Атырауда тұрғын үйдегі газ-ауа қоспасының жарылысынан бір отбасының 5 адамы ауруханаға түскен еді. Кеше облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан үш айлық балақай қайтыс болды, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Pixabay
Бүгін бұл деректі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады.
«Кеше, 5 қаңтарда кешкі мезгілде облыстық балалар ауруханасында 2023 жылғы сәби көз жұмды. Қазір аурухананың жансақтау бөлімінде күйік шалған тағы бала жатыр», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2 қаңтарда Атырау қаласындағы Көкарна ауылындағы тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылып, соңы өртке ұласқан еді.
Оның салдарынан бір отбасының 5 адамын күйік шалған. Зардап шеккендердің бәрі 80-95 пайыз күйікпен аурухананың жансақтау бөліміне түсті.
Тұрғын үйдің 9 шаршы метр қабырғасы құлап, 140 шаршы метр алаңы жанып кетті.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ауруханаға түскен бес адамның үшеуі — ересек, екеуі — балалар.
Үш күн бұрын, 3 қаңтарда 1965 жылғы ер адам облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Бір күннен соң, 4 қаңтарда жарылыста күйіп қалған екінші адам ауруханада қайтыс болды. Ол — 1970 жылғы әйел.
Марқұмдардың денесін 90-95 пайыз шамасында күйік шалған.
Бұрнағы күні, 4 қаңтарда Атыраудағы жарылыстан зардап шеккен екі баланың жағдайы әлі де ауыр екенін хабарлаған болатынбыз.
Атырау облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ержан Есболаевтың айтуынша, екі бала жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр.
«Біздің ауруханаға 2 қаңтар күні жергілікті уақытпен сағат 11:00 шамасында екі бала өте ауыр жағдайда түсті. Балақайдың бірі 2021 жылы туған, ал, екіншісі — үш айлық екі бала. Екеуінің денесінде 80-90 пайыз шамасында күйік бар. Балалар жасанды тыныс алу құрылғысына шұғыл қосылды. Жергілікті дәрігерлер науқастарға тиісті ем-дом жүргізуде. Бірақ, оң өзгеріс байқалған жоқ. Балалардың жағдайы әлі де бұрынғыша — ауыр күйде қалып отыр. Олардың өмірін сақтап қалу үшін елордалық дәрігерлердің кеңесіне жүгіндік», — деп хабарлаған еді Ержан Есболаев.