19.01.2022, 9:00
Оқылды: 78

Атырауда 28 жауынгер жараланды

Атырау қаласында Қазақстан  Республикасы Ұлттық ұланы  «Батыс» өңірлік қолбасшылығының  №5546 әскери бөлімінің әскери қызметшілері құқық қорғау  құрылымдарымен бірлесіп, жаппай тәртіпсіздік орын алған өңірде  қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті  қамтамасыз етуге тартылды. Бүгінгі таңда барлық өңірлерде жағдай тұрақтанды. Төтенше жағдай режімін енгізу өз нәтижелерін берді. Бүкіл ел бойынша конституциялық заңдылық қалпына келтірілуде. Ұлттық ұланның әскери  қызметшілері күн сайын өздерінің  алдына қойылған міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындады.

3B992FF8-BAA9-41B0-A359-F53BB28B5C5C

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Атырау полкінің жеке құрамы орталық алаң әкімдігінің қоршауына тартылды. Сондай-ақ әскери бөлімнің әскери қалашығын, қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймаларын күзету күшейтілді. Бұл әскери техника мен қару-жарақтың қылмыскерлердің қолына түсуіне жол бермеді.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында Ұлттық ұланның №5546 әскери бөлімінің 28 әскери қызметшісі бұзақылық топқа қарсы тұрып, түрлі дене жарақатын алды. Соның бірі – Ұлттық ұланның мерзімді қызмет сарбазы, қатардағы жауынгер Диас Самат. Ол Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қарасты Тау ауылында туып-өскен.

53439B92-ECBA-4A05-8BAD-B9D2E7F329AA

Сарбаз алған жарақатына қарамастан және өмірін қатерге тігіп, соңына дейін өз әріптестерімен  орталық алаңды  күзетіп  тұрды.

– Бастапқыда барлығы бейбіт шеру ретінде басталды. Бізге күш, қару қолданбау туралы бұйрық берді. Өйткені шеруге шыққандар бейбіт тұрғындар болатын. Біз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметті қамтамасыз етіп, сапта тұрдық. Бір кезде топ ішінен жас жігіттер шығып, бізге шабуыл жасады. Қолдарына түскен арматура, тас, газ баллонда­рын лақтырды. Мен арттағы қарулас достарымды қорғап тұрғанмын. Қорғаныш қалқанын төмен түсіргенде, ауыр зат ұшып келіп, оң жақ бетіме тиді. Бірін-бірі итеріп, қақтығыс, төбелес басталды.

Оң бетім қызыл жоса қанады. Бұған қарамастан, достарымды тастамадым. Күшім жеткенше қызметімді атқардым, – дейді жас сарбаз.

№5546 әскери бөлімінің командирі, подполковник Манат Нәукеев ұлттық ұланның Қазақстан халқына және әскери антқа адалдығын дәлелдеп, батылдық пен қайсарлық танытқанын атап өтті. Қазір аталған әскери бөлімінің жеке құрамы полиция және Қарулы күштер қызметкерлерімен бірлесіп, блокбекеттерде қызмет атқаруда. Өткізу бақылауын, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік нысандарды күзетуді жүзеге асыруда.

Жалпы, Алматы, Шымкент  қалаларында және басқа да облыс орталықтарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде бұзақы топпен қарсыласудың нәтижесінде жарақат алған Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің саны 394 адамға жетті. Бұдан бөлек жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұланның 90-нан аса әскери  техникасы бүлінді.  

Ерболат Сұлтанов,

подполковник,

Атырау қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале