Таяуда Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК-ның ұйымдастыруымен Зашаған кентіндегі «Алтын орда» мәдениет үйінде кәсіби музыкант, Ауған соғысының ардагері, «БҚО бойынша Ауған соғысының мүгедек-ардагерлер қоғамы» ҚБ-ның төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Беркінғали Ғабделовпен «Жауынгер ғұмыр» атты кездесу өтті.
Ауғанстандағы жауынгерлік жорықтардан аман келіп, бүгіндері үкімет-тік емес ұйымға жетекшілік жасап жүрген Беркінғали Ғабделовпен кездесу ол туралы арнайы әзірленген бейнебаянмен басталды. Осыдан кейін Беркінғали Серікұлы балалық бал дәурен кезеңінен бастап, студенттік шағы және Ауғанстанда интернационалистік борышын өтеген кезеңнен естеліктер айтып, салиқалы әңгіме өрбітті.
Б. Ғабделовты Жайық жұрты кәсіби музыкант ретінде жақсы біледі. Ол – Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік (қазіргі ұлттық) консерваторияға қарасты оркестрлік факультеттің 1989 жылғы түлегі. Беркін ағамыз консерваторияда бертін келе көпке танылған Батырхан Шөкенов, Бекболат Тілеуханов сияқты өнерпаздармен бірге оқыған екен. Музыканың өмірінің мәніне айналу себебін сұрағанда:
– Ата-анамыздан бесеуміз, бесеуміз де музыка мектебінде білім алдық. Әке-шешеміз де ән-күйден жырақ жандар емес. Бір сөзбен айтқанда, біздің әулет «музыканттар әулеті», – деп ағынан жарылды ағамыз.
Ауғанстан жеріндегі жан алысып, жан беріскен шайқастарды тебіреніспен еске алған кейіпкеріміз, адам баласы, адамзат қоғамы үшін бейбітшілік басты құндылық екенін айтты. Ауғанстаннан аман оралған сарбаз-сардарлардың бірі, подполковник Анатолий Боровский Беркінғали Серікұлы хақындағы әсерлі әңгімесімен көптің көңілін толқытты.
– Беркін бауырымыз соғыстың ең қиын нүктелерінде болды. Тіпті, жараланды да. Бірақ мұның ешбірі оның жігерін жасыта алмады. Майданнан кейін өнер жолына түсіп, оқуын жалғады. Өнер, мәдениет саласында жауапты қызметтер атқарды. Алқалы жиындарда үлкен мінберлерден сөйледі. Алайда біздің Бекең өзінің қарапайым қалпынан еш айныған емес, – деді подполковник А. Боровский.
Беркінғали ағамыз қарулас достарымен бірге ауған әндерін шырқап, сондай-ақ өзі жеке орындауда Шәмшінің «Арыс жағасында» әнін шалқытты.
– Ауғанстан аумағында біздің Бекең Жалалабад аймағында болып, нағыз батырларға тән ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Бірақ сол жасаған ерлігін ешқашан мақтанып айтқан емес. Кейін елге келіп, қоғамдық-мәдени бағытта белсенді қызметтер атқарып келеді. Қашанда өз ұстанымынаберік, ортамызда сыйлы азамат, – деп сыр ақтарды қарулас досы, Ауған соғысының ардагері Қайрат Құмаров.
Әсерлі шараның соңына таман Орал қалалық «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК-ның директоры Серік Тоқмамбетовке БҚО бойынша Ауған соғысының мүгедек ардагерлердің қоғамы атынан ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына – 30 жыл» медалі табысталып, Ауғанстанда қаза тапқан батысқазақстандық 27 боздақ туралы кітап ұсынылды. Ал жас ақын Орынбек Меңдіқұл батыр ағасына арнаған өлеңін оқып, батасын алды.
Жаскелең Ғайсағалиев, Айбар Хайырханов, Марат Сарбөпеев сынды өнер жұлдыздары ән шырқап, кештің шырайын кіргізді. Шараның шымылдығы «Атамекен» әнімен жабылды.
Әнуар Аманжол,
Орал қаласы