16.11.2023, 12:15
Оқылды: 54

Ауыл экономикасы – еліміздің күретамыры

19 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2015 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы мен «Патриоттар» партиясының қосылуы нәтижесінде құрылды. Партия төрағасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партияның фракция жетекшісі Серік Егізбаев.

жп дала (5)

ҚР Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауында 2023 жылы «Ауыл» партиясы өзінің іргелі саяси күш екендігін дәлелдеп, нық сенімді электоратының арқасында елімізде саяси партиялар арасында 2-орынға ие болды. Осыған орай сегіз партияласымыз Парламент Мәжі­лісі депутаттығына сайланған болса, партиядағы 226 адам түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары атанды.

Қазіргі күні партия өңірлік 20 филиалдан, 1200-ден астам бастауыш партия ұйымынан тұратын қуатты иерархиялық құрылым. Партия филиалдары еліміздің барлық облыстары мен респубикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бар.

ҚР Парламенті Мәжілісінде «Ауыл» партиясының фракциясы жұмыс істейді. «Ауыл» депутаттары ондағы барлық 7 комитеттің де мүшесі. Ал партия төрағасы Серік Рахметоллаұлы

Егізбаев – «Ауыл» партиясының фракция жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы.

«Ауыл» партиясының екі комиссиясы бар:

  1. Көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, ауылдық жерлердегі іскер әйелдерді демеу мақсатында құрылған «Мейірім құшағы» комиссиясы. Төрағасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының фракция мүшесі Қарақат Абден.
  2. Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия. Төрағасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының фракция мүшесі Таңсәуле Серіков.

«Мейірім құшағы» атты әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссия Астана қаласында 2023 жылы 3 қазанда «Ұлт рухының ұясы – Ауыл ана» атты «Ауыл» әйелдерінің I республикалық алқалы жиынын өткізді. Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия 2023 жылдың 2 қарашасында алғашқы отырысын ұйымдастырды.

Тағы бір атқарылған шаруа – Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Ауыл» партия арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Ауыл» партиясының орталық аппаратында 3 эксперттік орталық жұмыс істейді.

Олар – «Агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі орталық», «Экономикалық саясат және кәсіпкерлік жөніндегі орталық», «Әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орталық». Бұл орталықтардың негізгі міндеті – аталмыш салалар бойынша «Ауыл» партиясының саяси мақсаттарына қол жеткізу бағытында стратегиялық ісшараларды жүзеге асырып, сайлауалды бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне тікелей атсалысу.

Эксперттік орталықтардың жобаларына тоқталып кетсек:

  1. «Шартты базалық табысты енгізу»;
  2. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарындағы жайылым тапшылығын басқару жобасы;
  3. Бос тұрған ғимараттарды шаруашылық айналымға енгізу жобасы;
  4. «Суармалы жерлер – ауыл табысының негізі» жобасы;
  5. «Жаңадан ашылатын аудандарға еңбек ресурстарын бағыттау» жобасы;
  6. «Ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды онлайн оқыту» жобасы.

Сонымен қатар орталық мамандары осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен, салалық қоғам­дық бірлестіктердің өкілдерімен кездесулер өткізіп, мамандандырылған «Агробанк» құру мәселелері бойынша әлеуметтік желілерде бірнеше жарияланым ұсынды. Орталық тарапынан «Агробанк туралы» ҚР заңының жобасына ұсыныстар әзірленді. Аталмыш ұсыныстар негізінде  2023 жылдың 22 маусымында Парламент Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракция депутаттарының қатысуымен Парламентаризм институтының «Агробанк» және «Азықтүлік қауіпсіздігі» туралы заң жобаларының таныстырылымы өткізілді.

Партияның бірегей жобалары ретінде танымал болған дәстүрлі іс-шаралары – еңбек озаттары форумы, ауыл жастарының форумы, «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсы, «Ауыл нақыштары» республикалық фотобайқауы.

Еңбек озаттары форумы – «Ауыл» партиясының 2016 жылдан бері үзбей өткізіп келе жатқан дәстүрлі іс-шарасы. Ал ауыл жастарына қолдау көрсетіп, олардың дамуына ықпал етуді көздейтін ауыл жастарының дәстүрлі республикалық форумы биыл бесінші рет өткізілді.

«Ауыл» партиясының БҚО-дағы бөлімі еліміздегі филиалдардың алдыңғы қатарынан көрініп, аталған комиссиялар мен эксперттік орталықтардың жобаларын жергілікті деңгейде жүзеге асыруда. Орталық партия басшыларының бастамасын жүзеге асыруға өңірлік партияның бастауыш партия ұйымдары мен белсенді қатысушылары бір кісідей атсалысуда.

Жергілікті деңгейдегі партия жұмысын жандандыру мақсатында биыл облыста үш бағытта жиын өтті. Яғни ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партияның фракция жетекшісі, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың өңіріміздегі ауыл тұрғындарымен кездесуі, партия төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбековтың суармалы егіс­тік, су шаруашылығы жобала­рымен танысуы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пай­далану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевтың өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді қозғау мақсатында жұмыс сапарымен келуі партияның нақты бағыт-бағдары бар екенін айқындайды.

Партияның жергілікті деңгейдегі шағын ресурсына қарамастан, «Ауыл» ХДПП мүшелері ауыл шаруашылығы саласына өз үлесін қосуда. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы, «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университеті» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде партия бағдарламасын елді дамытушы нақты стратегия деп қабылдаймын. «Еліміздегі азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аграрлық секторының алдында тұрған басты міндеттердің бірі» деген ұстаным ме­нің өмірлік қағидам екенін атап өткім келеді.

Өңірімізде «Ауыл» партиясының 69 бастауыш ұйымы бар. Биыл болған Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының нәтижесінде жергілікті уәкілетті органға 22 депутатымыз мандатқа ие болды. Фракция мүшелерінен облыстық мәслихатта 2, қалалық мәслихатта 2 және аудандық мәслихатта 18 депутат бар. Соның ішінде аса маңызды атап өтетін жайт – елі­міздегі жергілікті мәслихаттар арасында тұңғыш рет депутатымыз Қамбар Қаменов Жаңақала аудандық мәслихатының төрағасы болып сайланды. Бұл – «Жаңа Қазақстан» бағытының аса маңызды бір көрінісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында агроөнер­кәсіп кешеніне көңіл бөліп, бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының орны бөлек екенін атап өткен болатын. Осыған орай партия мүшелері облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірлесіп, Президент Жолдауының ауқымында ауыл шаруашылығы бағытында нақты қадамдарды жүзеге асыру үшін маңызды мінберлерде нақты мәселелерді көтеруде.

Бұл ретте «Ауыл» ХДПП мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, аграрлық мәселелер және табиғат пайдалану мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасы Қуаныш Бірманов білек сыбанып жұмыстануда. Азық-түлік қауіпсіздігі,  сүт өнімдерін өңдеу, егістік жерлерді, шабындықтарды үнемді пайдалану, ет өңдеу кәсіпорындарын дамыту бағытында субсидия бөлу мәселесін талқылау комиссияның күнделікті міндетіне айналды. Облыстық мәслихат депутаты, қаржы, бюджет және аймақтарды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссияның мүшесі Сайран Ескендіров ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін, «Ауыл аманаты» бағдарламасының ел­ге қажет екенін тұрақты комиссия отырыстарында жиі ай­тады. Жергілікті халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөліп, Сырым ауданының ауылдық округтеріне арналған жол жобаларына қаражат бөлу үшін белсенділік танытып жүргенін атап өткен жөн.

Партиямыздың әр деңгейдегі мәслихат депутаттары заң жобаларын талқылап, елдегі көкейтесті мәселелерді (су тапшылығын реттеу, жайылым, шабындық жерлердің жетіспеуі, киіктің көбеюі) шешуге үн қосып келеді.

Сондай-ақ қазірде өңірлік партиямызда 3 тұрақты комиссия құрылды:

  1. Көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, ауылдық жерлердегі іскер әйелдерді демеу мақсатында құрылған «Мейірім құшағы» комиссиясы. Төрайымы Ләззат Шаденқызы Касимова – көпбалалы ана, әлеуметтік мәселелерді қозғап жүрген іскер жан.
  2. Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия. Төрағасы Жұмабек Қаһарұлы Жапбарқұлов – өңірлік «Ауыл» партиясының төраға орынбасары, әрі «Ел ырысы» ЖШС ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерін бөлшек сауда нысанының құрылтайшысы, партияның белсенді мүшесі.
  3. Аграрлық мәселелер және табиғат пайдалану мәселелері бойынша тұрақты комиссия. Төрағасы – Қуаныш Бірманов Нұрлыбекұлы, «Бірманов Қ. Н.» шаруа қожалығының басшысы, «Әлім», «Хаулет» ЖШС-ның құрылтайшысы.

«Ауыл» ХДПП – ауыл-аймаққа жанашыр партия. Ауыл өркендесе, ел өркендейді. Партия бағдарламасын жүзеге асыру – бәрімізге ортақ міндет. Бұл бағытта біраз жобалардың жүзеге асуына тікелей атсалыса бермекпіз.

Темірғали Ескендіров,

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық

партиясының БҚО өңірлік филиалының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале