Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешованың мәліметінше, өңірде тамақтан улану дерегі жыл басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр.
«Кеше облыстық инфекциялық ауруханаға 7 адам улану диагнозымен тіркелді. Ал, бүгін тағы 2 жағдай анықталып отыр. Оқиға С. Датов көшесінде орналасқан жеке меншік «Afisha» дүңгіршегінде болған. Зардап шегушілер тез тағам дайындау орнынан құс етінен жасалған донер жеген. Осы оқиғаға байланысты Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды. Дүңгіршек жұмысын уақытша тоқтатты. Ал, зардап шегулер дәрігерлердің жіті қалағалауына алынды», - дейді Әлия Бекешова.
Департамент басшының орынбасары Гүлназ Ирбатырованың айтуынша, көктем-жаз айларында жедел ішек инфекциясы ауруының қаупі артады. Ішек жұқпалары – ас қорыту жолын зақымдайтын зиянды аурудың бірі. Сондықтан, үнемі жеке бас гигиенасын сақтап, азық-түлікті белгіленбеген орындардан сатып алмау керек.
Бұдан бұрын Атырауда адам өміріне қауіпті 1,5 тоннадан астам тауық еті жойылған еді.
Атырау қаласындағы көтерме және бөлшек сауда нысандарынан санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін 108 түрлі тауық етінің сынамасы алынған. Сараптама нәтижесінде 40%-дан астамы Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған.
«Макинск құс фабрикасы» ЖШС-нің бройлер-балапан етінен адам өміріне қауіп төндіретін бактериологиялық көрсеткіші табылды. Осыған байланысты ірі кәсіпкерлік субъектісі – «Метро Кэш энд Керри» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Тексеру кезінде өнім сапасының талапқа сәйкес еместігі анықталып, сатылымдағы 1 тонна 597,65 келі бройлер тауық етін жою туралы санитарлық-эпидемиологиялық нұсқама берілген болатын.