5.06.2025, 16:30
Оқылды: 168

«Ауыл аманаты» - кәсіпкерлік бастамаға демеу!

Жәнібек ауылының  тұрғыны  Ұлболсын  Жұмағалиева  2024  жылдың  қыркүйек  айында  «Ауыл  аманаты»  бағдарламасы  аясында  2,5%  үстемемен  9,2  млн  теңге  несие  алған.  Бүгінде  оның  тауық  жұмыртқаларын  сатумен  айналысатын  «Жұмағалиева»  жеке  кәсіпкерлігі  бар.  Қазір  бұл  кәсіпті  жұбайы  Марс  Арыстанғалиев  жүргізіп  отыр.  Олар  «Ауыл  аманаты»  бағдарламасы  берген  несие  қаражатына  былтыр  РФ-ның  Уфа  қаласынан  Ломан  Браун  (Lohmann  Brown)  тауық  тұқымдасының  800-ге  жуық  балапанын  сатып  алған.  Сол  кездегі  төрт  айлық  балапандар  екі  айдан  соң  өнім  бере  бастаған.

5f86466c-bbcf-4d6a-9d03-ce1362c022d3

Жәнібек ауылында тауық жұмыртқаларын сатумен айналысатын кәсіпкерлер аз. «Ауыл аманаты» бағдарлмасы кәсіпкерлік бастамаға қолдау білдіретінін естігенде көп ойланбадық. Қажетті құжаттарды жинап, оны уақытында тапсырдық. Біздің жасаған кәсіпкерлік жоба мақұлданып, бағдарлама аясында ең жоғары несие қаражатына ие болдық. Сөйтіп,  Ресейдің Уфа қаласынан түрлі тауық тұқымдастарының балапандарын сатып алдық. Балапан басына 2800 теңге төледік. Жеткізу қызметімен айналысатын оралдық азамат балапандарды әкеліп берді. Шөжелердің басым көпшілігі Ломан Браун тұқымдасы болды. Бұл тауықтың ерекшелігі әтешсіз, өздігінен жұмыртқа туа алады. Бірақ бұл жұмыртқалардан балапан пайда болмайды. Әкелген төрт айлық балапандарды екі ай бойы ерекше күтімде ұстадық. Оларды уақтылы қоректендіріп, жылы қорада бақтық.  Шамамен екі айға жуық уақыттан соң балапандар өсіп-жетіліп, өнім бере бастады. Қыс мезгілінде тәулік ішінде 300-ге тарта жұмыртқа алатын едік. Тіпті бір күнде 515 дана жұмыртқа алған кезіміз де болды. Бұл Ломан Браун тұқымдасы үшін жоғары нәтиже еді. Олар бір күнде санаулы жұмыртқа туады. Жұмыртқалаған соң 24-26 сағаттан кейін ғана қайта туады. Тауық жұмыртқаларын ауылдың төрт дүкеніне данасын 55 теңгеден өткіземіз. Дүкен иелері он теңге үстемеақы қосып, тұрғындарға сатады. Көк шыға өнім саны күрт азайды. Соның әсерінен дүкендерге тұқым тапсыра алмай отырмыз, – деді Марс Арыстанғалиев.

Марс Арыстанғалиевтың айтуынша, бастаған кәсібі қыс айларында табысты болған. Ол жұмыртқа сату арқылы айына 600 мың теңгеге жуық қаражат тауып, азық және басқа да шығындарды жауып отырған. Тауық қорегі мен дәрумендеріне жұмсалатын бір айлық қаражат орташа есеппен 200 мың теңгені құрайды дейді кейіпкер.

– Қазір тауықтар айына екі тоннаға жуық азық жейді. Оған қоса Орал қаласынан дәрумендерді арнайы алды-
рып, тамағына қосып береміз. Біз асырап отырған тауықтар тәулік ішінде екі қап жем тұтынады. Құстың азығын қаладан сатып аламыз. Оралда жемнің тоннасы 75-80 мың теңге көлемінде болса, ауылдағы баға қаладан 50 мың теңге шамасында қымбат. Қыс мезгілінде мол жұмыртқа алатынбыз. Алайда осы күндері белгісіз себептермен тұқым саны бұрынғыдан айтарлықтай азайды. Бір күнде мыңға жуық тауығымыздан 5-10 дана жұ-мыртқа аламыз. Бұған туықтарға қолайлы орта бол-мағандығы мен құбылған ауа райы себеп секілді. Қазір 100 тауықты бөлек орынға қамап қойдық. Оларға басқалай күтім көрсету арқылы тәжірибе жасамақпыз. Егер бұл ісіміз оң нәтижесін берсе, бағым және қоректендіру тәсілін өзгертеміз. Қыркүйек айында несие демаласы аяқталады. Жаз мезгілінен қалмай бұл мәселенің шешімін тауып, өнім санын арттыру қажет. Тауықтарға қаншалық жақсы күтім жасалса, соншалық өнім береді. Мәселен, қыста оларды жылы қораға қамау қажет. Қораның ішкі ауа температурасы 16 градустан төмен болмауы тиіс. Нәжісі он күн сайын тазаланып, күлімсі иісті басатын ұнтақ сеуіп тұру керек. Біз бұл қажетті іс-шараларды жасап жүрміз. Тазалықты барынша қамтамасыз еткендіктен, тауықтарымыз жұқпалы аурудан аман. Жем тартуға және қора тазалауға жәрдемдесу үшін бір азаматты жұмысқа алдық. Оған күнделікті бес мың теңге еңбекақы төлейміз, – деді Марс  Арыстанғалиев.

Бүгінде кейіпкеріміздің тауықтармен қоса 100-ге жуық балапаны бар. Әрине, ол бағатын тауықтардың жұмыртқасы ұрпақ ретінде жалғаспайды. Сондықтан да құс өсірумен айналысатын ауылдасынан жұмыртқалар сатып алып, тауықтарының бауырына салған.

– Әтеш арқылы туған жұмыртқалар әрмен қарай дамып, одан балапан шығады. Бір тауықтың бауырына шамамен 10 шақты жұмыртқа сыяды. Сатып алған 100 жұмыртқаны 15 тауықтың бауырына салдық. Қазір шөжелер бауырын көтерді және олардың тең жартысы өсіп жетілді. Балапандар тауық асырауға арналған негізгі қораға сыймағандықтан, оларды өзіміз тұратын үй қорасында өсірудемін. Тауық қораның тұрған жеріне қатысты бір көршіміз базынасын айтып, үстімізден шағым түсірді. Осыдан соң арнайы мамандар қайта келіп, тексеріс жұмысын жүргізді. Сараптама шешімі бойынша тауық қорамыз заң талабына сай болып шықты.  Кәсібіміз өрге домаласа, алдағы уақытта құс еті өнімдерін сатумен айналысу жоспарда бар, – деді  Марс  Арыстанғалиев.

Кейіпкеріміз несие демалысы осы жылдың қыркүйек айында тәмамдалатынын сөзіне өзек етті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие бес жыл мерзімге берілген. Кәсіп бастаушыны қолдау мақсатында қаржы алған күннен бастап бір жыл несие демалысы қарастырылған. Кейін қалған төрт жылда алған несиесін өтейді.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале