Менің ойым, бастауышқа келген бала тілдік барьерін жеңіп алмай, басқа пәнді толық мәнді меңгеруі мүмкін емес. Сондықтан аптасына 6 сағаттық, яғни күніне 1 сағаттық әліппе пәні тілді меңгертуге аздық етеді. «Меңгерту» деп бекер айтып отырған жоқпын, өйткені көпшілік бала өз тілінде сөйлей алмай, ойлай алмай келіп отыр. Өкінішті жағдай, бірақ шындық осы.

Тілдік пәндерге басымдылық берілуі керек, керек болса, мен жоғарыда айтқан қосымша пәндер берілу керек. Бұл – заман талабы. Бірақ мені кім тыңдасын деп  қоямын…».

Иә, тыңдай қоюлары қиын әзірге. Бірақ «Ел не дейді?» дейтін біреулер де бар шығар... Бар болса, ел осылай деп отыр ал!

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале