11.11.2020, 9:16
Оқылды: 34

Ауаны ластайтын заттар азайды

Сейсенбіде Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінде бейнеконференция (zoom) арқылы онлайн режимінде «Облыс кәсіпорындарының қоршаған ортаны қорғау шараларын іске асыруы» тақырыбында кеңес өтті. Оған облыс тұрғындары, әкімдіктің және «Ақжайық – адалдық алаңы» өңірлік жобалық кеңсесінің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері қатысты.

мқнай

Департамент басшысы Ербол Қуанов кіріспе сөз сөйлеп, қатысушыларды өткен жылғы  және биылғы жылдың 9 айы ішіндегі облыстағы ірі табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыруы жайынан  хабардар етті. Басшының айтуынша, өңірде нысандар қауіптілігінің бірінші санатына жататын 60 табиғат пайдаланушы бар. Оларға «ҚазТрансОйл» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «КПО б.в», «Жайықмұнай» ЖШС сынды ірі компаниялар жатады. Кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу кезінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынып, келісім алады. Онда кәсіпорын рұқсат етілген мерзім ішінде қоршаған ортаға эмиссияларды азайтуды және қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуды көздейтін нақты экологиялық тиімді шараларды жүзеге асыруды жоспарлайды. Одан кейінгі уақытта табиғат пайдаланушылар тоқсан сайын экология департаменіне қоршаған ортаны қорғау шараларын іске асыру туралы есептерін ұсынады. 2019 жылға облыстағы ірі кәсіпорындар экологиялық іс-шараларды 14,9 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды жоспарлап, іс жүзінде 12 млрд теңге жұмсалған. Бұл жоспардың 80,5%-ын құрайды. Биыл өңірдегі ірі табиғат пайаланушылар табиғатты қорғау іс-шараларын 15,6 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды жоспарлады. Өткен 9 айда жоспарланған қаржының 8,8 млрд теңгесі игерілді. Бұл жоспардың 56,4%-ын құрайды.

Жиында «КПО б.в.», «Жайықмұнай», «ICM Recrucling» ЖШС-лары, яғни облыстың ірі кәсіпорындарының өкілдері қоршаған ортаға экологиялық тұрғыдан айтарлықтай әсер ететін өндіріс орындарының соңғы 3 жылда табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыруы туралы баяндады. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы жыл сайын ауқымды экологиялық тиімді шараларды, соның ішінде мұнай айдау үшін жоғары қысымды сорғыны, ұңғыманы игеру кезінде жоғары қысымды сепараторларды және «Ламикс» қабатына  көмірсутегі негізіндегі сұйықтықты, ұңғыманы игеру кезінде үлкен көлемдегі газ үлесі бар өнімді айдау үшін жердегі сорғыны және басқаларын пайдалануды жүзге асыру кезінде  ауаны ластайтын заттарды соңғы 2 жылда 9-11 мың тоннаға азайтты.

«Жайықмұнай» ЖШС 26 МВт газ турбиналы электр стансасы өндіретін қуатты бұрғылау мердігерлерінің қажеттіліктеріне пайдаланған кезде 2019 жылы ауаны ластайтын шығарындылардың төмендеуі жылына 30 тоннаны құрады. Сонымен қатар  күкіртті қалпына келтіретін қондырғыны іске қосып, тауарлық түйіршікті күкірт өндірісі кезінде ауадағы күкірт диоксидінің мөлшері 108,817 тоннаға азайды. Биыл мұнай құю терминалы учаскелерінде мұнай мен конденсатты сақтау сыйымдылықтарында газды теңестіру жүйелерін қолданғанда шығарындылардың төмендеуі 931,429 тоннаны құрады.

Өткен жылы облыстағы экология департаменті мен «Орал құс фабрикасы» ЖШС арасында шығарындыларды азайту және кәсіпорын қызметінің қоршаған ортаға әсерін азайту, шаруа қожалықтарына құстың саңғырығына негізделген тыңайтқыштарды беру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Осыған орай 2019-2026 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарында осы меморандумды іске асыру шаралары ескерілді. 2019 жылы 8986 тонна көлемінде өндіріс қалдықтары (тауық саңғырығы) шығарылса, биылғы 9 айда 6858 тонна  көң тыңайтқыш ретінде келісімшарттарға сәйкес үшінші тарапқа берілді.

«IGM Recacling» ЖШС 2019 жылы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған қондырғыларды енгізіп,  оны іске қосқан. Соның нәтижесінде қатты тұрмыстық қалдықтардың нақты көлемі 80 мың тоннаға азайды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, қоршаған ортаны қорғау іс-шараларын ұдайы жүзеге асырудың және департамент жүргізген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыста ауаны ластайтын заттардың нақты көлемінің төмендегені байқалады. Соңғы 3 жылда (2016-2018 жж.) олардың көлемі 63 мың тонна деңгейінде тұрақтанғанын атап өтуге болады. Өткен жылы оның көлемі 55,3 мың тоннаға дейін төмендесе, биылғы жылдың 9 айында облыстағы нақты шығарындылар шамасы 32 мың тоннаны құраған.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале