Атырау қаласында 12 жасар қыз тұрғын үйдің жоғары қабаттан құлады. Ауыр жарақат алған жасөспірім облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті.
Оқыс оқиғаның 9 қарашада болғаны анықталып отыр. Бірақ, полиция департаменті де, облыстық денсаулық сақтау басқармасы да бүгінге дейін ақпарат таратқан жоқ.
Ал, бүгін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жасөспірімнің жансақтау бөлімініде жатқанын растады.
«Жоғарыдан құлаған кезде ауыр жарақат алған пациент жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Науқастың жағдайы әлі де ауыр күйде қалып отыр», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Ал, Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жасөспірім өз-өзіне қол салмақ болған.
«Қазір жасөспірімнің жоғары қабаттан құлау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері кешенді тергеу амалдарын бастады. Аталған оқиғаның жан-жақты мән-жайлары тексеріліп, анықталып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда үстіне қақпа құлаған 9 жастағы қыздың жағдайы ауыр екенін жазған болатынбыз.