Орал қаласында жолаушыларды қыста суықтан қорғайтын, жаздың аптап ыстығында сая болатын төрт жылы аялдама бар. Қазір екі жылы аялдаманың бір бұрышында тез дайындалатын тағамдар сататын дүңгіршектер орналасыпты. Қаңтардың бет қарыған шыңылтыр аязы автобус күткен қалалықтардың төзімін сынағаны анық. Дәл осындай кезде жылы аялдамалар керектігін айтудың өзі артық. Бір жыл бұрын қала әкімдігі ерекше павильон деп «айдар таққан» нысандарды аралап көрдік.
Алдымен Абай даңғылы бойындағы «Еуразия» аялдамасындағы жылы аялдама павильонына бас сұқтық. Шыны керек, оның ішіне кіргенімізбен, есігін нығыз жаба алмадық. Тұтқасынан қанша тартсақ та, есік жартылай ашық күйінде қалды. Кондиционер қосылып тұрғанымен, аялдама іші салқын. Ал Н. Назарбаев даңғылындағы «Өлкетану музейі» аялдамасындағы нысан жып-жылы. Есігінде ақау жоқ. Аутобос күтіп тұрған ер адам мұнда алғаш рет кіріп тұрғанын айтты. «Әсіресе қаһарлы қыста осындай жылы орынның болғаны өте жақсы. Жолаушылар жауын-шашынды күндері жаурамайды, тоңбайды», – деді ол. Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Жигули» аялдамасындағы жабық павильонның да іші жып-жылы екен. «Атыраудан келген қонақпын» деп өзін таныстырған Анар есімді апай: «Оралдықтар мәдениетті, тәртіпті екен. Аялдама іші таза, ештеңе сынбаған. Ал біздің қалада бұлай жайнап тұрады деп айта алмаймын. Күн өте суық болғанда, жауын-шашын кезінде осындай жылы жер керек-ақ», – деді. Бір әжей аялдамаға кішкентай итін де ала кіріпті. Жабық павильонда иттің иісі мүңкіп тұрды. Теміржол бекетінің алдындағы жылы аялдамада екі кондиционер бар. Жып-жылы. Светлана Мироновна әжей №52 маршруттағы «ГАЗельді» 40 минуттай күтіп тұрғанын айтты. «Қоғамдық көліктерді ұзақ күтетін болғасын, жылы аялдамалар керек-ақ. Әйтпесе, қыс кезінде көшеде қатты тоңамыз. Жазда да шақырайған күннің астында тұру оңай емес», – деді. Жалпы біз көрген нысандардың тазалығы алаңдатады. Қай-қай аялдаманың да әйнектерін сүртіп, еденін сыпырып, жуу қажет екені көрініп тұр.
Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жолаушы көлігі секторының бас маманы Нұрлыбек Мұхамбетқалиевпен жылы аялдамалар жайында сұхбаттастық. Бас маманның айтуынша, былтыр тамыз айында төрт жылы аялдаманы «Муаз» жеке кәсіпкерлігі 11 айға жалға алған. Яғни қалалық қаржы бөлімінің ашық түрде өткізген конкурсының нәтижесі бойынша осы ЖК жеңімпаз атаныпты.
– Жеке кәсіпкер өзіне қойылған талаптарға сәйкес жабық аялдама павильондарын күтіп ұстап, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауы керек. Әр павильонның ішін таза, жылы, жарық болуын қамтамасыз етеді. Қапырық болғанда салқындатып, суық кезде жылытатын құрылғылардың жұмыс істеуін бақылауда ұстайды. Барлық коммуналдық шығынды өзі төлейді. Павильондар сағат 7.00-ден сағат 22.00-ге дейін ашық тұрады. Жеке кәсіпкер жабық аялдаманың үштен бір бөлігін кәсіптік бағытта қызмет көрсету үшін пайдалана алады. Ал қалған (үштен екі) бөлігі жолаушылардың көлік күтуіне арналады. Қазір бір жылы аялдамадағы жылытқыш құрылғы жұмыс істемей тұр. Қажет жабдықтарды әкелген соң, оны жөндеп, іске қосады, – деді бас маман.
Жылы аялдама павильондары 2021 жылы пайдалануға берілген еді. Алғашқы екі аялдамаға бюджеттен 14 млн теңге бөлінгені, ал кейінгі екеуінің құны 20 млн теңге болғаны есімізде. Бас маманның сөзінше, болашақта қалада жылы аялдама салатын жоспар жоқ. «Осы нысандарға жұмсалған миллиондаған қаражат ақталды ма?» деген сауалымызға «Мен қаражат бойынша сұрақтарға жауап бермеймін» деген жауап алдық.
Нұрлыбек Наблоұлының айтуынша, оралдықтардан аялдамалардың қажеттігі жөнінде ұсыныстар жиі түседі.
Әсіресе Ескі әуежай, Жұлдыз және 10-шағынаудандардың тұрғындары жиі хабарласады екен. Биыл жергілікті бюджеттен қаражат бөлінсе, жаңадан салынып жатқан шағынаудандарда ашық аялдама павильондарын салу жоспарланған. Сондай-ақ қала орталығын көркейту, эстетикалық жаңарту бағытында ескірген аялдамаларды шаһардың шет жағына қарай шығарып, жаңа аялдамалар салу ойда бар. Бүгінде қалаға 100-ден астам ашық аялдама қажет. Алайда олардың бәрін бір жылдың ішінде салу мүмкін емес. 2021 жылы қалада 20 павильон пайдалануға берілген. Қала шегіндегі Деркөл, Зашаған кенттерінде аялдамалар салумен сол жердегі әкімдіктер айналысады.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орал қаласы филиалының басшысы Бауыржан Ахметжан шаһардың шеткі көшелерінде аялдамалардың жоқтығын айтып келеді. «Әрқайсысының құны 7-10 млн теңге шамасында болатын жылы аялдамалар орнатылған кезде, құрылыс бағасы қымбат екенін айтып, мәселе көтерген едік. Жалпы жылы аялдамаларды қаланың ішіне сала берудің қажеті жоқ. Одан да Сарытау, Ескі әуежай, Жұлдыз, Құс фабрикасы секілді қаланың шет жағындағы шағынаудандарға орналастыру керек деп ойлаймыз. Себебі шеткі көшелерге аялдама павильондары керек. Жолаушылар күн суықта бүрсеңдеп, шіліңгір ыстықта күнге қақталып тұратынын көріп жүрміз», – деді заңгер. Былтыр қыркүйекте облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында шаһар басшысы Миржан Сатқанов аялдамаларға қатысты сауалға жауап берген еді. Ол Орал қаласында 500-ге жуық аялдама бар екенін, олардың 130-ы ашық күйінде тұрғанын айтты. Ал аялдамаларды салу үшін қыруар қаражат керек болғандықтан, бұл салаға бизнес өкілдерін тарта бастаған. Түйіндей айтсақ, тұрғындардың игілігі үшін әлі де аялдамалар қажет. Қолданыстағыларын күтіп ұстау да аса маңызды болып тұр.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz