Дүйсенбі күні БҚО бойынша «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалының жиналысы өтті.
Аталмыш партияның сайлауалды бағдарламасын талқылаған жиынға партия мүшесі, қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Бәтима Төлебаева төрағалық етті.
– Партия ауылдағы өте өзекті мәселелерді көтеріп отыр. Ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігіне көп көңіл аударады. Бізді азықпен қамтамасыз ететін – ауыл. «Ас адамның арқауы» дегендей, өзіміздің ішіп-жейтін тамағымызға мән беріп, халықтың денсаулығына назар салуымыз керек. Мәселен, біздің партия құрамында ГМО бар азық-түлік өнімдерін өндіруге және сатуға тыйым салады. Табиғи өнімді өз жерімізде өндіріп, шеттен келетін тауардың құрамын тексеру қажет. Сондықтан елімізге әкелінетін өнімдер құрамын тексеретін зертхана құруымыз керек. Партия ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға сатуға әрі жалға беруге тыйым салуды көздейді, - деген Бәтима Төлебайқызы сайлауалды бағдарламаның бағыттарына тоқталды.
Ауыл халқының тұрмысын жақсартуды мақсат етіп отырған «ауылдықтар» шалғай елді мекендерді сапалы жолмен, орталықтандырылған су және газбен, интернетпен қамтуды мақсат етіп отыр. Ауылдардағы емдеу мекемелеріндегі кадр тапшылығын жою, медицина қызметін қолжетімді ету де назарға алыныпты. Балалы отбасыларға арналған тиімсіз, қысқа мерзімді төлемдердің орнына кепілдендірілген «Бала несібесі» жәрдемақысын енгізуді ұсынады. Әрі бұл төлемді бала туғаннан бастап, 18 жасқа дейін төлеу көзделген. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, тауарларды, жұмыс пен қызметтерді қабылдау кезінде қоғамдық бақылау енгізу, ауылшаруашылығы кәсіпкерлік субъектілерінің өніміне деген сұранысты ынталандыруды қолға алмақ.
– Мен ауылдарға жұмыс бабымен жиі шығамын. Тұрғындар тарапынан көбінесе фельдшерлік-акушерлік пункттердің жұмысына қатысты, жұмыссыздық, су, баспаналы болу, интернет мәселесі жиі көтеріледі. Ауылдағы инфрақұрылымды жақсарту керек. Қалаға оқуға келген балаларды жатақханамен қамту да күн тәртібінде тұр. Бүгінде ауылды қолдап, дамытатын кез келді. Өзім де аулылда тудым. Алтын бесік – ауылға көмектескім келеді, - деді аталмыш партия мүшесі, партияның облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Лариса Манасова.
Ауылдың жаңғыруы мен гүлденуі үшін сайлауға түскен «ауылдықтар» елдің жаңа даму моделін ұсынып отыр. Ауыл өмірі мен ондағы еңбек қатынастарын өзгерту арқылы елді ілгірі дамытпақ.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz