Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ерлік – ұрпаққа ұран» тақырыбында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орайластырылған тағылымды іс-шараны студенттік өзін-өзі басқару ұйымы мен университеттегі «Әскери кафедра» ұжымы бірлесе ұйымдастырды.
Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері Асқар Кониров, Анатолий Боровский, Сергей Пунгин, Жәрдем Молдағалиев қатысты. Шараға жиналғандар алдымен он жылға созылған Ауған соғысында қаза тапқан қазақстандық ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов бұл кездесудің өскелең ұрпақты патриоттыққа баулудағы маңызы зор екенін атап өтті. Бұдан әрі «Әскери кафедра» студенттері Ауған соғысы жайында баяндамалар оқып, білім алушыларды сұрапыл соғыс туралы деректерден хабардар етті. Сонымен қатар студенттер әскери-патриоттық әндер шырқап, қонақтарға өз өнерлерін көрсетті.
Кеште сөз алған Отан алдындағы әскери анттарына адалдық танытып, ерлік көрсеткен Ауған соғысының куәгерлері өздерінің сол шайқаста бастан кешкен қиындықтары туралы әңгімелеп, бүгінгі күннің жастары ондай зұлматты көрмеуін тіледі. Сондай-ақ кездесу кешін ұйымдастырған Жәңгір хан университетінің басшылығы мен «Әскери кафедра» ұжымына алғыстарын білдірді. Алдағы уақытта білім алушылар алдында әскери-патриоттық тақырыпта дәріс оқуға шақырту болса, құп алатындарын жеткізді.
Патриоттық кездесу соңында қонақтарға естелік сыйлықтар мен алғысхаттар табысталды. Тақырыптық баяндамалар оқыған студенттерге дипломдар берілді.
БҚАТУ медиа-орталығы