25.12.2023, 15:15
Оқылды: 162

Атырау-Орал тасжолы: кибер-шериф жол апатының санын азайта ала ма?

Қыс түссе болды әлеуметтік желіде тас жолдардың мәселесі жырға айналады. Солардың ішінде Атырау-Орал тасжолын сынайтындар көп. Себебі бұл жолда жол апаты көп болады. Полиция өкілдері қауіпті аймақ деп екі бірдей кибер-шериф жүйесіне қосылған патрульдік полиция көлігін Атырау-Орал тасжолына шығарды. Бұл мәселені қаншалықты шеше алады? 

кибершериф1

Иә, расымен де Атырау-Орал бағытындағы трасса облыстағы ең қауіпті жол бағыттарының бірі болып қалып отыр. Дәл осы жолда жол апаты өте көп болады. Сөзіміз дәлелсіз болмасын. Статистикаға көз жүгіртіп көрейік...

БҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Арман Байекесовтің айтуынша Атырау-Орал тас жолында биыл 26 жол апаты тіркеліпті. Салдарынан 21 адам қаза тапқан. Бір ғана тас жолда болған оқиға үшін аз емес. Жоғарыда атап өткеніміздей облыс әкімі Нариман Төреғалиев полиция өкілдеріне су жаңа көліктерді тапсырып жатып, «жолдағы қауіпсіздікті күшейтерсіздер» дегенді айтты. Ол жайдан жай айтылған сөз емес. Себебі статистика көңіл көңшітпейді.

- БҚО-да 11 айда 385 жол көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 94 адам қаза тапты. 473 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Жасөспірімдердің қатысымен 84 жол апаты тіркеліп,  9 бала қайтыс болды. 92 бала әр түрлі дене жарақатын алды, - дейді БҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Арман Байекесов.

Республикалық трассаларда жол апаттары азаймай тұр. Полиция өкілдерінің айтуынша, республикалық тас жолдарда 67 жол көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 45 адам қаза тапқан. Ал облыстық маңызы бар тас жолдарда 31 факт тіркеліп, 17 адам қаза тапқан.

Атырау-Орал тас жолы да республикалық маңызға ие. Жол 2005 жылы қолдануға берілген. Бүгінде осы елдің көп сынына ұшыраған жолды «ҚазАвтоЖол» мемлекеттік мекемесінің БҚОФ күтіп ұстайды. Яғни, жолға осы мекеме жауапты. Қыста қарын тазалайды, мұзын ояды. Жазда қоқыстан, шөптен тазалайды. Жол белгілерін орнатады, түзейді.

Жалпы облыста осы мекемені көп сынайды. Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде Атырау-Орал тас жолының видеосын екі күннің бірінде жүктеп жатады. Сонда байқайтынымыз жол көк мұз, қардан тазаланбаған деген сыни пкірілер.

Атырау-Орал тас жолын жиі сынайтындардың бірі - Айболат Букенов. Ол - қоғам белсендісі, блогер.

«ҚазАвтоЖол мекемесі жұмыс істемейді. Осыдан 10 шақты күн бұрын ғана қар жауды. Сол кезде Атырау-Орал тас жолы көк мұз болып жатты. Ешкім тазалаған да жоқ, құм да сепкен жоқ. Мен осы мәселені облыс әкіміне де айттым. Бұл жерде бар проблема тендер деген пәледе болып тұр. Себебі кез-келген компания тендерге қатыса алады. Оның техникасы бар ма, адам күші жете ме ешкім тексермейді. Мысалы, мен барамын да таныс компанияның техникасын жалға аламын, техникам бар деген өтірік құжат көрсетіп тендерге қатысып ұтып ала беремін. Түсіндіңіз бе? Енді содан кейін ол жолды тазалайтын не техника жоқ, не құрал жоқ, адам деген қырылып жатыр», - деп қынжылады Айболат Букенов.

Біз ел арасында жиналып қалған арыз-шағымдарды арқалап «ҚазАвтоЖол» мекемесінің БҚО филиалына бардық. Бізді директордың орынбасары Дамир Тілеубаев қарсы алды.

Әп дегеннен басшының орынбасары «Иә, бізге сын көп айтылады, білеміз» деп ақталғандай сынай танытты.

- Атырау-Орал тас жолының жалпы ұзындығы 303 шақырым. Атырау облысының шекарасынан басталып Орал қаласының кіре берісіне дейінгі аралықты біздер күтіп ұстаймыз. Жол бойында екі жол пайдалану учаскесі бар. Ол жолда жеті әмбебап машина жүреді. Ол жолға тұз, құм себеді. Тазалайды.  Қазір жаңадан КамАздар сатып алып жатыр. Тайпақ ауылы маңында қосымша бөлімше бар. Ол жерде жұмысшыларға арналған жатын орын, техника қоятын орын және құм қоспасын сақтайтын қойма да сол жерде. Қазір ауа райы өте қолайсыз болып тұр. Біресе қар жауып, біресе жаңбыр жауып, қатырып, ерітіп, әрі қатты жел. Осындай кездері біз сол Тайпақ маңындағы кезекшілікте тұрған техникалар мен құмды пайдаланамыз. Жалпы жолдың бойында екі-үш жерде құм мен тұз қосылған қоспалардан қор үйіліп тұр. Біз оны ауа райының қолайсыз күндері дереу қолдану үшін дайындап қоямыз, - дейді «ҚазАвтоЖол» мекемесінің БҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Тілеубаев.

Жалпы Атырау-Орал тас жолын күтіп ұстауға бюджеттен былтыр 315 млн, биыл 485 млн қаржы жұмсалыпты.

Халық тас жол тазаланбайды, үнемі көк мұз болып жатады деген сын айтады. «Бұған не дейсіздер?» деген сұрақты тастадық басшы алдына.

- Біз бірінші кезекте көпірлерді, қиылыстарды, бұрылыстарға құм себеміз. Сол жерлерді тазалаймыз. Біздің бір көлікке тиелген құм мен тұз қоспасы шамамен 8 шақырымға жетеді. Кейін ол қайта келіп тиеп, жолға кері шығады. Осы жағынан келгенде біздің азаматырымыз түсінбей жатады. Жолда біздің техникаларды көргендер көлік құм шашпай жай кетіп бара жатыр деп түсіріп, әлеуметтік желіге таратуларын қоймай отыр. Біздің көліктер бос жүрмейді. Ол тиеп алынған құм мен тұзды қауіпті аймаққа шашуға бара жатуы мүмкін немесе құм тиеп алып келуге бара жатуы мүмкін. Осыны түсініп алуды сұраймын. Бізде осы жолды күтіп ұстауға арналған құм мен тұз қоспасы жетеді. Бүгінде төрт мың жарым тонна материал экспертизадан өтіп, дайын тұр,- деп түсіндірді Дамир Тілеубаев.

- Бұдан бөлек Чапай ауылы маңына проекциялық жаяу өткінші жолағы қойылыпты. Ол ауа райының қолайсыз күндерінде де жаяу жүргінші жолағына жарық түсіріп тұрады екен. Одан бөлек тас жолға үй жануарларының шығып кету оқиғасы да жиі болады. Мұны азайту үшін тас жолға жақын ауыл маңынан электр бақташы қойылыпты. Оның ұзындығы үш мың метрді құрайды. Ол тас жолдың бойына мал шығып кетуін қорғайды, - дейді мамандар.

«ҚазАвтоЖол» мекемесінің БҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Тілеубаевтің айтуынша, қазір тас жол қанағаттанарлық жағдайда, ауа райының қолайсыз күндері үшін техника да, материал да жеткілікті. Қолайсыз ауа райы кезінде жолға қойылатын кезекші топ та дайын.

Сонымен қатар Дамир Тілеубаев жергілікті халықтан жол бойына қоқыс тастамауын сұрайды.

- Азаматтар жолда келе жатып су, шырын ішкен ыдысты, тамақтың қорабын, қалдықтарды жол бойына лақтыра береді. Бұл жолда келе жатқан көлік үшін қауіпті. Біздің қызметкерлердің көп уақыты жол бойындағы қоқысты тазалаумен өтеді. Азаматтардан жол бойына қоқыс шашпауын сұраймыз. Арнайы белгіленген жерлерге тастаса жақсы болар еді, - дейді Дамир Тілеубаев.

Ал облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір Атырау-Орал тас жолында жол апатының санын азайтудың жолы екі араға темір жол қатынасын қосу немесе жолды төрт жолақты етіп кеңейту керек деген пкірін білдірді.

- Атырау-Орал тас жолы адамдардың өліміне, жарақатына үлкен үлес қосып отыр деп есептеймін. Орал мен Атыраудың ортасында темір жол болуы керек. Бұрын кеңес үкіметі қирар алдында оның дайын жобасы болған деген әңгіме бар. Егер екі ортаға теміржол қатынасын қосса ол біріншіден, қауіпсіз болар еді екіншіден, арзан көлік түрі. Атырау-Орал тас жолы қазір екі жолақты. Ол жоқ дегенде төрт жолақты болуы керек. Бұл әлемдік стандарт. Сол стандартқа сәйкес үлкен қалалардың арасындағы жол төрт жолақты болуы керек. Бұл бірінші кезекте жол қаупісздігін қамтамсыз етсе, екінші кезекте туризм үшін де қолайлы. Тәжірибеге сенсек әлем бойынша дамыған елдер екі жолақты жолдары бар елдерге адамдарын аз жібереді. себебі сол жолда бірдене болса оның сақтандыру шығынын өтеуге шашы да шақ келмейді. Сондықтан да бірінші кезекте қауіпсіздік үшін, екінші кезекте туризмнің дамуы үшін жол төрт жолақты болуы керек,- дейді БҚО Қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір.

Қоғам белсендісі сонымен қатар трассаға үй жануарлары шықпайтындай қоршау орнату керек деген пікірін айтты.

«Жолдың бойына мал және киік шықпайтындай болуы керек. Мен өзім шет елде болғанда көріп жүрмін. Олар жолдың жанын қоршап тастайды. Біздің елде де осы тәжірибені енгізу керек. Қазір сол Атырау-Орал  тас жолына киік жүгіріп шығып  адамдарға соғылып  жатыр. Жабайы аң, мал жолға шықпас үшін оны қоршау керек»

Бізбен әңгімелескен Нұрлан Сәдір:

- Жалпы жол апаттарының түпкілікті себебі халықтың әл ауқатында жатыр, - дейді.

- Жағдайы жоқ, шамасы көтермеген халық арзан, ескі көлікті айдауға мәжбүр. Жол апаттарына тозығы жеткен көліктер де сеп болады. Адамдар жақсы көлікпен жүруді білмей отырған жоқ, бірақ қалтасы көтермейді. Адамдардың бақ-қуаттылығы, қаржылық жағдайы жол апаттарына әсер етеді. Сондықтан да адамдардың әлеуметтік жағдайы түзелмей жалпы жол апаттарын азайтамыз деу ақылға қонбайды. Неге? Себебі жолға шығатын көлік ең алдымен техникалық талапқа сай болуы керек. Ол үшін адамдардың жағдайы толық болуы керек. Сонымен қатар жолдың сапалы дұрыс, әрі жарық болған дұрыс. Билік мұның бәрі ақшаны талап етеді деп айтуы мүмкін. Бірақ біздің Конститутциямызға сәйкес елдің ең үлкен байлығы адам және адамның өмірі деп айтылған. Сондықтан да адамның өмірі мен саулығына келгенде ешқандай қаражат үнемдеп жұмсалмауы керек. Ешкімге пайдасы жоқ конференция, жиын-той өткізуді қойып осылай пайдалы іске қарай қаражатты бағыттау керек, - деп сөзін қорытты облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір.

БҚО полиция департаменті Атырау-Орал тас жолы бойындағы апатты азайту мақсатында екі бірдей кибер-шериф жүйесіне қосылған автокөлікті шығарды.

кибершериф

- Осы жылдың 13 желтоқсанынан бастап кибер-шериф жүйесі іске қосылды. Бүгінгі таңда 100-ден астам  жылдамдық асыру фактісі анықталды. Бұл құрылғы  авариялық қаупі үлкен деген трассаларға қойылып отыр. Қазіргі таңда екі кибер-шериф Орал-Атырау тас жолы бойында жүр. Бірақ олар үнемі ол жолда жүрмейді. Біз ауыстырып басқа да қауіпті жолдарға шығарамыз. Бұдан бөлек бұрыннан жолда жұмыс істеп тұрған «Арқан» жылдамдық өлшеуші құралы бар. Адамдар арасында неге мұндай құрылғыларды көбейтіп жатыр деген заңды сұрақ туындап отыр. Біз тіркелген жол апаттарына жүргізген талдау нәтижелерінен байқағанымыз жол апаттары жылдамдықты артық асырғаннан болады. Сондықтан да талдау нәтижесіне сәйкес жолдағы жылдамдықты бақылауды күшейтуді көздеп отырмыз. Біздің трассаларда осы кибер-шериф жүйесі жылдамдықты бақылайды,- дейді БҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Олжас Ибрайымов.

олжас ибрайымов

Сөзімізге тұздық болсын, 2026 жылы Атырау-Орал тас жолы қайта салынады. Қазір жол екі жолақты. 2026 жылғы құрылыстан кейін Атырау-Орал тас жолы төрт жолақты болады.

Бұл туралы бізге «ҚазАвтоЖол» мекемесінің БҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Тілеубаев айтты.

Қазір сметалық құжаттары әзірленіп жатыр екен. Ал полиция болса:

- Жаңа жылдан кейін тағы да 17 кибер-шериф жүйесіне қосылған көлік сатып алу жоспарланып отыр, - деп мәлімдеді.

Осы айтылған жақсы жаңалықтар тас жолдардағы жол апаттарының санын азайтады деп үміттенеміз.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале