4.07.2024, 11:00
Оқылды: 118

«Ауыл аманаты» – құлашын кеңге жайған жоба

Ауылдық жерлердегі тұрғындардың табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы әлеуметтің табысын арттыруға, аграрлық бизнесті түлетуге, ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған. Жоба жыл өткен сайын өзінің өміршеңдігін көрсетуде. Ауылды дамытудың жаңа драй-веріне айналған жоба бойынша елімізде 80 млрд теңгеге 2,5 пайызбен 12,7 мың шағын несие берілді.

A68D4D68-5EB9-4CEE-A2F1-4B282BC6ED39

Өткен жылы өңірімізге жобаны жүзеге асыруға  6,4 млрд теңге бөлінді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру барысы туралы «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның басқарма басшысы Ержан Досмақов әңгімеледі.

Ауылды дамыту мәселелері – Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Осы орайда жетекші партия әзірлеген «Ауыл аманаты» жобасы қо­ғамда кеңінен қолдау тапты. Елімізде 2029 жылға қарай жоба аясында 1 миллион ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биыл күллі еліміз бойынша бағдарламаны жүзеге асыруға  100 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

– «Ауыл аманаты» – Президенттің сайлауалды бағдарламасына енгізілген біре­гей жоба. Мұнда ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартудың нақты әрі түсінікті тетіктері қарасты-рылған. Бұдан бөлек қажет­ті қаражат көлемі толықтай шешілді. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлінген қаражаттың жалпы сомасының тек 50%-ын ғана мал шаруашылығы саласына бағыттауды жөн деп тапты. Біз де біртіндеп осы ұстанымға көшуге ниеттіміз. Сонда биыл мал шаруашылығына қаражаттың – 70%-ын, келесі жылы – 60%-ын, ал 2026 жы­лы 50%-ын бағыттау жоспар­лануда. Айта кететін бір жайт,  өңірімізде жоба шарттарына енгізілген өзгеріс, мысалға, тума-туысқанға мал сатуға тыйым салу, кейінірек республика көлемінде қолдау тапты. Несие қаражатына мұқтаждардың көпшілігі –  төрт түлік өсіретін жеке қосалқы шаруашылықтар. Әрине, мал өсіру жер өңдеумен салыстырғанда халқымызға жақын, ата кәсібіміз. Малды төлінен өсіру, оның пайдасын көруге уақыт кетеді, сондықтан ол күрделі  бизнес түрі саналады. Оның шығыны да аз емес, мал шаруашылығымен айналысуға қомақты салым да қажет. Әрі мал өсіргісі келетін адам кәсіптің қыр-сырынан хабары бар болуы керек.  Бастапқы кезеңде жоба аясындағы қаражат шикізат базасын нығайтуға бағытталады. Облыс шикізатты өңдеуге, қайта өңдеуге бағыт ұстайды. Жоспарымызда жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын 1345 жоба бар. Қаражаттың негізгі шамасын мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамытуға жұмсау жоспарланған, -деді Ержан Нұржанұлы.

Басқарма басшысы бағдар­ламаның тұрғындарға қолжетімді болғанын және өті­ніш берушінің несиелік та­рихына түсіністікпен қарайтында­рын айтады. Алайда несие алушылар арасында өз істеріне жауапкершілікпен қарайтындар да, сан соқтырып кеткісі келетіндер де табылады.

«Жақында қызметкерлеріміз берілген несие бойынша қаражаттың нысаналы мақсатта пайдаланылуын растау мониторингін жүргізді. Сонда Шыңғырлау ауда-нының бір тұрғынына үш сағат уақытты бекерге шығындады. Құжаттары жарамсыз екені өз алдына, малы да жоқ болып шықты. Осындай жағдай басқа аудандарда да кездесті. Мұндай кезде айыппұл салу қарастырылған, оның үстіне борышкер несиені мерзімінен бұрын жабуға міндеттеледі. Әрі ол құқық қорғау құрылымдарының тексерісінен өтеді. Бұл – өте күрделі жағдай. Біз несие алушыларға берілетін қаражаттың мақсатты түрде жобаны жүзеге асыруға жұмсалуы керек екендігін түсіндіргіміз келеді. Несиелік қаражат отбасының және еліміздің әл-ауқатын жақсартуға һәм бизнес ашуға берілетінін естен шығармаған дұрыс», - дейді Ержан Нұржанұлы.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие қаражатына сатып алынған мал міндетті түрде чиптелуі тиіс. Осының өзі қаржының нысаналы мақсатта пайдаланғандығын көрсетеді. Өңірдегі елді мекендер арасының алшақтығын ескере отырып, округтерде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға көмектеседі.

– Өткен жылдан бастап кооперативтерге, шағын ұжымнан тұратын шаруашылықтарға көңіл бөле бастадық. Енді кооперативтерге арнайы техника мен құрал-жабдықтарды лизингке алу үшін 1,5-2 млрд теңге мөлшерінде қаржы ұсыну жоспарланды. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша техниканы лизингке беру – біздің облыстың бастамасы. Әзірге бұл қызмет нақты іске қосылмаса да, тәжірибе ретінде «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ өз қаражаты есебінен төрт мекемені қаржыландырды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлу келісілді. Десек те, биылғы су тасқынына байланысты көрсетілген қаржы шамасы азаюы ықтимал. Мұның өзі келісімшарт бойынша бірлескен жауапкершіліктің көзделмегенін ескерсек,  кооперативтер үшін үлкен қолдау-көмек болғалы тұр, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Спикер ұсынған мәліметке сүйенсек, бұл күндері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,9 млрд теңге несие алуға 389 өтінім қабылданды. Соның ішінде 1 млрд теңгеге 117 өтінім қарастырылуда жә­не 1,7 млрд теңгеге 238 өтінім мақұлданды. Нақтырақ айтсақ, мал шаруашылығына 1,4 млрд теңгеге – 209, өсім­дік шаруашылығына 205 млн теңгеге – 28, құс шаруашылығына 312 млн теңгеге – 46, техника мен құрал-жабдық сатып алуға 535 млн теңгеге – 56, өзге бағыттарға (дәріхана, шаштараз және т. б.) 441 млн теңгеге 50 өтінім түскен.  

Ержан Нұржанұлы мал шаруашылығын экономикалық тұрғыдан алғанда ең тиімді кәсіп емес екенін, өйткені оның бір жылда емес, бірнеше жылдан кейін өзін ақтайтынын түсіндірді.

Өңірімізде осы күнге дейін дамымаған салалар бары жасырын емес. Ондай салалар қатарына құс шаруашылығы, балық өсіру кіреді. Міне, осы салаларда инвестицияның қайтарым әлдеқайда жоғары болмақ. Мысалға, бұзаулар мен бройлер балапандарын салыстыралық. Соңғылары 60 күнде өседі, ал бұзаудың өсуі үшін кем дегенде 14-18 ай қажет.  

– Әдетте ауыл тұрғындарының жаңа бастамаларға үрке, асқан сақтықпен қарайтыны таныс жайт. Олар баяғы таптаурын сүрлеумен жүруге дағдыланған. Былтыр гидропониканы көп насихаттадық. Бөкей ордасы ауданындағы бір кәсіпкер  осы бизнесті бастауға бел буды. Еліміздің оңтүстігінде мұндай кәсіпкерлік бағыт әлдеқашан дамыған. Әрине, қай іс болмасын шығынсыз және қиындықсыз іске аспайды. Облыста мал шаруашылығы дамыған, сондықтан гидро­поника саласын дамыту қажет екенін саралаңыз, қажетін таңдаңыз дейміз кәсіпке ден қойғандарға, - дейді   Е. Досмақов.  

Жалпы аталмыш бағдарлама жылдық 2,5% мөлшерлемесімен шағын несиені 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін, шағын несиелер беріледі. Шағын несиелердің ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК-ке (9,2 млн тең­ге) дейін, ал ауыл шаруашылы­ғы кооперативтерін дамытуға 8 мың АЕК (29,5 млн теңге) дейін несие береді. Басқарма басшысы биыл азық-түліктің бағасының өспегенін айтты. Облыстың тұрақтандыру қорына 5,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 87 мың тонна тауар сақтаулы, оның ішінде азық-түлік те бар, жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрайды.

«Азық-түлік тапшылығының алдын алу және бағаны тұрақты ұстап тұру үшін өңірде өндірілмейтін тауарлар үне­мі сатып алынады. Мысалға,  күріш, қант, қарақұмық. Қа­зіргі кезде қоймада 300 тонна күріш, 100 тонна қант бар.

Жамбыл облысындағы «Мерке қант зауыты» ЖШС-дан биылғы жылға 1800 тонна қант жеткізуге келісімшарт жасалды. Өкінішке қарай, көкөніс қоймалары жетіспегендіктен, өсірілген өнімнің жартысы басқа аймақтарға сатылады. Сонымен бірге «Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өткен жылы төрт тауарлы-сүт фермасы қаржыландырылса, биыл 2-3 көкөніс сақтайтын қойма салу жоспарланды. «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ өңірге инвесторлар тарту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді», - деп қорытты сөзін Ержан Нұржанұлы.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале